Өз өмірін қиюға бағытталған саналы ерікті түрдегі әрекет қазіргі таңда бүкіл жаһандық қоғамдық мәселеге айналып отыр. Атап айтқанда, баланың мұқтаждықтарын ескермеу, олардың психологиясына көңіл бөлмеу сияқты кемшіліктерден болып жатады.Балалардың өзіні-өзі қол салуға бейімділігі мына төмендегі мәселелерге байланысты болады. Бірінші-баланың достары жоқ, ешкіммен араласпайды және ата-анасымен сырласпайды. Ешкімге сенбейді және барлық проблемаларды өзі шешуге тырысады. Бала өзін жақсы көретініне сенімді болуы керек. Адамдардан жылылықты сезінгісі келеді. Екіншіден-баланы ешнәрсе қызықтырмайды. Оның кез-келген сұраққа жауабы біреу ғана: «маған бәрібір». Оның ұмтылысы болмаса да жақсы оқуы мүмкін. Үлкендердің барлық өтініштерін орындай береді, себебі өзінің еш ынта- ықыласы жоқ. Үшіншіден -бала ауырғанды жақсы көріп, үнемі бір ауруларды ойлап тауып, жақындары қасында болғанда өзін жақсы сезінгенін көрсетеді.Ата-аналар бірте-бірте «ойдан шығарылған» ауруға мән бермейтін болады. Міне, сол кезде бала ата-анасын қорқыту үшін осындай жанкешті қадамдарға барады. Төртіншіден- өмірге деген көзқарасы, үміті өшкен жан осындай қадамға барады. Оған ата-ана қамқорлығының дұрыс болмауы және педагог мұғалімдердің міндеттерін беріліп орындамауы, баланың ішкі жан дүниесіне үңілмеуі себеп. Өздерін-өздері өлімге қиятын ер балаларға ер-азаматтардың дұрыс тәрбиесі керек. Өз-өзіне қол салуға баратындар әрі әлсіз, әрі батыл болып келеді. Әлсіздігі-өмірмен күрескісі келмейді. Бақытты өмір болмайтындығын, тек бақытты сәттер болатындығын түсінбейді.
Өзіні-өзі өлім тілеу- бұл мұсылмандықтың белгісі емес. Мұны бәріміз білеміз, қазақтыққа жат қылық. Алайда елімізде мұндайлардың саны күннен-күнге артып келеді. Жастардың жұмыссыздығы, оқу орындарында әр-түрлі тәрбиелік-тағылымдылық үйірмелердің болмауы да көп әсер етеді. Жастар бос өмір кешуде, әрине, бәрі деп көпке топырақ шашпаймын, дегенменде мұндай жастар баршылық.
Өмір деген заңғар биік емес пе? Адам өмірге бақытты болу үшін келеді. Өмірдің мәні-соған жету. Шешілмейтін проблема жоқ, тек оны уақытысында ақылдаса отырып шешу керек деп ойлаймын. «Сүйегіжоқ балық болмайтыны секілді, қателіксіз адам болмайды». Жіберген қателікті дер кезінде шешсе, барлығы да өз орнына келеді. Қателіктен қорқудың да, намыстанудың да қажеті жоқ. Тек артымызда қалатын ата-анамызды және дос жарандарымызды мезгілсіз аңыратпайық!
Жастарға, ата-аналарға айтарым, екі өмір жоқ. Адам баласына өмір бір-ақ рет беріледі. Әрбір атқан таңды қызыға да қуана ақ тілекпен қарсы алып, таза да дұрыс жолмен жүрейік! «Ел боламын десең, бесігіңді түзе»,-демекші, еліміздің болашағы-жастарымызды мұндай кеселден қорғайық, игі істерін қолдайық, ағайын!