АЛЫСҚА ҰШҚЫМ КЕЛЕДІ
Құр сөзбен қалып қаңсымай,
Ой айтқым келді келелі.
Жақынды ғана қамтымай,
Алысқа ұшқым келеді.
Тереңнен тартып көнені,
Байыппен жазсам жыр аңдай.
Алысқа ұшқым келеді,
Қияндарға асып қырандай.
Қажеті болмай көлем тек,
Шабытты шалқар жия алсам.
Тау-тасты, шөлді өлеңдеп,
Мұхитқа жетсем не арман.
Басталған жырым ауданда,
Қай ойдан қайран кем едің?
Даладан асып, таудан да,
Алысқа ұшсам деп едім.
Адамға дәйім сынақ бақ,
Жалқаулық деген көпке жау.
Алысқа ұшып жырақтап,
Барымды шашып кетсем-ау.
Бола алсам адам ардақтар,
Жырқұмар деген пішінмен.
Көтерем, халқым, салмақ сал,
Қызметшілігің үшін мен.
25.01.2015.
АЯҚ ТУРАЛЫ ЖЫР
Жазсақ та оңбай жейтін таяқ жайын,
Мақтадық ара-арада саят жайын.
Қадірін білдік пе екен ақын болып,
Өлеңге қоспай жүріп аяқ жайын?
Хал-жайын қос аяқтың сұра да тұр,
Болғанда құмарпаздық сыраға құл.
Басталған әр нәрсетің аяғы бар,
Осыны ұмытпаған сірә мақұл.
Демеймін көз болмаса көре аларсың,
Аяқсыз қай бір көшке ере аларсың?
Пырағың деген сөз бар қос аяғың,
Аяқсыз қайда барып келе аларсың.
Аяқты жүргендер бар арман етіп,
Аязы сол арманның арқаға өтіп.
Соғыста талай әке жауға берген,
Аяқты елі үшін қорған етіп.
Тасбақа емес жанын қорғамайтын,
Аяқпен жай жүретін ол да бай тым.
Аяқты айыптайтын жылан ғана,
Өрмелеп бауырымен жорғалайтын.
Аяқты құр бекерге талдырмағын,
Келсе де барма аяқпен малды ұрлағың.
Басталған өміріңнің аяғы бар,
Бастысы осыны ұмыт қалдырмағын.
26.01.2015
АҚЫН ДЕГЕН
Төзімің өмір болмас таусылса тек,
Өлеңнен ұғынады бәрін халық.
Ақын деген жараның аузында боп,
Сыздайтын елі үшін жанын салып.
Бұл ақын көзге түспес аз-ақ халық,
Тектен тек келісімге қол қоймаған.
Ұшақпен ұшпаса да масаттанып,
Көңілі көкте жүрер елді ойлаған.
Санасынан самсаған саңлақ жыр,
Ел намысын әр уақыт ұран қылар.
Ақын деген нәзік жан әрі қатқыл,
Найзасына мұз қатып, тұман тұрар.
Дарын жалқау санаға қона ала ма,
Бар базарды жасырмай жаңғырт жетік.
Ақын болсаң – арқалан, ел арала,
Жатып жазу оған жат мәңгүрттеніп.
Ештеңе жоқ өлеңге арқау болмас,
Гүл атады өлең-жыр онда баулар.
Ақындықтың ауылы марғау болмас,
Қауырт істің ошағы онда лаулар.
Дарын деген пұл емес, шенге қонбас,
Өлең өлсе – мен өлем, осы қайғы.
Өлең қуған өнерден кенде болмас,
Ән менен жыр егіздеп қозылайды.
27.01.2015
АЛЛАҒА ШҮКІР!
Аллаға шүкір, амандық маған бұйырған,
Санама таза тағылым нәрі құйылған.
Алланың өзі қолдаса, қарсы кім шығар,
Қанаттанамын, жаратушы ием, сыйыңнан.
Аллаға шүкір, көппенен келем қажымай,
Көңілім көктем, күлімдеп күнім, ашық ай.
Жаратушының қалауыменен қалықтап,
Келемін тағы масайрасамда тасымай.
Аллаға шүкір, саулығым жақсы, мығыммын,
Тәңірден қолдау болғанын тағы ұғындым.
Пейілім таза, мейірім құшсам не арман,
Жаратқан үшін сәждеге тағы жығылдым.
Алладан қуат, пірлерден медет болғанда,
Алланың құлы арманға барар жалғанда.
Мен бармын осы тобырда тағы талпынған,
Қанағат етіп несібе-сауға алғанға.
Аллаға шүкір, Алла деп жүрмін жер басып,
Кеткені де жоқ көзімді көрмес шел басып.
Қанағат қарын тойдырды, барға ырзамын,
Келемін жұртпен құл болып аяқ тең басып.
28.01.2015
ҚЫЗЫЛҚҰМ ШАҒЫЛДАРЫ
Сені аңсап өткен қадымнан бабам қай заман,
Түйесі ойнап, шаңдаққа аунап шөгетін.
Түсімде көрем ақ құмды самал айдаған,
Уілдеп бұта дала әнін үзбей төгетін.
Сексеуілдердей биіктей өсіп сынбас ем,
Құрым киіздей түтінге жылдап ысталған.
Қуалап жүйрік айқұлақтарды тынбас ем,
Ақ шағылдарда табаным тиіп, із қалған.
Жаман ойларды көңілден күнде қашырып,
Жалғасып жатар таусылмас тағы лағыл күн.
Түйенің ізі, құмалақтары шашылып,
Өрнегі мені жалықтырмайтын шығылдың.
Келгенде келе жүгірдім оған әке деп,
Су аңсап жетер шөліркеп иті қыңсыған.
Құм жалдар мені есейтті тынбай мәпелеп,
Сексеуіл, жүзген, қоянсүйегі сыңсыған.
Алаптың ғажап көз тоймайтұғын шырқы бай,
Түйелер келер су іздеп күнде шұбырған.
Құмдарға аунап бір қайтсам енді шіркін-ай,
Балалығымды көрер ем сонда тығылған.
Бердім бе білмен қысылғаныңда қол ұшын,
Өзіңді Алла-жаратқаныма тапсырдым.
Өзіңдей өлке табылмас білем, сол үшін
Бас идім саған, қызылқұм, асыл бақ жұртым!
28.01.2015
ГҮЛЗИРА
Мен не бердім? Қалай сені еледім?
Ал сен болсаң болдың менің елесім.
Қиянда едің, еңлікгүлдей қолжетпей,
Ақ арман боп қалып кетіп гүл-есім.
Сен жаз едің, мен болғанда суық күз,
Дей алмадым түсінікке жуықпыз.
Махаббатты қастерлей де алмадық,
Ең бастысы – бір болмауға туыппыз.
Гүл едің сен, мен болғанда қараған,
Өзін-өзі мақтамасын әр адам.
Мен сүмелек жете алмаған бағаңа,
Жаратылған бар болмысы шаладан.
Аспан едің Айы менен Күні бар,
Ал мен болсам қара Жермін тынығар.
Мәңгібақи ғашық болып өзіңе,
Айта алмаған бетіңе кеп мұңы бар.
Біз есейдік, ес білдік те толыстық,
Сыйластықта бар маңыз да, сол ыстық.
Арман болып қалып кеттің жүректе,
Жастық шақты бітіспейтін соғыс қып.
29.01.2015
АРТЫМ СОҚПАҚ, АЛДЫМ ЖӨН
Алға бастап сағым күннің елесі,
Бабалардың сайрап жатыр көне ізі.
Сенсіз тағы қанша жүрем сүрлеумен,
Қайда барам, кім күтіп тұр мені осы?
Бұлдыр күндер бунақталған жоғалсын,
Бір бөлшегі өзім болсам қоғамның.
Адасудан Аллам сақтап, демегей,
Арманыма мәңгібақи жол алдым.
Жерге түссе жеңіл етем салмағым,
Әлі де көп алғанымнан алмағым.
Тағы шықтым жолға бүгін қамданып,
Сапарымның жалғай беріп қалғанын.
Елес-күндер ерісердей кеп қалып,
Арманымды алыстарға кетті алып.
Артым соқпақ, алдым болса тағы жол,
Тартып келем сынған айды бетке алып.
Көкпаршыдай қайысталған тақымы,
Елдің қиын бола алу ақыны.
Дорбам толы өлең-жырдың батпаны,
Соны арқалап тауға шықтым ақыры.
Дегенім жоқ жырдан медаль тағамын,
Жер ортасы жастан асқан ағамын.
Мен келгенде, сен де қарап отырмай,
Өлеңімнің салмақтап көр бағамын.
Жолдың шаңы жатса шаңқып, бұрқырай,
Демесе жұрт: осал ақын сұрқын-ай.
Қайда барып тұйықталар сапарым,
Жолдар-жолдар, таусылмасаң шіркін-ай!
30.01.2015
НЕСИЕЛІ ӨМІР
Арман-атқа үзеңгі сап мінген ер,
Пұлға келсе көз көрмейтін соқырсың.
Несиесіз қазақ қалай күн көрер,
Мен де бүгін соны төлеп отырмын
Несиемен келін келіп, үй де өсті,
Ақшаменен дейді өмір ұшпағы.
Несиесіз әкелерім күй кешті,
Біздер оның бола алмадық пұшпағы.
Мақтанамыз бай болдық деп бөсе кеп,
Кессе банк ақ тәніңнің етінен.
Бұл несие әке әрі шеше боп,
Қарыз етті бәрімізді шетінен.
Өміріңнің борыштар боп қалғаны,
Үстемесіз сірә қарыз төлетпей.
Несиесіз қазақ өзі қалмады,
Мойынында шылбыры бар төбеттей.
Кедей елден қалай бөлектенеді,
Болғанымен жұртқа ақын бар атым.
Қарызымды кім кеп төлеп береді,
Жалақым да жетпей жатса алатын?
Дайындалған жақсы алдын құлардан,
Көз ұялшақ болғанымен, қол арсыз.
Мойында бар шірімейтін қыл арқан,
Несиеден қашан ада болармыз?!
30.01.2015
АҚПАН КЕЛДІ
Шықса да қар аяздың ығырынан,
Құтылмай бұрқасынның шыбығынан.
Кеп жетті ақпан тағы былтыр кеткен,
Қаңтарды қуып шығып тұғырынан.
Келгендей нағашыға жиен де еріп,
Амалысыз қыстың кейпін сүйем дедік.
Кеп жетті ақпан тағы ақ шапанды,
Тізгінін қыс-құртаңның иемденіп.
Кім тұрар ортаға кеп арағайын,
Толтырса омбы қарға сала, сайын.
Кеп жетті ақпан тағы айқайшыдай,
Қамсыздың сан соқтырып шалағайын.
Арманын қол жетпейтін биікте етіп,
Түйткілін жалқаулардың үйіп-төгіп.
Ақ көбік шашқан бура-ақпан алып,
Қуырды бар танапты жиып-теріп.
Барғанмен тәулік сайын күн ұрланып,
Жүз жылын ойлар алдан бүгін халық.
Ақпанда ақ арманға жету ғажап,
Қысында қатуланған шымырланып.
2.02.2015
МЕН ЖЕҢДІМ
Жолда қалмас ақымақтан ақ деген,
«Аққа құдай қай кезде де жақ» деген.
Алла оңдап жолым болып сәтімен,
Жүлде алдым тағы да бір баппенен.
Жолым болса қуанбасам не дейін,
Демесем де жұрттан озып келейін.
Басқаларды артқа тастап осы жол,
Жүлде алдым үстем болып мерейім.
Болғанымен мінезім жоқ ұрдажық,
Өлең десе бір орында тұрмадық.
Жазушыға шығармасы төл бала,
Ақын үшін жүлде алу бір бақыт.
Ашатұғын кезегінде жақшаны,
Гүл-жыр еттім тыңдаушыда бақшаны.
Астанадан үстем болып бақытым,
Олжа алдым азды-көпті ақшалы.
Алла ашты өзім емес бағымды,
Жұрттан бөлек маған алқа тағылды.
«Күлше құшқан бала жақсы сүймекке»,
Олжаменен келген қандай жағымды.
Болмағанда шабытыңда от-құйын,
Қомпаймайды қайда барсаң қобдиың.
Журналиске әр күн сайын жазу бар,
Шығармасыз қаламгерің көк тиын.
Еңбегімнің қайтарымын өтеген,
Келдім шауып мәре-баққа жеке мен.
Жүлде алып ағаң да тұр марқайып,
Басқаларға қырын қарап шекемен.
Мәре жолын тобырсызда таппас ем,
Болмаса жұрт мәз-мейрам боп жатпас ем.
Менің жүлдем, басқаның да жүлдесі,
Олар жоқта мен де жалғыз шаппас ем.
3.02.2015
БАЛАЛЫҒЫМ, ҰЗАМА!
Балалық, маған артқа қал демеші,
Өзіңмен баққа жеттім әлденеше.
Келгенде елу екі жастан асып,
Кім мені бала емес шал дер осы?
Баламын, кенже тағы үйелменде,
Мен де өрдім өрісіне түйе өргенде.
Шағылға өрнек салып, бау тоқыдым,
Күн батып, шым қарайып түнергенше.
Бала едім балшыққұмар құдығында,
Жеке ойнап малды ауылдың қызығында.
Есекке қосла сап ақырушы ем,
Із тастап табан күйер қызылқұмға.
Көктемде құлпыратын шалғын-белес,
Сағымы шілдесінде қалқып елес.
Балалық, сонан бері маған доссың,
Өзіңнен бір елі де қалғым келмес.
Аруы жастығымның гөзәл, тым ақ,
Сол екен біле білсек ғажап мұмақ.
Адамның арманына қанат байлар,
Балалық бақытты шақ, базарлы шақ.
5.02.2015
АЛҒА БАРАМ
Кім жығады бой түзеген теректі,
Қолдан келсе баржақсыны қолдап өт.
Бар ынтаммен жүру маған керек-ті,
Алға барам, артқа енді жол да жоқ.
Кім дер осы заманымды жұт еді,
Жайдақ мінем атқа асықсам ер салмай.
Алға бассам, арман мені күтеді,
Тоқырауға уақыт жоқ, жер шалғай.
Мені қайрап кезі келсе әр сын, бақ,
Кездерімде ақылыма жүгінген.
Алға барам, аттап өтем аршындап,
Несібемді алу үшін бүгіннен.
Сақшыдайын жасымнан-ақ сақ едім,
Түскенім жоқ елім десем арықтай.
Кейін қалу бір мен үшін тағы өлім,
Өлмеу үшін жылжып келем тарықпай.
Бұл әлемге өлең болып сиям ба,
Өз әлемім өлең болып жатқандай.
Алдағы күн, мені әкет қиянға,
Сонда қалсын бар байлығым батпандай.
Қалмау үшін жағалауда құрық ұр,
Барыңды сал, жаныңды да жалда тек.
Еріншектік маған жат-ты құрығыр,
Қауышайық сол жақтарда алда боп.
9.02.2015
Полатбек ЖАНБАЕВ