Жасөспірімдер ғаламторды неге пайдаланады?
блог
Жасөспірімдер ғаламторда не істейді? Не себепті газет-журнал, кітапқа қызықпайды? Қандай ұрпақ өсіріп отырмыз? Бұл сұрақтар кез-келген ата-ананы алаңдатары хақ. Себебі, бүгінгі таңда бәріміз Мұхтар Шаханов айтпақшы «компьютер басты» болып кеттік. Осы жайында жастардың өзіндік көзқарасын білмек болып, әр түрлі салаға қызығып жүрген, ұстанымдары әртүрлі жасөспірімдерден сұрап көргенмін.
Жанар Нақысбекова – 11- сынып оқушысы:
- Ғаламторды мен саналуан мәліметтердің жинақы нұсқасын оқу үшін, жаңалықтардан хабардар болу үшін пайдаланамын. Менің пікірімше, ғаламтор ешқашан газет-журналдың, кітаптың орнын баса алмайды, әрбір адам қолы бос кезде оларды қалыс қалдырмау керек . Алайда, бәрі уақытқа тіреліп тұрған заманда кез -келген дүниенің қысқа нұсқасын іздеуге тырысасың, ал газет-журнал мен кітапқа қарағанда ғаламтордағы қысқаша дүниені оқып алу тиімді. Тіптен кітапханаға барып, кітап оқудың өзі біршама уақыт алады, ал үзіліс үстінде немесе автробуста кетіп бара жатып, жалпы қандай жағдай болмасын сол кітапты ғаламтордан тауып оқитын болсаң жылдамырақ, тиімдірек. Жаңалыққа келетін болсақ, әлемтордың жаңалықты тез тарату қабілеті бар, яғни қандай ақпарат болмасын ғаламтор арқылы бірінші жетіп отырады.Бұл да ақыр аяғы сол уақытқа келіп тірерері анық.
Динара Қайроллақызы –студент :
- Ғаламторды көбінесі байланыс құралы ретінде пайдаланамын.Жаңалықты теледидардан, газет – журналдан оқып, көремін. Жалпы ғаламтордың айтарлықтай зияны жоқ. Көп ата- аналар сияқты менің ата – анам оған қарсы емес. Алыс – жақындағы туған – туыс, дос – жарандармен жиі хат алмасып тұрамын. Топтарға кіремін, әсіресе саяси, әлеуметтік идеялы топтар ұнайды. Өмірге қажеттіні ғаламтордан тауып оқыуға тырысамын.Уақытымды алмайды.
Нұрым Азиз – 11-сынып оқушысы:
- Мен әлеуметтік желілерге күніне 3-4 сағат кіремін. Оның ішінде ВК, инстаграм, ютубқа. Себебі газет-журналды көбіне оқып қарамайтындықтан, күнделікті жаңалықты ғаламтордан оқып танысамын. Өзімнің парақшаларыма да елдегі өзекті мәселелерді талдап, салуға тырысамын. Өзіме керекті көптеген ақпаратты, қызықты киноларды, сонымен қоса ақын-жазушылардың шығармаларымен танысуда да интернеттің ықпалы зор.
Арай Құтжанова – 11- сынып оқушысы :
- Шыны керек мен ғаламторды мүлдем пайдаланбаймын. Себебі, онда жалған ақпарат көп. Тетіктерді басып әлде бір түсініксіз, бас – аяғы жоқ затты меңгеріп алғанға қарағанда, кітап оқып, ізденіп, жүйелі түрде сабағыма дайындалғанды жақсы көремін. Пайдасынан зияны көп әртүрлі парақшалада тіркелмегенмін. Адамдардың желіде хабар алысып, жазысуы басқа да ал өмірде басқа, сондықтан жасықтық, ойды дұрыс жеткізе алмау тағы сол сияқтылар көбейіп келеді.Оған қоса ғаламтор лайкомания дертіне әкелеріне сенімдімін. Яғни адамдардың қызығушылығы арта түссе сол нәрсеге тәуелді болады дегендік.
Данэль Русланқызы – 9-сынып оқушысы:
- Ғаламтор дегеніміз әмбебап нәрсе. Мен ғаламтор арқылы әуен тыңдаймын, кино көремін,барлық адаммен жедел түрде байланысамын, ақпарат алмасамын, жаңалық көремін, кітап оқимын т.б Тек ғаламторға байланып алып шықпайтындарды түсіне бермеймін. Мәселен менің парақшаларымды оқып шығу үшін бір сағат уақыт кетеді. Яғни ол тек достарың туралы жаңалық оқып, суреттерді көріп шығуға ғана кететін уақыт. Іздеу, оқу тағы өзге қызметтерді орындамағандағысы бұл. Сонда, бір тәуліктің 4, 5 пайызы қажетсіз әрекетке кетеді екен. Сондықтан ғаламтордың пайдалы жағын қолдануға тырысамын.
Өмір Дамир– 11-сынып оқушысы:
- XXI ғасыр техниканың дамыған заманы демекші, мен де заманмен бірге ілесіп келемін. Әлеуметтік желілерге белгілі бір уақыт аралығын бөліп, бүгінгі күнгі әлем жаңалықтарын және басқа да жаңалықтарды, қызықтарды тамашалаймын. Ал, газет-журналдарға тек қана бос уақытымды пайдаланып қана оқи аламын. Мысалы: «Сарканд» газеті, «Вечерний талдыкурган» және пән кітаптарын оқимын.
Есеп бойынша Қазақстандағы он жасөспірімнің жетісі вк, инстаграм желілерін пайдаланады екен, ал төртеуі фейсбук, твитр, скайп, перископ тағыда басқаларында тіркелген. Бұл қазақстандықтардың ғаламтор пайдалануда жетіліп келе жатқандығының дәлелі болып отыр.