Жас өркеннің еңбегін қанау қашан тыйылар?



Жақында ғана құрбыларымызбен азық-түлік
дүкендерін аралап, керекті деген тамақтарымызды алып жүрген болатынбыз. Қолымыздағы
сөмкелеріміз тым ауыр болып, зорға дегенде көтеріп келе жатыр едік бір бозбала
көмекке келді. Біз риза болып, сөмкелерімізді бірінен соң бірін оның арбасына қоя
жөнелдік. Келе жатып бозбаланы әңгімеге тарттық.



-Есімің кім?



-Бейбіт.



-Осында
жұмыс істейсің бе? Өзің әлі мектеп оқушысы сияқтысың.



-Иә,
10-сыныпта оқимын.



-Жұмысың
ауыр емес пе? Жалақың өзіңнің жұмысыңа лайықты ма?



-Жұмыстың
оңайы жоқ қой. Таңертеңнен кешке дейін адамдардың жүктерін арбамен тасимын.
Айына 30 мың жалақы аламын. Шаршаймын әрине, бірақ қолқусырып отыра берсем маған
ақшаны кім береді?-деді Бейбіт.



Әрине,
ойлап қарасақ, күніне сегіз сағаттай ауыр жұмыспен айналысқан еңбегіне күніне
мың теңге алады. Бүгінде осы Бейбіт секілді жастар қаптап жүр.



Адам жас кезінде не істемейді? Жұмыстың жеңіл ауырына қарамастан
тер төгіп, өз еңбегіңмен тапқан нан тәтті емес пе қашанда. Адам баласының еңбекке
жарамдылығы кәмлет жасқа толғаннан-ақ басталады. Бұл жастан асқандар тезірек ер
жетіп, ешкімге тәуелді болмаудың жолы еңбек етіп жалақы алу деп түсінеді.
Алайда, қолында мамандандырылған дипломы, яғни жоғары білімі жоқ болғандықтан
ондай жастар кез-келген қара жұмысты жасауға даяр. Олар қандай жұмыстар және еңбектеріне
берілетін ақысы қандай?



Жұмыс
іздеген кез-келген жас жұмыс берушілерді жарнама газеттерінен, не болмаса
аялдамадағы тақтайшалардан, тіпті болмаса ғаламтор арқылы да іздеп таба алады.
Себебі, қазіргі таңда жұмыс табу аса қиын шаруа емес сияқты. Бірақ, олардың
барлығы дерлік жүк тасушы, көлік жуушы, күзетші (ұл балаларға), даяшы, кеңес
беруші, модель, промоутер, хостес деп
кете береді. Осылардың арасындағы бейтаныс
жаңадан шығып жатқан жұмыс түрлері промоутер мен хостес қой.
Промоутер-жарнама қағаздарын үлестіруші болса, хостес-маңызды қонақтарды күтіп
алушы. Әдетте бұл жұмысқа көрікті, бойы ұзын жас қыздарды алады. Ендігі мәселе
олардың жұмысының қанша ақшаға бағалануында болып тұр. Айталық, промоутер күніне
6-7 сағат көлемінде жүріп жүріп, немесе белгіленген орында жарнама қағаздарын үлестіріп
тұрғандығы үшін 1-2 мың теңге алады. Бұл жұмысты күнделікті жасайтындардың
біріншіден, аяғы мен буындары, одан кейін омыртқасына зақым келуі мүмкін.
Себебі, жеті сағат бойы күніне тұрып жүрген адамның бар салмағы аяғына түседі.
Соның салдарынан аяғының тамырлары шығып, варикоз ауруына шалдығуы ықтимал.
Хостес, модель қыздар күніне 5 мыңнан кем емес ақы алады. Хостес атаулылар тек қана
әдемі киініп, қонаққа жылы шырай танытуы қажет. Модельдер сол ақшаны сән әлеміндегі
жаңа топтамаларды таныстырып, көпшілікке ұсыну арқылы табады. Алайда, Қазақстанда
сән индустриясы әлі де болса қарқынды дамымағандығын ескерсек, сылқымдардың нан
табуы қиынырақ.



Кейбір жұмыс берушілер жастардың
тәжірибесіздігін пайдаланып, келіскен ақыларын төлемей кететін жайлары тағы
бар. Халықаралық еңбек ұйымының пікірі
бойынша, Қазақстандағы бала еңбегін пайдалану салалары мен нысандарына мыналар
жатады: үй шаруашылығы, ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы (мал бағу), құрылыс,
шағын бизнес (қара жұмысшы ретінде, май, бензин құю стансаларында, базарларда
тауарларды түсіру және тиеу, көліктік қызметтер (шағын автобустардағы
кондукторлар), қайыршылық, сексуалдық қанау (11-18 жас аралығындағы қыз
балалар), ұсақ тонау және тағы да басқалар.



Қазіргі таңдағы
статистикаға көз жүгіртсек, еңбекке жарамды жастағы жұмыссыз халықтын саны
474,8 мың адамды құрайды. Олардың 39,7% - ерлер, 60,3% - әйелдер. Еңбекке
жарамды жастағы (16-24 жас) жастар жұмыссыздығының деңгейі 4,0% (2011жылы–
4,6%), 16-28 жастағылардікі– 5,4% (2011жылы– 6,1%) көрсетіп тұр.



Жұмыс берушілердің тарапынан тағы
қандай әділетсіздіктер болады және ақыларына көңілдері тола ма? Осы сұрақтардың
жауабын жастардың өздерінен білейік.



Студент қыз: «Мен өзім 3 курстың
студентімін. Оқуымнан бос кезде Алматыдағы кафе-бар, ресторандарда даяшы болып қызмет
етемін. Күніне 4-5 мың теңге аламын. Жұмысқа тек сенбі, жексенбі күндері ғана
шығамын, сол себептен сабағыма еш кедергі келтірмейді».



Айғаным: «Бұрын соңды жұмыс істеп
көрмегенмін. ЖОО-да 2 курста оқимын. Өзім ақылы бөлімде оқығаннан кейін, аз да
болса ата-анама көмек болсын деп промоутер болып жұмысқа орналастым. Алғашқы
кезде бәрі де оңай сияқты көрінді. Адамдарға жарнама қағаздарын таратып тұрсаң
болғаны. Жұмыстың ауырлығын кейін түсіндім. Арада бір екі-күн өткеннен кейін аяғым,
мойным мен белімде ауырлықты сезіне бастадым. Оған қоса, бір күні бейтаныс
адамның біріне әдеттегідей қағазымды ұсынып едім, ашуға булығып балағат сөздер
айтқаны бар. Таңырқаған күйімде орнымда қатып қалыппын, намыстан өртендім.
Дегенмен, жұмыс болғасын соңына дейін шыдау керек. Екі апта жұмыс жасап жалақымды
алдым. Бірақ, енді екінші рет бұндай жұмысқа келіспеспін».



Тоғжан: «Кішкентайымнан модель
болуды армандадым. Дегенмен, ол жұмыспен қалай күн көремін деген оймен басқа
мамандықты таңдадым. Бойым 175 см, келбеттімін. Бос уақытымда неге модель болып
жұмыс жасамасқа деген ой келді. Салтанат сарайының біріне жолығып едім, бірден қабылдады.
Дәл сол күні «Неке қию» салтанаты кезінде қазақша көйлек киініп, би билеп қалыңдықты
көпшілікке таныстырған едім. Кейін кеш біткеннен кейін «сенің бұрын жұмыс тәжірибең
болмағасын ақыңды төлемейміз. Бұл сенің алғашқы тәжірибең болады»-деп құр қол
шығарып салды. Одан кейін тіптен барғым да келмеді».



Серік: «Ақылы бөлімде білім алып
жүрген студентпін. Жасым болса жиырмадан асып барады. Мәз-мейрам болып, ойнап-күліп
өмір өтіп жатыр. Еңбек етпесең ақша өздігінен келмейді. Өзімнің ақындық өнерім
бар, ән айтатын әуезді дауысым да бар. Алғашқы кезде дәрістерімнен шығып, күнделікті
күзетке жұмысқа баратынмын. Кейін тойларда фотограф немесе асаба болмасқа деп
ойладым. Бастапқы кезде кішкене ұялғаным бар, дегенмен қазір үйреніп кеттім.
Тойлар демалыс күндерге сәйкес келгендіктен бос уақытымда тойды жүргізіп, қарным
тоқ, уайым-қайғы жоқ үйге қайтатынмын».



Көріп тұрғандарыңыздай, ең
алдымен жастардың өздері жұмыс жасауға ынта білдіреді. Кейін жасаған адал еңбегіне
тиісті ақыларын алғысы келеді. Жұмыс берушілер тарапынан кеткен олқылықтардың
орнын толтыру мүмкін емес әрине. Десек те, өздеріңіздің құқықтарыңызды біліп,
келесі қадамдарыңызды нық басыңыздар дейміз.



 



 



Шаттық Болатқызы



Бөлісу: