Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология және әлем тілдері факультеті, жалпы тіл білімі және еуропа тілдері кафедрасы, лингвистика мамандығының 1-ші курс магистранттары Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Ұлы ақынның аудармаларын оқып, өз ойларымен бөлісті.
Қазақ даласының мақтанышы – Абай Құнанбайұлының орыс әдебиетінде айрықша орны бар А.С.Пушкин мен М.Ю.Лермонтов сынды ақындарының поэмаларын және Крыловтың мысалдары мен Буниннің өлеңін аударғаны дүйім жұртқа мәлім.
Жас лингвисттер Абай Құнанбайұлының аудармаларының ішінен «Евгений Онегин», «Қанжар» және «Вадим» поэмаларын салыстыра оқып шықты.
Абай Құнанбайұлы «Евгений Онегин» романын бөлек-бөлек үзінділер ретінде аударған. Сөйтіп, ол «Онегиннің сыпаты», «Татьянаның хаты», «Онегиннің ойы», «Онегиннің сөзі», «Онегиннің хаты» «Татьянаның сөзі», «Ленскийдің сөзі» деп жалғасып кетті.
Абай аудармамен жұмыс жасағанда ең алдыменен оқырманының ақынның ойын анық қабылдауын алға тартқаны көрініп тұрады. Мәселен, Онегиннің хатында Абай:
... Михрабымсың, бас ұрамын,
Тіл жете алмай ғүзіріме,
Жетпедім, не жасырамын,
Гауһарымның қадіріне,
- дейді. Бұнда алған теңеу "михраб" болуы ғажап емес. Татьяна орыс қызы болу себепті христиан дінінде. Ал "михраб" тек мұсылманның ғана мешітінде болады. Онда имамның ғана сәжда қылатын орны. Абай Онегинге осыны айтқызуда, өзі білген асылдың, өз оқушысы түсінген қадір-қасиеттің, асыл-құрметтің қайсысын болса да екі жастың сезімдерін жеткізуден аямағанын көрсетеді. Әрине, мұнда діндік ұғым-сөздікті алмай, осындай күшті жайды білдіретін халықтық ұғым-сөздікті алу әлдеқайда орынды болар еді.
М.Ю.Лермонтов «Кинжал» өлеңін былай бастаған:
Люблю тебя, булатный мой кинжал,
Товарищ светлый и холодный.
Задумчивый грузин на месть тебя ковал,
На грозный бой точил черкес свободный...
Абай осы өлең жолдарын тұпнұсқамен үндестіре, өте жақын былай тәржімалаған:
Сүйкімді болат қанжар, тұрсың жайнап,
Ыстық, суық майданда шығады ойнап.
Грузин ашулы ұста кекке соққан,
Ер шеркес соғыс үшін алған қайрап...
Жас лингвисттер Абайдың аудармадағы шеберлігіне, оның өз тіліндегі көркемдік құндылығын, құлаққа қонымды, көңілге жағымдылығын, қазақшаға аударғанда сол өзінің түпнұсқасындағы дәрежеде сақтай алуы, әрі оны қазақша етіп шығара білуіне баса назар аударды.
Жетекші: Күзембекова Ж. Ж.
Магистрант: Қалдыбекова С.А.