Қараңғы күнде қазақтың қолшамы болған Міржақып Дулатұлының еліміздің болашағы үшін қаншама тер төккені бәрімізге мәлім. “Алаш Азаматұлы”, “Мадияр” сынды түрлі бүркеншік есімдермен халық жағдайын жоғарыдағыларға жеткізіп отырған Міржақып Дулатұлы басылымдарға басшылық етіп қана қойған жоқ, ол басылым беттеріне өзі де сол кездің өзекті мәселелерін көтеріп өз жұмыстарын жариялап отырды. Солардың бірі – “Біздің мақсатымыз” мақаласы мен “Жастарға” атты өлеңі.
Байқаған жанға бұл екі шығарманың жанры екі бөлек болғанымен, араларында үлкен байланыс бар. Оның үстіне екі шығарма да бір басылымда, Петерборда шығатын “Серке” газетінде және бір жылда, 1907 жылы басып шығарылған. Меніңше, Міржақып бұны алдын ала жоспарлап жасаған. Себебі, патша үкіметінің әкімшіл-әміршіл жүйесінің құрбаны болып жүрген қазақтарға бұл мәселені көтеру өте қиынға соқты. Сондықтан, зиялылар тобы материалдарын басылымдарға не бүркеншік есіммен немесе осылай екі бөлек жариялау арқылы қулық әдіс ұстанған.
“Біздің мақсатымыз” мақаласында Патша үкіметінің нағыз озбырлық іс-әрекеттері ашық айтылады. Мәселен, халықтан алынған салықтың пайдасыз дүниеге жұмсалып жатқанын, қазақты ойлап депутаттарға барған зиялылардың Патша үкіметі тарапынан еш жауапсыз келуін, Патша үкіметінің жоғары шенділерінің қарапайым қара халыққа ойларына келгенін істеуін, бәрі бітіп дінімізге тиісуін, қазақ жеріне өзге халықтарды көшіріп алып келуін, қазақтарды жерінен айырып жатқанын, шындықты айтқан жандардың тағдырдың шырмауына түскенін бүкпесіз тілге тиек етеді. Алайда, білесіңдер ме? Мақаланың аты “Біздің мақсатымыз” болғанымен, мақалада бір де бір үгіт-насихат жүргізілмейді, мақсат туралы сөз қозғалмайды. Ал, Міржақып Дулатұлының “Жастарға” өлеңінде бәрі мүлдем бөлек.
Өлең қазақтың әлі де қараңғыдан шыға алмай жүргенін айтумен басталады. Міржақып Дулатұлы “қараңғылық” мен “ұйқы” ұғымын бір-бірімен орынды байланыстыра білген. Ал соңғы екі шумағында жастардан көп үміт күтетінін, халық арасынан көш бастар басшының шығатынына сенетінін жеткізеді. Міне, “Біздің мақсатымыздың” тобықтай түйіні “Жастарға” өлеңінде жатыр. Сонда, Міржақып Дулатұлының көзімен “Біздің мақсатымыз” – қараңғы күндежол бастар көшбасшы шығарып, бұл қараңғылықтан құтылу.
P.S Ойдың басы басқа материалда болса, соңы мүлдем басқа шығармада және екеуі де екі түрлі жанрда жазылған. Осының өзінен Патша үкіметінің билігі тұсында цензураның қандай деңгейде болғанын анық аңғара аламыз. Күдік тудырмас үшін жазылған бүркеншік есімдер, бір ойдың екі шығармадаайтылуы, ол шығармалардың жанр жағынан мүлдем ұқсамауы – қазақтың көзін ашуға арналған әдіс-тәсілдер. Еліміздің осындай бейбіт күнге жетуі батыл қадамдарға еш именбей барған көзі ашық, көкірегі ояу Міржақып, Ахмет, Әлихан сынды зиялыларымыздың арқасы. Біз мұнымен мақтануға тиіспіз, жас ұрпақ!
Аяулым Абаева
ҚазҰУ журналистика факультетінің 1-курс студенті