Жастықтың оты жалындап...

      Ол бүгін де алдында жатқан ақ қағазға сағынышын қалай жеткізерін білмей отыр. Әдетте арнасынан аса, ентелей аққан ақ бұлақтай төгіліп сала беретін сезімге толы сиқырлы сөздер бүгін сылбыр ғана, сырғанай ағады. Терезеге қарап көп отырды. Жан- дүниесін бір беймәлім күй билеп жүр. Ол туған жеріне, отбасына, сол бір қоңыр кеште  «сізді ұнатамын» деп қымсына ақтарылған аруға деген сағыныштың сызы еді. Сол беймаза шақта жанына жалау ететіні сол бейтаныс арудан келген бір жапырақ қағаз, бір бүктеме хат.

     Сол терезеден көзін алмаған күйі отыра берер ме еді, бір ойдан бір ой туып осы казармаға алып келмесе. Сымға тартқандай алты қатарға орналасқан төсектердің ешбірінде мін жоқ. Барлығы «Қыздың жиған жүгіндей» тап- таза, жинақы. Бір- бірінен аумайтын ақ жастық пен көк жамылғылар көз сүріндіреді. Кезекшілердің жұмысына тәнті болып, қайта оралғанда казармаға поштадан хаттар легі де келіп үлгеріпті. Жалма- жан барлық хаттардың ішінен өзіне таныс, бір жіпке тізген маржандай әдемі де келісті жазуды бірден таныды. Жүрегі өрекпи соғып, бірден хатты ашып жіберіп, оқи бастады. Жүзіне еріксіз қуаныш үйірілді. Хат былай басталған еді:

      «Сәлем бердік! Есенсіз бе? Жиі- жиі жазылған хаттарыммен мазаңызды алып жүрген жоқпын ба? Жиілетіп кетсем, кешірерсіз. Бірақ сізді уайымдап жүрмін .Тезірек оралыңызшы ауылыңызға. Сізді қатты сағындым!

     Сіз сағына қоймаған шығарсыз. Сіз бірақ сағынсаңыз да сағыныштың сары шекпенін сыртыңызға көрсетпейсіз ғой.

     Сіздің осындай мықтылығыңызға, сезімді ақылыңызға билете алатыныңызға ризамын. Дегенмен бар сезім өзінің бар екендігінен хабар бермей тұрмайды екен. Менің хаттарыма жауап жазып, суретіңізді салып жібергеніңіздің өзі жаныма жалау менің.

     Сол жолы жазған жауап- хатыңыздағы суретіңіз көз алдымнан кетпейді. Күнімен кеудеме қысып жүріп, ұйықтарда жастығыма айналдырғанмын суретіңізді.

     Бірталай өзгеріпсіз: бойыңыз, денеңіз, көзқарасыңыз, соған қарағанда саф алтындай салмақты мінезіңіз одан әрмен салмақтылана түскендей.

     Айтпақшы, сізді ауыл қариялары мақтап жүр: «Мұратбектің ұлы өз еркімен әскер алдындаға борышын өтеуге кетті- ей. Өзі алдына мақсат қоя білетін бала, сол мақсат жолында аямай тер төге біледі. Әйтпесе, оқуын қызыл дипломға бітіріп, жұмыс табылып тұрса да, қай қазақтың баласы әскерге өз еркімен сұранады дейсің? Әй, азамат!» деп мәз...»

     Сол сәт Ол тәтті қиял мен сезімге толы сағыныш хатын жазған аруға деген белгісіз бір сезіммен, беймәлім ынтықтықпен тұрғанда, сырттан:

-         Қатардағы жауынгер, сізді комбат шақырады!- деген жігіт даусы саңқ етті. Әскери тәртіпке үйреніп қалған ол бірден рота командирінің алдына барды. Азды- көпті тұрғаннан кейін командир: «Сарқытов, саған қуанышты жаңалығымыз бар. Сізді полк командирі сенбінің кешінде көрсеткен ширақтығыңыз бен әскери қызметіңізге адалдығыңыз үшін, туған ауылыңызға екі аптаға барып, тынығып қайтуға рұқсат етті.

-         Рахмет, жолдас командир, рахмет!- деп тұрғанында рота басшысы:

-         Алғысты маған емес, өзіңе және қатарлас сарбаздарыңа айт. Сендердің өткен сенбідегі жаттығу кезінде көрсеткен жеңістеріңді біз жоғары бағаладық. Оның үстіне сенің басқаруыңдағы ротаның көрсеткен ерлігі де бар. Сөзсіз, сендер мықтысыңдар! Бірақ, мен саған бір кемшілігіңді айтайын: сен қарамағыңдағы сарбаздарға қатаң талап қоя білмейсің. Барлығын адамгершілікке, мейірбандылыққа салып, кейде өзің істеп кете бересің. Одан да қаталырақ сөйлеп, барлығың бір іске бірауыздан жұмыла кірісіңдер. Бірақ сен бұған дейін қаталдық көрсетпесең де сенің адамгершілігіңді, барлығына түсіністікпен қарайтыныңды сарбаздардың жоғары бағалап, сыйлайтыны өткен сенбілік жаттығуда көрініп тұрды.

     Өткен сенбідегі жаттығу шынымен де оңайға түспеді. Бірталай қашықтықты барлау, қыстың ызғарлы кешінде қар үстінде жүрелей жатып, сонау алыстағы жүргіншіні бақылау бұл- әскер қатарын, әскери өмірді көрмегендерге түсініксіз жайт.

     Бұл рота сол жаттығулар барысында Қазақстан Республикасының барлық қарулы күштері аяғынан тік тұрып іздеп жүрген Қытай Халық Республикасынан рұқсатсыз қашып шыққан екеуді қолға түсірген болатын. Сол кезде де Сарқытовтың тапқырлығы, алдын- ала тез ойлап, ротаны әрбір іске тез жұмылдыра білетіні көрінді. Ол жаңа қырынан ашылды.

     Сонымен бірге өзге роталармен ашық алаңқайда өтетін әскери жаттығулар кезінде де Оның ротасы қарсыластарына дес бермей, жеңісті қанжығаларына байлаған еді.

      Осылайша, әскери өмірін қызықты да шыжықты, жақсы да жаман да тұстарынан жүрегіне жазып алған сарбаз бүгінде Семей қаласындағы  әскери бөлімшеде қызмет атқаруда.

     Жігерлі жасқа: «Қанатың қатайсын! Кішілерге үлгі болып, еліңе елеуді болып жүре бер!» демекпіз.

 



Бөлісу: