Жастар жылы бір жылмен ғана шектеліп қалмауы тиіс - Ерлан Айтаханов

Жастар жылы бір жылмен ғана шектеліп қалмауы тиіс - Ерлан Айтаханов
жеке
блог
Отырарда аудан әкімі Ерлан Айтахановтың қатысуымен әкімдік жанындағы жастармен жұмыс жүргізу жөніндегі кеңестің кезектен тыс отырысы болып, зиялы қауым өкілдері, белсенді жастар және БАҚ өкілдері қатысты.
Жастар жылының ашылуы және сол жиында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың берген тапсырмалары бүгінгі кезектен тыс отырысқа арқау болды. 
Аудан басшысы Ұлт Көшбасшысы тапсырмасының ерекшелігіне тоқталып, алдағы атқарылар жұмыстарды саралады. Алдымен аудандық Жастар ресурстық орталығының жаңа директоры – кеңес хатшысы, айтыскер ақын Дәурен Ақсақаловты көпшілікке таныстырып, жоспарларына сенім білдірді. 
Жиында Қазақстанның халық ақыны, «Парасат» орденінің иегері Әселхан Қалыбекова жастар жылының ашылуымен құттықтап, толғамды ойларымен бөліссе, жас кәсіпкер Асхат Тасыбаев, жас археолог Шыназ Алмазұлы, дәстүрлі әнші Ұлжалғас Әбілдахандар өз салалары бойынша жетістіктеріне тоқталды.
Айта кетсек, бүгінгі таңда Отырар ауданындағы жастар саны 13162 адамды құрайды. Жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мен оларға қолдау көрсету, түрлі салалар бойынша бағыт-бағдар бере отырып, шыңдалуына жол ашу мақсатында мәдениет, білім, спорт салаларынан түрлі үйірмелер жұмыс жасаса, ауданды жас мамандармен қамту және жұмыссыздықпен күрес мәселесі де басты назарда. Жиын барысында осы жайттар жөнінде ой бөліскен аудан басшысы Жастар орталығы мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшыларына жұмыссыз жастардың нақты санын анықтап, кәсіптік білім беру және жұмысқа орналастыру мәселесін бірінші кезекте қолға алуды тапсырды. Кәсіпкерлік саласына жол ашып, қолдау білдіру де кеңінен талқыланды.
Сондай-ақ, ауданда бой көтеріп жатқан әлеуметтік үйлердің басым бөлігі жас мамандарға берілмек. Басқосуда қоғамда орын алып жатқан құқықбұзушылықтың алдын алу, тәртібі қиын тұлғалармен тиімді жұмыс жүргізу мәселесі де қозғалып, бұған дейін де жастарды спорт, қайырымдылық пен ізгілік жолында басын біріктіріп, белсенділік танытып жүрген ауданнан шыққан спорт саңлақтары Сабыржан Әбілдаұлы, Қанат Нұров, Кенжехан Төлеповтер ауданның абыройын асқақтату жолында барша жастарды жұмылып бірге жұмыс істеуге шақырды.
-"Қоғамның қозғаушы күші, Егемен елдің ертеңі болатын жастар мәселесі тек биылғы жылмен шектелмей, жас мамандарды пәтермен және жұмыспен қамтамасыз етуді әрдайым басты назарда ұстайтын боламыз. Жастарға қолдау көрсету, оқыту, жұмыспен қамту бағытындағы әрбір жұмыстарға ауылдық округ әкімдері мен әр саланың басшылары да тікелей атсалысатын болады",-деген аудан басшысы тиісті мерзімдерді көрсете отырып сала басшыларына бірқатар ауқымды тапсырмалар жүктеді.