Жастар газет оқиды ма?

Білімдіден шыққан сөз,

Талаптыға болсын кез.

Нұрын,сырын көруге,

Көкірегінде болсын көз.

Дүние де өзі, мал да өзі,

Ғылымға көңіл бөлсеңіз,-деп жазған екен Абай атамыз өзінің өлең жолдарында. Осы білімді адам қайдан шығады? Ол қайдан көзі ашық адам болып қалыптасады? Әрине, білімнің көзі, бастауы ол – кітап.

            Кітап білім бұлағы,

            Білім өнер шырағы, - демеуші ма еді дана халқымыз. Бұрын  ауылға кітап келсе барлығы соған таласып, оқу үшін кезекке тұратын. Газет пен журналдардың жаңа нөмірлерін асыға күтетін. Осы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінің оқытушысы Әмір ағай да бізге бір әңгімесінде білімге деген өз құштарлықтарын айтып берген болатын. Ол кісілер армияда болған кезде кітапты тарау-тарауымен жыртып алады екен. Ағайдың айтуы бойынша жыртылған кітап жоғалмайды және барлық адам кезек-кезек оқып шығады екен. Міне, ол кісілердің өнер-білімге деген құштарлығы. Ал қазіргі жастардың оқуға деген ынтасы қандай? Оларды ел ішіндегі жаңалықтар қызықтырады ма? Жастарымыз мына технологиялық ақпарат дамыған кезде кітап, газет оқиды ма екен? Осы төңіректе біраз ой толғасақ.

            Мен жастар арасында шағын сауалнама жүргіздім. Сауалнама «сіз газет оқисыз ба? Қай газетті оқығанды ұнатасыз?» деген тақырыпта болатын. Сауалнамаға барлығы 40 адам жауап берді. Соның ішінде жастардың 27.5% -ы газет оқымайтындықтарын ашық айтты. Ал қалған 72.5% -ы газеттің тұрақты оқырмандары болып табылады екен. Демек бұл статистикадан біз жастардың әлі де газет оқуға деген қызығушылықтары бар екендігін көреміз. Бұл қазіргі уақытта газеттің өз құнын жоғалтпағандығын білдіреді.

            Сонымен сауалнамаға қайта оралсақ, ең көп оқылатын газеттер легі мынадай:

1. Жұлдыздар туралы журналдар – 25%

2. Өзге газеттер – 12.5%

3. Жас Алаш – 10%

4. Егемен Қазақстан және Алматы ақшамы – 15%

5. Ана тілі – 5%

6. Жас қазақ және Өмір-ай – 5%

            Статисткадағы дерекке жеке-жеке тоқталсақ онда өнер адамдары туралы мәліметтердің жұртшылықты көп қызықтыратынын байқаймыз. Ал жалпы,саяси-әлеуметтік, экономикалық жаңалықтардан да жастарымыз құр алақан емес. Себебі қоғамдық газеттер жұлдыздар туралы журналды 25-те 47.5 есебімен жеңіп тұр. Меніңше, бұл өте жақсы көрстекіш.

            Ал газет оқымаймын деп жауап берген жастардан себебін сұраған кезде мынадай жауаптардың куәгері болдым.

Нұржанова Амина: Газет бұрынғы заманның еншісінде қалған, қазір бізде ғаламтор бар. Мен жаңалықтың барлығын ғаламтор арқылы біліп отырамын.

Амантай Назым: Үйімізде тегін жаңалық көзі бар кезде газетке шығындалудың қажеті қанша? Мен керек жаңалықты ғаламтордан да біле аламын. Газетті оқып болған соң оны не істеймін? Тастаймын ба? Оны да ағаштан жасайды, табиғатты аялайық.

            Сөзімді қорытындылай келе айтарым «қазіргі жастар газет оқымайды» деу жаңсақ пікір. Мен өзім де солай ойлаушылардың қатарында болатынмын. Алайда осы мақаланы жазу барысында зерттеу жүргізгенімде ойыма қарсы ақпаратқа көз жеткіздім. Сондықтан да достар, қазіргі жастар оқымайды, күні-түні компьютердің алдында немесе қолдарынан ұялы телефонын тастамай шынайы өмірден алыстап кетті деген жалған пікірлерден аулақ болайық.

            Білім - бақтың жібермейтін қазығы,

            Білімсіз бақ – әлдекімнің азығы,- деп Мұхтар Әуезов атамыз айтпақшы еліміздің ертеңгі болашағын қалайтын жастарымыздың білімі терең, көздері ашық болсын деп тілейік.



Бөлісу: