Жастардың қазіргі келбеті

 

Өмірде ақ пен қара, жарық пен қараңғы, бар мен жоқ, әлсіз бен мықты, аласа мен биік сынды антонимдер қатар жүріп, қарама-қарсы болса да, айнымас серікке айналып кеткендей.

Жастық шақ – жігер қайраттың мол кезі, бойдағы жақсы қасиеттерді жарыққа шығарып қалатын кез, ол үшін талап керек. Замана өзгерді, уақыт ағымы өзгерді. Елдің болашағы, ертеңі мен тұтқасының функциясын бірдей атқаратын жастардың да қарама-қарсы мінезбен, көзқараспен, ақыл-ойымен әлеуметімізде бұлғағы мен бұралаңы көп тарам-тарам жолдарға бөлініп жатыр. Қоғамдағы бір топ арзан атаққа құмар, екіншісі өмірлік сапары басталмай жатып-ақ түңіліп, қараңғы түнекке кіріп барады. Өзінің қолынан келмегенді өзгеден көріп, өмір сүруін қиындатып, жегідей жеп, мәнсіз өмір кешуде. Бос мақтанға еріп, тән азығына шөлін қандырып, өзін-өзі шамадан тыс бағалауға көшті. Баяғы қазақ атамның қарапайымдылығының ізі бірте-бірте жойылып барады. Күдікті һәм бейтаныстың көрсеткен бергі жағы мамық, арғы жағы тікенді жантақтай ойыншығына қызығып, еріп кететіндері тағы бар. Осы тұста «Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдың сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулықтың жоқтығынан азады», - деген дана Абайдың айтқанын есіңізге түсіріңіз. Біз де замана жастарының өзгерудегі себебі мен салдарын таразылап, бағамдап көрейік.

Қарап отырсақ, көп жастарға «Әлеуметтік мүгедек» диагнозын қоюға болады. Бұл сөзді айтудан қорықпаймыз да. Швециядағы беделді университеттің докторы Аяд Рахван: «Әлеуметтік мүгедек – желіге өте тәуелді адам» деп көрсеткен. Бұл тіркесті қолданған алғашқылардың бірі – осы адам. Виртуалды өмірдің бояуына қанып бара жатқан белсінділер – жастар емес пе? Екіншіден, қазіргі жас-жеткіншектер моральді тұрғыдан әлсіз келген. Алдындағы тойтарысқа қарсы соққы беруді емес, бұғып, тығылып, кері айналып кетуді әдетке айналдырғандай. Әлемдік өрмек тордың өрмегіне шырмалып, адам айтқысыз іске баруда.  Байқасаңыз, имандылық, еңбек пен білім, теңдік пен шынайылық сынды ұлттық темірқазығымыздан айырылып бара жатқандаймыз. Шындығы – осы. Бұл себептер елге деген махаббаты азайтатын сыңайлы. Ғабиден Мұстафин алқалы жиын үстінде: «Бүгін ұлтшылдықпен күресіп жатырмыз, ертең ұлтсыздықпен күресетін шығармыз», - деген екен. Сынаптай сырғыған уақыт осы жағдайды алдымызға әкеліп тұрмаса болғаны.

Түптеп қарасақ, Абай айтқанның кебін киіп жүр екенбіз. Осы тұста жас айтыскер ақын Таңжарық Ержанның мына өлең жолдарына назар салыңыз:

Жүзіңнен кетпесе екен күлкің жырақ,

Өмірде сүрінерсің мұмкін құлап.

Бақытты сыйлық қылып береді Алла

Қиындықпен қаптайды сыртын бірақ.

Өкінбе өткен іске, алаңдама,

Баса бер болашаққа қадам жаңа.

Қателік жасамайды бұл өмірде

Ештеңе жасамайтын адам ғана.

«Талапты ерге нұр жауар» деген құлагер қазақтың даналары.  Ғұмырын тиімді пайдаланып, жетістіктің асқар шыңын бағындырып, «Нағыз елдің тізгінін ұстайтын бала ғой» деп сүйсіне қарап жүргендерді түгендемес бүрын осы тақырыпта ой қозғадым. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» дегенді ұстанғаным болар. Әйтпесе, Қазақстанның жұлдызын қай додада болсын жарқыратып жүргендер қаншама. Шарль де Голь: «Ең қиын жол таңда, ол жерде басталасыңды көру екіталай», - деген. Сол себепті, ешкімнің өміріне қызықпаңыз, еңбек етуден жалықпай, ынта мен ықыласты әрқашан бірінші жұмсау қажет екенін ұмытпайық. Ел тізгінін ұстар нағыз азамат болайық!



Бөлісу: