Жастарға үндеу!

Көктемнің жайма шуақты күндерінің бірі еді. Екінші айының 15 жұлдызы болатын. Таң ата салысымен, үйдің шаруаларын бітіріп болғаннан кейін, керек заттарымды алуға базарға қарай ақырын аяңдадым. Бұл жолғы тізімім де өте көп емес еді, тек бар ойымда кешке отбасыма дәмді тағам әзірлеп, анамды қуанту болатын.

    Базардың жемістер сататын бөлігінде  кенеттен құрбыларымды жолықтырып қалдым. Екі құрбым, екеуінің аты да Әсел. Тектері ғана бөлек болғанымен, істеген қимылдары, сөйлеген сөздері, тіпті ойлаған ойлары да тура келетін. Мен оларға кейде таң қалатынмын, екеуі бірдей дүниелерді ойлап, бірдей қимылға көшетіндері қызық! Базардан заттарымызды алып болғаннан кейін, таза көшелермен ақырын ғана әңгімемізді айтып, үйге қарай жол тартып келеміз. Біздің айтатын әңгімеміз сол баяғы "мода" жайлы болмақ.Көшеден өткен қыздарға "ооо киімі қандай әә!" деп қызығатын кездеріміз де болады. Кенет біз күтпеген жағдайға кезіктік .

    "Қазақ қызы" десе өзімізге тиеді. Көпке топырақ шашудың керегі жоқ әрине. "Бірақ" деген мәселе жүрегіңді қынжылтатыны қиын болып тұр. Көшеде белдемшесі санының үстінен келетін, үстіне кигені  тар болғанымен қоймай, жыртық-жыртық, онысымен қоймай әлем-жәлем болып боянып алған қазақ қызы темекісінің түтінін будақтатып жанымыздан өте барды. Бетке ұстар бір-ақ жері бар екен, ұзын шашы ғана біздің ол жайлы тіпті жаман ойлауымыздан құтқарды.

 Менде де құрбыларымдада үн жоқ. Бұл тыныштық бірнеше минуттарға созылды. Жүрегіміз ауырып, кеудемізге бір түйін келіп тығылып қалды. Енді не дейік? Өзіне жарасып тұр дейік пе? Әдемі киініп алыпты дейік пе? Жоқ әлде біз де осылай киінейік дейік пе? Бір нәрсе деп айту қиынға соғып қалды. Көңіл-күйдің түскенінен бұрын жүректің ауырғаны үдей түсті.Осы уақытта ойыма мына нәрсе түсе берді. "Біз- бүгінгінің ұрпағы....." Біз қазір не істеп жүрміз? Бұрынғының қыздары қайда екен? Тәрбиеміз не болып барады?Бұрынғының қыздарына келейікші, ашық-шашық киінбеген, ерін, азаматын сыйлай білген, ата-анасына қарсы шықпақ түгілі әр басқан қадамына "бата" алған, үлкеннің сөзін бөлмек түгілі, жолын кесіп өтпеген. Ал, қазір біз ше? Осылардың біреуін жасап жүрміз бе?

   Біз бүгінгінің ұрпағы- бұрынғының аналарының, батыр қыздарының қандай болғандығын білеміз. Біз бүгінгінің ұрпағы-бұрынғының азаматтарының қандай ер жүрек , батыр екендігін білеміз. Біз бүгінгінің ұрпағы-бұрынғының халқының қандай патриоттық тәрбиесінің жоғары болғандығын білеміз. Біз бүгінгінің ұрпағы-бұрынғының адамгершілігінің, ақыл-ойының қандай екендігін білеміз.Біз бүгінгінің ұрпағы-бұрынғының  әндері мен өлең жырларының қандай мән-мағына бергендігін білеміз. Біз бүгінгінің ұрпағы сол мына біздер-келешек ұрпақ жайлы бір нәрсе ойладық па? Ойлаған күннің өзінде бір әрекет жасадық па? Тек байлық жинаумен шектеліп жүрміз әрине.

  Ертең ұрпақтарымыз дүние есігін ашады. Сонда олар да бізден:

"Әже жас кезіңдегі суретіңді көрейінші десе, санымыз жылтыраған суретімізді көрсетеміз бе? Әже сенің ұнататын әнің қандай болды десе, "Аһһһһ,Яһһһ, Маааһһ" дейміз бе? Әже сендегі патриоттық сезім қандай болды десе, "саясатты жамандағанды" айтамыз ба? Әже адамгершілік деген не десе, біз өзіміз соған лайық болмай тұрып, немеремізге адамгершілікті түсіндіреміз бе? Біз ертең ұрпақ сұраса не айтамыз? Оларға есінде мәңгі қалатындай не бере аламыз? "

  Біз үшін ата-бабамыз қанды майданға аттанып, елі үшін, жері үшін, қаншама қан ақты, жас төгілді, қаншама қандастарымыз қанды маданда қаза болды. Олар біз үшін осындай әрекетке барды. Ал, біз ше?Сол майдандағы қанмен, анамыздың жасымен келген жерді ластап, түкіріп, темекінің күлімен көміп қоямыз. Бізге қанды майданға бар деп жатқан жоқ бірақ, ең қарапайым нәрселерді де жасамаймыз.

Біз -кейінгі ұрпаққа бір нәрсе қалдыру үшін, алдымен өзімізден бастағанымыз жөн. Өзіңіз түзеліп, өзгені түзеңіз.Сіз отбасыныңға түрткі болып,құрбыларыңызға түрткі болсаңыз, олар да өз отбасына, достарына түрткі болар еді. Осылай біз бәріміз бірігіп, "қазақ"деген атты сақтай аламыз. Сақтауымыз керек, себебі ол-сіз бен біздің парызымыз, ұрпақ алдындағы борышымыз!Әсіресе, осы айтқандарыма жастардың тигізер әсері зор!Тек алдығы ұмтылайық, қазақ жастары!



Бөлісу: