Жастар кітап оқи ма?

Пайдалының парқын түсінгенімен, пайдасызды пайымдайтын жастармыз, қайтеміз. Ананың айтқан ақылын есейгенде ғана санамызға сыйғызатын біз, құлақ түбінен ызыңдай берсе де, сансыз айтып мыжғылай берсе де бекер сөз деп менсінбейміз. Менсінбегені былай тұрсын, өкінішпен күрсінбейміз де. Нендей дүниемен әлек болып отыр демеңіз. Бүгінгінің бейжай қалдыруға батпайтын беделсіз мәселесімен әуре болып отырғаным деп біліңіз.

Құндылықты парақтау деген былай тұрсын, кітапты алақанымен аймаламайтын қазақ қаншама?! Саусағын сулап қойып, беттен бетке ауысатын ардақтының ауылы алыстап барады. Ғаламтордың ғайбатына сүңгіп бара жатқанымызды сезбейтініміз сезікті. Жастар, неге кітап оқымайды? Бәлкім, кітапхананың аздығынан азып жүр ма екенбіз? Дәлірек, елімізде бас-аяғы 12 мың кітапхана жұмыс жасайды, бұл таңда. 12 мың 17 млнға қызмет етуі керек ғой, қысқасы. Ал, көршіміз Ресейде 500 адам тұратын жерде кітапхана салыну керек деген заңдылық бар екен. Шағын шатқалды ауыл-аймағының өзінде-ақ 5-6 кітап ғимараты бой көтергенін көзбен көрмей-ақ, көкеймен түйіндейміз. Еліміздегі ең үлкен құндылықтар қамалы ҚР Ұлттық кітапхана қорында 6 млн кітаптар сөрелерге жайғасқан. Аздығын амалдап, көптігін көпсінбейміз. Дегенмен, біз ЮНЕСКО-ның Статистика институтының мәлiметінің мәмлесіне мәз бола қоймасымыз анық. Әлемде адам басына шаққанда кітапхана саны бойынша, алтынды, естімесесің елеңдей отырыңыз, Гүржістан мемлекеті еншіледі. Бұл елде 1000 адамға шаққанда 16 335 кітаптан келеді екен. Күміс пен қола Монако мен Лихгенштейн елінің қанжығасына байланды. Ал, үздік ондықты Македония елі тәмамдайды. Қазақстан 41 орынға жайғасты. Елімізде 1000 адамға 249 кітаптан тиесілі екен. Ақиқатын астарламай-ақ аңғарып отырған боларсыз. Сұрақтың жауабы осы-ау шамасы дейміз?! Дегенмен-ақ, көңіл сыйса бәрі сыяды, оқимын десеңіз кітапханадан орын да табылады. Кітапханалар статистикасынан керемет нәтижеге кенелмедік деп қынжылмаңыз. Себебі, біз, ең көп кітап оқитын елдердің тізімінде үздік 50 ел тұрмақ, 100 орыннан да орынымызды таба алмай қалғанымыз бар. Үндістан екен құндылықты құмар еткен бүгінгінің үздігі. Орташа есеппен олар бір күнде 10 сағат 42 минутын кітап оқуға арнайтыны аң-таң еткізеді.

«Егер бір адам кітап оқымаса, бұл оның өз қасіреті, ал миллиондаған адамдар кітап оқымаса, тұтас бір ұлттың қасіреті» (Ақын Иосиф Бродский).

Бұндай қиянаттан Аллам өзі аластансын дейміз-ау. Дегенмен, сол көпірден секіргелі тұрғанымыздан хабардармыз. Ықылым заманнан ырыссыз дүниеге ынтық болмаған даналардың ұрпағының ұлағаты қандай еді?! Кітап неге оқылмайды? Жастар неге мардымсыз? деген сауалдардан сан айналып шыға алмадық, тәйірі. Келесі себепті, бүгінгі таңда таңқалдырар туындалар туып жатқан жоққа тіреп көрейік. Ғ.Мүсіреповтың «Ұлпаны», С.Мұқановтың «Ботагөзі», Ә.Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдары» тағы да басқа сынды сиқырлы сандықтар сайрап тұрған жоқ, бүгінде. Баспахана-дауа, қаржы-жара болып тұрған заманда жазған жазуыңызды өңдеуге де қалтаңызды қағып алады. Ары кетсе, шаруасы шаңсыздар ғана баспа үйінің тұтқасын терең ұстайды. Онда да жақынына жанрдан жіберетін желкенсіз дүниенің делебесін қоздырғаны болмаса, жастар оқиды-ау деп томдамайды, әсте. Мәселенің қайын жұртынан қайқайып, төркініне төрлетіп барамыз-ау шамасы. Дегенмен, оқимын деген жан орманнан да оқулық тауып оқиды деп жылы жапқанымыз...

Жастардың сөзімен санасайық, ендігі. «Себебі, мектепте кітап оқытып үйретпейді. Қазақ әдебиеті, орыс әдебиеті пәндері сол үшін оқытылады. Бірақ, мұғалімдердің де, оқушылардың да онымен ісі жоқ. Олар тіпті орыс, әлем классиктерінің ең танымал шығармаларын да білмейді. Тек интернет қана қызықтырады»,-дейді, Ақмарал есімді мектептің 10-сынып оқушысы. Ендеше, ұстаздардың көпшілік денінде, талап қою қаталдығының жоқтығы себеп делік. «Қазір бұрынғыдай емес.XXI ғасыр емес пе? Ғаламтордың өзі кітап қазіргі жастарға» -дейді, АТУ студенті Тыныштықова Гүлбану. Сөзінің жаны бар болса керек. Ғаламтор айықпас дерттің алғашқы белгілері сықылды. Емдейтін дәрі, жөндейтін кәрі табылып жатқан жоқ, әзірге. Бұның да белінен бір түртіп қойдық. «Кітапханадағы қызмет көрсететін апайлардың дөрекілігі ұнамайды. Оны өзіне айта қалсаңыз, беттен алып, төске шабатынын қайтесіз?»- дейді А есімді ҚазҰУ студенті. Ұнатпай тұрған адамға ұтылуды ұтымсыз көретін жандармыз ғой. Сондықтан, бұл да мәлесе, шешімін таппаған. «Кітапханадан кітап алу үшін белгілі бір ЖОО-ның студенті болуы керексің. Әйтпесе, кітапты қолыңа ұстата қоюы екіталай. Ал, сатып алуға шығынданатын жағдайым келісті емес»-дейді, Айбек есімді ерікті. Германияның Берлин қаласында көпшіліктің қызығушылығын тудырып отырған жол бойында орналасқан кітапхана бар екен. Дәлірек, таңдаулы кітаптармен толтырылған сөрелер жиынтығы ғана. Кез келген оқырман ұнатқан кітабын қойына алып, орнына бір кітапты салып кетсе болғаны. Қашан оқып біткенінше, әлгіндегі өзі қойған кітапты өзгелер оқи тұруына мүмкіндік бар. Дәл осы тұста келеңсіз күдік туып жатқаны белгілі.

Кітапты қайтармай, жоғалтып жіберіге, әсте, болмайды. Айыппұлмен айыбыңызды өтейсіз. Жоғарыдағы сауалдың жауабын осы бір тұстан іздесек. Еліміздің қала орталықтарында жол бойындағы кітапхана салынса, керемет емес пе? Қалағаныңызды қанып оқисыз, барыңызды салып оқисыз.

Теледидар көргендерді кітап оқитындар басқаратын заманнан іргеміздің аласырақ қаламасақ болғаны. Дегенмен, қалап жатырмыз ақырындап. Жарнамамен жарысып, Калянимен алысып келе жатқан жайымыз бар. «Тым жақсы жарнама көріп отыр едім, фильмнің бөліп жібергенін қараш» депті ғой мысқылдың мөрімен әзілдеп бір ағамыз. «Әннің де естісі бар, есері бар» дегендей жарнаманың да шектен шыққаны бар, көңілдің ұққаны бар. Теледидарға телміріп отыруды жөн көретін бізге кітаптың жарнамасы керек-ау, шамасы. «Мәселен, телехикаяның теңізінде, киноның кемесінде келе жатсыз делік, жанарың жасыл экранда, кенет абыр-сабыр, жазықсыз жазаланып жатқан жандардың жан-жарасы, еңіреген әйел баласы көрсетіліп, соңында, анасы мен ұлының айға айтқан тілегін тыңдатып, 1-2 минутқа саятын сюжет сызыла кетсе, «Ай мен Айша» деп кітаптың аты жазыла кетсе нұр үстіне нұр дейміз бе, қалай?

Ақпарат заманында құндылықтың оқылымсыз болуы шеткері қалуымызға қарайласатына хақ. Бүгінгі жастардық ұсақталып бара жатқанының бірден бір себебі осы. Көкейіндегі көксегенін көтермейтін, көңілдегі күдігін үрлемейтін, бірақ намысынан нан үзіп жегізбейтін қазақ қанды ұрпақпыз. Сондықтан, даналардың тізімін тізбесек те, кітаптан қол үзбейік!



Бөлісу: