Жастар орталығы Бос жұмыс орындар Жәрмеңкесін өткізді

Жастар орталығы Бос жұмыс орындар Жәрмеңкесін өткізді
жеке
блог

Алматы қаласында 6 желтоқсан күні кезекті бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің ғимаратында өткен шараны «Әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру орталығы» ҚҚ ұйымдастырды. Аталған жәрмеңке «Алматы қалалық жұмыспен қамту орталығымен» бірлесе отырып, Алматы қаласы Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен жүзеге асты.

Биылғы жылдың күз айында іске қосылған Алатау аудандық  жастар орталығы бірқатар түрлі бағыттағы шараларды атқарып келуде. Бұл орталық «Әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру орталығы» ҚҚ аясында жұмысын жүргізіп жатыр.  Бұл жәрмеңкенің ерекшелігі осы жастар орталығының ұйымдастыруында болып отыр. Жастардың жұмысқа орналасуына, кәсіптік бағдарлауға, жастар арасында кәсіпкерлікті жандандыру мақсатында да бірқатар істерді атқарып келуде.

Осы уақыт аралығында шебер маман болу жолдары туралы, түрлі мәдени, ғылыми спорттық бағытта да орталықтың арнайы тренинг залында әр түрлі шеберлік сыныптарын тегін түрде өткізіп келді. Бұл шаралар осы жәрмеңкеге дейінгі пайдалы қадам іспетті көрінеді.

Жәрмеңке әдеттегідей,  жұмыс іздеушілер,  студенттер, ЖОО бітірушілер және жалпы жастар қауымына арналды. 


       Жәрмеңкенің  басты мақсаты - азаматтардың жұмысқа орналасуына, бос жұмыс орындар туралы хабардар болуына, еңбек нарығындағы мәселелер туралы мәлімет алу болып саналады.  

       Жәрмеңкеге жұмыс беруші 50-ден астам компаниялар өздерінің 600 –ден астам бос жұмыс орындарын ұсынады.    

       Бос жұмыс орындар жәрмеңкесін ұйымдастырушылар жұмыс берушілер мен жұмыссыз жастар арасында  өзара тиімді еңбек қатынастарын орнатуға, сондай-ақ оларға қолдау білдіру мақсатында өткізіп отыр.

          Жәрмеңкеге келуші азаматтар сұранысқа ие жұмыстар жайлы, кәсіпорындардағы бос жұмыс орындары туралы және тағы да өзге пайдалы ақпараттарға қол жеткізді.   

         Бос жұмыс орындар Жәрмеңкесі туралы, алдын-ала қала ішіндегі көптеген оқу-орындарына хабарланды. Бұдан өзге тұрғындарға, әлеуметтік желілерде тағы өзге бағытар бойынша ақпар толыққанды жеткізілді.

              Бүгінде жұмыс іздеушілер жұмысты іздеу барысында, ең бірінші интернеттегі хабарландыруларға жүгініп жатады. Дегенмен, бос жұмыс орындар жәрмеңкесінің өзіндік алар орны бар. Оның жұмыс іздеушіге де жұмыс беруші тарапқа да өз кезегінде пайдасы бар. Аталған кезекті жәрмеңке осы жайтты да қамтыды деп күтілуде.

 Мөлдір Бегімбет