Армысыздар, қадірлеуге лайықты "массагеттіктерім"!
Қазақтың беделді сценарисі әрі режиссері Ермек Тұрсыновтың 2015 жылы көрермен назарына ұсынылған "Жат" фильмі туралы бірі білсе, бірі білмес. Шын мәнісінде, ертеде ғұмыр кешкен жанның тағдырын негізге ала түсіріпті. Арнайы тапсырманы оқып алған соң, атын ғана естіген фильмді көрмек мақсатта екі сағатымды сарп етіп, бастап кеттім...
Мың да тоғыз жүз жиырмасыншы жылдағы ел басына түскен ауыр тауқыметтен бастау алған туындының алғашқы минуттарында тышқан аулап отырған әкелі-балалының әңгімесі көрсетіледі. Ары қарай оқиға НКВД қызыметкерлерінің түнде басты кейіпкеріміз Ілиястың әкесін алып кетіп, баланың жалғыз қалуымен өрбиді. Ауыл адамдары "Балаларға екі апталық азық етеміз" деп қорадағы биесін алып кетеді де, Ілиясты өздерімен бірге тұруға шақырады. Бірақ, жас бала өзге таңдау жасайды, енесінен айырылған құлынды алып, ауылдан тыс тауда, үңгірде өмір сүруді жөн көреді. Ауылдағы саяси тұтқын, еврей шал Ыбырай оған ауданнан мылтық алып береді. Міне, осы жерден Ілиястың тіршіліктен жат өмірі басталады.
Ер жетіп, тау үңгіріндегі өміріне үйренісіп қалған кезде, досы Ғани "екінші дүниежүзілік соғыс" басталғаны жөнінде хабар айта келеді. Ілияс "ә дегеннен" бас тартып, ауыл арасында "дезертир" аталады. Ол Ғанимен соғыстан бір аяғын жоғалтып келген сәтінде ғана жолығады, тек ләм-им деместен бұрылып кетеді. Ол енді халыққа ғана емес, жалғыз досына да жат еді...
Біраз уақыттан кейін Ілияс ауылға қарай түседі. Тұрғындармен Сталиннің өліміне қайғырып тұрған сәте жолыққанымен, кімді жоқтап жатқанына мән бере қоймайды, дұрысы - тани алмайды. Жанашыр азаматтарынан айырылған ауыл халқы оны жылы қарсы ала қоймады..."сатқынсың" деп соққыға жықты, бір көзден айырды. Ауыр соққылардан үлкен жарақаттар алса да, табиғатта жетілген кейіпкер тірі қалады. Ғанидың кеңесі бойынша қайтадан қоғамға араласып, ауыл малын бағуды жөн көреді.
Бірақ... Өмірін қиындық құрсауында өткізген Ілиястың денсаулғы сыр береді де, тауға аттанады. Сірә, бар өмірін өткізген жерде өлімді де қарсы алғысы келген болар. Бір күні Ілиястың аты ерттеулі күйінде ауылға бос келеді. Бір жамандықты сезген ауыл жігіттері таудағы үңгірге аттанады. Үңгірдің кіре берісінде үйілген тастарды аршып, ішке кірген жігіттер Ілиястың жансыз денесін ғана көреді.
Фильм еврей шал Ыбырайдың қарлы беткеймен келе жатып «Еркіндік үшін өмірмен қоштасу тым үлкен құн емес пе?!» деген сөзімен аяқталады.
Жалпы фильмде бір жанның тағдыры ұжымдастырудың әсерінен халықтың аштыққа ұшырауы, сталиндік репрессия, Қазақстанға саяси тұтқындардың жер аударылып келуі, соғыс, Поволжьеде тұратын немістер депортациясы, Иосиф Сталиннің қазасы сияқты тарихи оқиғалармен астастыра көрсетілген. Фильмді тамашалап отырып, Ермек Тұрсыновтың қолтаңбасын айқын байқауға болады. Өзіндік таңбасы бар режиссёр бұл жолы да ерекше сюжет, ауыл көрінісін бейнелеуімен таңдай қақтырды. Тек грим тым көп, мұны әр кейіпкерді жақыннан көрсеткен сайын байқауға болады.
Басты кейіпкерлер ше? Актёрлар жарап-ақ тұр. Басты рөлді Ержан Нұрымбет, Қуандық Қыстықбаев және қырғыз актрисасы Элина Абайқызы жақсы алып шығыпты.
Айталық, бұл фильм еліміздің атынан "Оскарға" ұсынылған болатын, ал халыққа ше?
Иә, сондай бір әдет(Үлкен жобаға арнап түсірілген фильм ешкімге көрсетілмеуі тиіс.) Бұл фильмді көрмек түгілі, көбісі барын да білмей жатады.
Эх...мағыналы туынды.
Ал халыққа жат боп тұр.