Жастар өміріне әлеуметтік желі қалай әсер етеді?


      Қазіргі әлемде қарым-қатынасты ұйымдастыруда веб-технологияларды қолдану жастар арасында жиі кездеседі. Шын мәнінде, біз байланыс орнатудың жаңа құралымен, қарым-қатынасты ұйымдастыруға мүмкіндік беретін әлеуметтік желілерді үздіксіз қолданып жүрміз. Әлеуметтік желілерді ең белсенді қолданушылар – жастар. Сондықтан оның жастарға әсерінің үлес салмағы үлкен екендігі анық.
      Желіде жастар көбінесе жаңа достарды және жаңа субмәдениеттерді іздейді. Біріншіден, рухы жақын адамдармен қатынас орантады, екіншіден, әр түрлі адамдармен байланыс орнатуға, көптеген оқиғаларды білуге талпынады. Сонымен қатар, пікір алмасуға және өздерін қызықтыратын мәселелерді талқылауға мүмкіндік алады.
      Әлеуметтік желілердің бірқатар теріс және оң әсерлері бар. Көптеген жастар үшін әлеуметтік желілер адамдармен қарым-қатынаста оң әсер етеді, сонымен қатар жеке бос уақыттарын ұйымдастыруға көмектеседі, өйткені олардың көптеген мүмкіндіктері бар (адамдармен қашықтықта сөйлесу, мультимедиялық ақпарат алмасу және т.б) Әлеуметтік желілерді жастар арасында қолданудың басты себебі – достарымен қарым-қатынас.. Әр адам әлеуметтік желілер арқылы достарымен және әріптестерімен оңай байланыса алады, байланысы үзілген адамдарды іздеп, жағымды таныстар жасай алады. Бүгінгі таңда жас ұлдар мен қыздардың кездесуі нәтижесінде жаңа отбасылар пайда болатын жағдайлар жиі кездеседі. Фотосуреттерді, бейнелерді көру, аудио музыканы тыңдау арқылы достарыңызға шынымен көрсеткіңіз келетін жаңа фотосуреттеріңіз басқа музыкалық сайттарда ұзақ іздемей-ақ, оны көруге - әлеуметтік желілер сізге көмектеседі.
      Әлеуметтік желілердің оң әсерімен қатар теріс әсері де кездеседі. Қазіргі әлемде жастар осы әлеуметтік желілерді пайдалану арқылы қарым-қатынасқа деген қажеттіліктерін қанағаттандыра бастады. Олар көшеде серуендеуге, қоғамдық ойын-сауық орындарына баруға және отбасына немқұрайлы қарай бастады, осының бәрін әлеуметтік желілердегі виртуалды «өмірге» ауыстырды. Олар суреттерін өзінің өміріндегі ерекше сәтті сақтап қалу үшін емес, әлеуметтік желіге жариялап, олардың астындағы бірнеше жағымды пікірлерді оқып, өзінің қоғамға қажеттілігін лүпілдердің санымен анықтайтын болды. Әлеуметтік желілердегі коммуникация жастардың өмір салтына кері әсерін тигізеді, сонымен қатар нақты қарым-қатынасты алмастырады. Жастардың көпшілігі күн сайын әлеуметтік желілерге кіріп, 6 сағаттан астам уақыт желіде отырады және көпшілігі әлеуметтік желілерді қолданудан бас тарта алмайды. Осының бәріне сүйене отырып, әлеуметтік желілер қазіргі жастардың өмірінде үлкен рөл атқарады деп тұжырым жасауға болады. Соның негізінде ЖОО студенттеріне арналған сауалнама жүргізілді. Сауалнама мақсаты жастардың әлеуметтік желілерге жалпы тәуелділігін анықтау болды. Барлығы 500 адаммен сауалнама жүргізілді, сауалнамада 17 сұрақтан тұрды. Барлық сауалнамалар жиынтығындағы орташа тәуелділік 46% құрайды. Бұл дегеніміз, адамдардың 50% -ы әлеуметтік желілерге тәуелді. Жақында психологтар «әлеуметтік желілерге тәуелділік» терминін енгізген болатын. Зерттеу студенттер арасында болғандықтан, оған негізінен 16 мен 20 жас аралығындағы адамдар қатысты. «Сіз әлеуметтік желіні қолданасыз ба?» деген сұраққа барлық респонденттер оң жауап берді, «Instagram» - 100%, сонымен қатар «TikTok» - 85%, «FacebooK» - 20% тіркелген. «Сіз әлеуметтік желілердегі парағыңызға аптасына қанша рет кіресіз?» - 95% бұл параққа күн сайын, 5% аптасына екі-үш рет кіреді деп жауап берді. Сонымен бірге, 32% күніне екі-үш сағат, 20% төрт-алты сағат және де ұйқыны есепке алмағанда бүкіл күнін өткізетіндер де кездесті. Бұл сауалнама қорытындысы жастардың әлеуметтік желіге деген тәуелділігінің көрінісі. Әлеуметтік желілердің тағы бір теріс әсері (үйдің мекен-жайы, телефон нөмірлері және т.б.) жеке ақпаратты толтыра отырып, жастар көбінесе алаяқтардың торына түсуі, 14 пен 17 жас аралығындағы жастар алаяқтыққа өте осал келеді, дәл осы жаста жеке тұлғаны қалыптастыру кезінде әлеуметтік желінің кері әсері айқын байқалады. Жастар агрессияға бой алдырып, шынайы әлемге немқұрайлылықпен қарауы жиі кездеседі. Сондықтан бұл мәселені шешу қажет. Мұнда бірнеше шешімдер бар: желілерде уақытты шектеу, балама жолдарды іздестіру, ойын-сауық, мысалы: театрларға, филармонияларға сапарлар ұйымдастыру; демалыс күндері «Кино күні», «Кітап күні», «Поэзия күні» фестивальдерін, т.б. Біз бәріміз бірге өмір сүріп, нақты әлемде көбірек сөйлесуіміз керек.
     Қорыта айтқанда, әлеуметтік желі жастар өміріне оң да теріс те әсер ететіндігін анықтадық. Соның ішінде мақсатты пайдаланбау себебінен теріс әсері басымырақ.Әлеуметтік желілер өмірдің мәні мен коммуникацияның негізі емес, оның қосымша толықтырушы элементі болуы керек.

 

 

Орындаған: Байкенқызы Б. Жылқайдар С.

Жетекші: Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ факультетінің доценті Жанатаев Д.Ж.



Бөлісу: