Жаскешу түні

Түн. Жаскешу түні. Жаскешу түні демекші, осы қысқы демалыста ауылда жүріп агентке кіретінмін. Сонда статусыма «Жаскешу түні» деп жазып қойғам  ғой. Оны оқыған бір жігіт Жаскешуді  тура мағынасында түсініп, мені сол түн бойы жылап шығады деп ойлап келген екен. Кейін айтады: «Сені жігіті тастап кеткен екен, сол үшін жылап жатады екен деп ойлағам», - деп... Онысын естіп күлдім-ау. Жоға, Жаскешу – менің ауылым ғой.

Бүгін келдім. Ауылды сағыныппын. Үйдегілер де аурушыл боп, әбіржіп кетіпті. Алматыдан аз күнге сұранып, ата-әжемнің көңілін аулайын деп келген жайым бар. Алматы да қимай шығарып салды... Үнемі мен ауылға жүргелі  жатсам жылайтын да тұратын. Кеше де көңілсіз... қабағын шытып қолын бұлғап қалды артымда бұртиып Алматы. Білмеймін, жылады ма, жоқ па? Әйтеуір жібергісі келмеген шығар деп жорыдым өзімше.  Жайлы орынға жайғасыппыз автобуста да. Алматы – Шымкент тас жолына түсіп ап, зымырай жөнелдім «Асфальт, мені қайда апарасың» деп.

Таң ата ауылға да келіп кірдім. Көзімнің қарашығындай болған, Жаскешуім-ай! Елжіреп кеттім-ау құшағыңа еніп! Соңғы рет бір ай бұрын-ақ келіп кеткем, негізі. Әр келген сайын сезінгенім – осы! Туған жерге деген махаббатымның құдіреті шығар, шіркін...

Мен өскен ауыл, сен бәріне куәсің ғой!

Көшенің оң бетіндегі  үш қабатты ғимаратты көрдің бе? Иә, сол сұр шатырлы ғимаратты айтам. Ол – менің мектебім ... Бұл жаққа мойын бұрмай өту мүмкін емес. Жасы келген жайсаң жанды мұғалім апай ренжіп қалатындай...

 - Міне, осы жерден тоқтаңыз!

Папам ба күтіп тұрған? Демек жазылғаны... Бала көңіл әкем деп шауып келгенде мынау деген тіпті жағымды көрініс болды-ау! Құшақтап, сүйіп жатыр...

-  Пап, бір-ақ ай болды ғой кеткеніме)

Үнсіз... Ол үшін бір жылдай! Үйге кіріп келдім. Жылы төсекте таңғы тәтті ұйқыны қимай бауырларым жатыр. Сіңілімді «Әпкесін күтіп алмай неге жатыр ей?» - деп бір түйреп алдым. 5 жасар ол маған қып-қызыл алма алып қойыпты. «Кеше Ақерке әпкеме тосын сый жасаймын деп, ешкімге бермей жүрген» - дейді мамам. Алтыным-ау, көңіліңе рахмет!

Үлкен үйде жатқан атам мен әжеме асықтым содан соң. Соңғы кездері денсаулықтары мазалап жүрген олар мені қорқытты. Атамды құшақтап көп отырдым. «Екеуінің құшағы жазылмай қалыпты ғой» - деп әжем де қызғанып қалды. Оны да құшағыма қыстым. Мұздай бетіме ыстық лебі келген әжемнің құшағында да ұзақ тұрдым. Ауырғандарын ұмытып, жайраңдап қалды өздері. Мен де ем екенмін ғой деп өзімді ата-апама дәрі санап дәрежем өскендей боп қалдым))) Сонымен осылайша күн өтті. Алла қаласа бәрі орнына келеді. Ұйықтап қалды үйдегілердің бәрі. Ал мен ұйқыммен «ұрысып» қалып отырмын массагетпен сырласып... Жастығым да жақтырып тұрғаны шамалы... Көрпем қайда өзі? Ә, әне жатыр екен ғой. Ол да... Ол да мынау қайдан пайда болған дей ме қайдам, әйтеуір жатырқап жатыр анау бұрышта. Құрысыншы, бастысы – үйімдемін! Ұйқысыздың әңгімесі созылып, қысырланып кетсе, ренжімессіздер! Айтпақшы, Света әпшенің АЛТЫНЫ құтты болсын, ҚАЗАҒЫМ!!!)))

Жаскешуден Ақерке Әбілхан, арнайы массагет үшін)

Сағат па? Сағат 04.08. Күн ба? Күн де 04.08))) 



Бөлісу: