Жас режиссердің сәтті қадамы
блог
Қазақ ұлттық режиссурасының жас буыны жаңа есімдермен толығуда. Солардың бірі Асхат Маемиров. Қазақ Ұлттық Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясында театр режиссурасы мамандығын Маман Байсеркенұлы шеберханасынан тәмамдаған жас талант кейін Франциядан театр саласы бойынша тағлымдамадан өтіп, дипломдық жұмысын Мәскеудің Ресей театр өнерінің Академиясында қорғап (бұрынғы ГИТИС), магистратура академиялық дәрежесін алып шықты.
Асхат Маемиров режиссурадағы алғашқы қадамын Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрынан бастаған. Онда Ж. Аймауытовтың «Сылаң қыз», Т. Ахметжанның «Қараторғай», А.Кравцовтың «Күнікей қыз», Г.Хугараевтың «Қара шекпен», Е.Аманшаевтың «Қасірет драмасы», Э.Олбидің «Зоопарк», М.Байджиевтің «Махаббат жағалауы», С.Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасыр» спектакльдерін қойды. Бұл қойылымдар театрдың репертуарын толықтыра, қызық ете түсті. Осылардың ішінде белгілі америка драматургы Э.Олбидің «Зоопарк» пьесасы бойынша қойылған спектакль театр жұртшылығына кеңірек танылды.
Театр «Зоопарк» спектаклімен АҚШ-тың Риджфилд (Нью-Йорк іргесінде) қаласында өткен Михаил Чехов атындағы әлемдік театр фестивалінің лауреаты атанып, «ең үздік шеберлік» аталымын жеңіп алса, 2010 жылы Алматыда өткен Қазақстан мен Орта Азия театрларының халықаралық фестивалінде Джерри ролін орындаған актер Данияр Базарқұлов «ең үздік ер адам бейнесі» жүлдесіне ие болды.
Шығармада жеке адамның мәселесі арқылы қоғам мәселесі көтеріледі. Қойылым кітабын оқып отырған Питердің жайлы отырысын бұзып «мен бүгін зоопаркте болдым» деп Джерридің келуімен басталады. Осы сөздерді қайталап айта беруінен оны бір ой мазалағанын түсінуге болады. Джерридің бөтен адаммен болса да тілдескісі келетінін, ішкі жан айқайын сыртқа шығарғысы келетінін көреміз.