Жастар жылы - жастарға артылған үміт әрі мүмкіндік

Жастар жылы - жастарға артылған үміт әрі мүмкіндік
жеке
блог

Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев өткен жылдың соңында 2019 жылды – Жастар жылы деп бекітіп, баршамызды бір қуантып еді. Сол қуаныштың алғашқы қадамы ретінде кеше, 23 қаңтар күні білімді, белсенді, елін-жерін сүйген, Отанына қызмет етіп жүрген жастардың қатысуымен «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты Жастар жылының ашылу салтанаты болып өтті. 

Форумға Елбасы, Үкімет мүшелері, ҚР Парламенті депутаттары, жергілікті атқарушы органдар, жастар саясаты кеңесінің мүшелері, мәдениет және өнер, кино және спорт майталмандары, «100 жаңа есім» байқауының жеңімпаздары, «Болашақ» бағдарламасының түлектері, жас ғалымдар қатысып, түрлі салада табысты еңбек етіп, еліміздің дамуына үлес қосып жүрген жас азаматтар Елбасы мен ел алдында өз жетістіктерімен бөлісіп, ұсыныс-тілектерін білдірді. Сонымен қатар, технологияның қарыштап дамыған дәуірінде салтанатты жиынға еліміздің барлық аймақтарынан білім мекемелері тікелей трансляцияға қосылып, ағымдағы жылдың басты жоспарымен барша республика жастарының танысу мүмкіндігіне ие болғаныны да бәрімізді қуантты.

Жастар – барлық прогресстің қозғаушы күші, еліміздің әлемдік аренада бәсекеге қабілеттілігінің басты факторы, ұлы даланың дәстүрі мен салтын келер ұрпаққа жеткізер болашағы.

Осы жөнінде Елбасы өз сөзінде:

«Қазақстанның болашағы сіздерге – сіздердің білімдеріңізге, күш-жігерлеріңіз бен патриоттық сезімдеріңізге байланысты. Қазір қолға алынған жұмыстардың бәрі сіздердің бақытты өмірлеріңіз, сондай-ақ өз әлеуеттеріңіз бен мүмкіндіктеріңізді толық жүзеге асыра алу үшін атқарылып жатыр», – деп атап өтті.

Осы тұста, баршамыздың көкейімізде «Қазіргі жастарды не мазалайды? Жастардың қандай қажеттіліктері бар?» деген сұрақ пайда болғаны хақ.

Әрине, барша жасты сапалы білім беру жүйесі, қолжетімді жоғары білім, қолына диплом алған жас мамандарды жұмыспен қамту, жас отбасыларды тұрғын үй мәселесі сияқты сұрақтар толғандырады. Бүгінде әр жас азамат қоғамда өз орнын тауып кету үшін тырмысып жүргенінің куәсіміз. Кешегі жиында ҚР Президентінің ірі қалалардағы жас отбасылардың тұрғын үй проблемалары, еңбек нарығына шығатын жастардың санын арттыру,  жаңғыртылған 200 оқу орнының базасында сұранысқа ие 100 индустриялық және қызмет көрсету мамандықтары бойынша кадрлар даярлау, қашықтан оқыту мүмкіндігін жоғарылату, отбасы институтын қалыптастыру сынды көтерген мәселелері мен үкіметке берген тапсырмалары қазақ жастарының жүректеріне үміт отын сыйлады.

Әсем Алматының белсенді жастарының бірі ретінде айтарым, Елбасы Жастар жылында оң нәтижеге жету үшін тек үкіметке ғана тапсырма беріп қоймай, жастардың өздеріне үміт артып, сенім білдірді. Өз замандастарымды мемлекеттің қолдауымен  жастарға серпін беріп, жаңаша форматта жаңа бастамаларды іске асыруға талпынуға шақырамын. Өмір сүріп жатқан өз ортамызды өзіміз қалыптастыру, азаматтық қоғам орнатуда белсенділік таныту еліміздің әр азаматтының қасиеттті борышы, міндеті.

Жастар жылында жұмылып жасар жұмыс көп!

 

Ерболат Тезекбай

«Bluetooth club»жастар бастамалары орталығының төрағасы,

«Алматы студенттер альянсы» қорының мүшесі