Жасыл рюкзак
жеке
блог
блог
- Осы бір "Оңайлары" бәле болды. Бассаң басылмайды. Ақшамды жеп жатыр. Бұрынғы қолма- қол төлей салатын ақшасы дұрыс еді. Ойларына келгенді шығарады...
- Қайта жақсы емес пе?! Қанша ақша мемлекет қазынасына түсті дейді. 5 күнде 140 миллион теңге жинапты. Бұрын талан- таражға салынушы еді. "Қараңғы дәуірде" өмір сүрмейміз ғой, дүние жүзінде қолданатын жүйе.
- Не сонша дүние жүзін шарлап пе едіңіз?! Сізге қатысты айтылған жоқ қой. Тыныш отыра берсеңіз қайтеді?! Отырып алып, білгішсінетін адамды су қаным сүймейді...
Бұл екі әйелдің сөз таластырғанына басқалар да қосылып, автобустың іші у-шу болып кетті. Артқы орындардың бірінде отырған мен үшін- "Дайрабайдың көк сиырына" айналған карта үшін ренжісу, күлкілі жайт. Терезеге қадалып, көше бойын жүйткіген түр-түрлі көліктерді қызықтап отырмын. Кенеттен ойымды бір апаның сөзі бұзды.
- Әй, бала! Дәу сөмкелеріңді неге қолдарыңа алмайсыңдар? Өзі әрең отырса, сөмкелерін тыққыштап...
Адам лық толған көлік ішінде арқасына асқан сөмкесін ыңғайсыздана қыса ұстаған жас жігітті көргенде, сен есіме түстің.
Біздің таныстығымыз қызық болды. Шамамен бір- екі жыл бұрын суреттеріңді досым көрсеткен. Саяхат пен белсенді демалысты жақсы көретін жанымның, қазақтың қара домалақ баласы клуб аралап емес, тау-тасты аралап, табиғат аясында аппақ тістерін көрсетіп түскен суреттеріне тамсанбауына болмас еді.. Отанында емес, сонау Ирландияда екі қазақтың танысып, араласатынын кім білген...
Кейін бұл жайт ұмытылып, өмір өз кезегімен өтіп жатты. Бірде ғылыми конференцияға қатысу үшін Дублинге жол тартуға тура келді. Жақын құрбымның тойы болатын уақыттағы бұл шараны іштей қаламап та едім. Уәде етіліп, университет атынан қатысатындықтан, шегінерге жол болмады.
Ұзақтығы үш күнге созылатын конференцияның соңғы күні шетелден келуші қонақтарға ұйымдастырылған экскурсия еді.
Солтүстік Еуропадағы шағын бұл мемлекеттің аты әйгілі көрікті жерлерінің бірі- Мохер жартастары. Ұзындығы сегіз метр, биіктігі екі жүз метрге дейін жететін құздан төмен қарасаңыз, Атлант мұхитын көре аласыз.
Мұхиттан соққан салқын жел денемді тоңазытып, "Уф, не деген суық еді мына жер" деп төмен қарап тұрғанда, даусымның қаттырақ шыққанын байқамаппын.
- Құлап кетуден қорықпайсыз ба? Бұл жер туралы ертеден келе жатқан неше түрлі аңыз бар. .
Жат жерде жүргенде, ана тіліңді қадірлеп, сағына бастайсың. Қазақ тілін естігенде, ішімде жылу пайда болып, артыма жалт қарадым.
Ең бірінші көзіме түскені- жасыл рюкзак еді. Дәулігі сондай, бойы екі метрге жуық жігіттің басынан асып тұрды.
- Менің есімім Е. Қазақтарды бұл жерде кездестіремін деп ойламаппын. Қызық, иә?-деді танысым.
"Әншейінде ауыз жаппас, айт дегенде сөз таппас" демекші, мелшиіп мен тұрмын. Өзіме не болғанында түсінбеймін.
- Қорқытып алдым- ау, ренжімеңіз,- деді тісін ақсита күліп Е.
- Жоқ, ештеңе етпес. Мен де біздікілерді кездестіретінім, үш ұйықтасам, түсіме кірмепті.- дедім. - Есімім Ж. Танысқаныма қуаныштымын. Сонымен, аңыз туралы бастап едіңіз...
- Баяғы заманда осы өлкені балықшылар көп мекен етіпті. Солардың бірі су перісін жолықтырып, ғашық болған. Су перісінің мұхитқа қайта оралатын сиқырлы жамылғысы бар екен. Оны көрген балықшы, бір күні ұрлап әкетіп, тығып қояды. Амалы құрыған пері, балықшыға тұрмысқа шығыпты...
- Сосын бақыттан басы айналған екеуі үбірлі-шүбірлі болып, бір күні қайтыс болыпты.- дедім мен күлкіден жарыла жаздап.- Диснейдің ертегісін айтып тұрған секілдісіз. Түк қызық емес.
Жаңа танысым жымия күлді.
-Жоқ, олай емес. Балалары мен күйеуі балық аулауға кеткенде, үйді жинап жүріп пері өзінің жамылғысын тауып алған екен. Сол күннен бастап періні ешкім көрмепті. Ақсақалдар мұхитқа қайта оралған перінің ұрпақтары әлі күнге дейін осы маңайда тұрады деседі.
Саяхатымның соңғы күні жаңа танысымның осы ел туралы білген-көргендерін тыңдаумен өтті. Түрі таныс көрінгенмен, қайда көргенім есімде жоқ еді.
Бір-екі айдан соң Қазақстанға оралатынын айтып, кездесуге уәделестік.
Есіңде ме, алғаш кездесуіміз? Күннің ыстығына қарамай шыттай киініп келгенің? Сәнденуге уақытым да, көңіл-күйім де болмаған мен қарапайым киіне салып едім. Ыңғайсыздандың, білем. Іскерлік кездесуден келе жатырмын деп ақтала жөнелдің.
Мойындамасам да, қараңғы аспандағы жұлдыздарды санап, табиғат аясында өткізген күндерімізді қатты сағындым. Сол сағынышымды көршілес тұрған жігіттің мына бір жасыл сөмкесі өткірлей түскен секілді.
Wir sind Nomaden (Біз- көшпендіміз) деп бар білетін немісшеңді айтып, маңдайымнан иіскеп, қоштасқаның кеше секілді еді. Екі ай қалай зымырап өтіп кеткенін де байқамаппын. Бұл жолғы саяхатыңа бірге бара алмағанымыз өкінішті. Бірақ, Жақан шах сынды Тәж Махал болмаса да, макетін жасап беремін деген уәдеңді ұмытпа :)
- Құрметті жолаушылар! Жол ақысын терминал арқылы төлеуді ұмытпаңыздар! Тексеріс болады,- деген жүргізушінің сөзі ойымды бөлді. Аялдамама жақындап қалып едік.