Жас буынның жарқын өкілі - Қыран Талапбек
блог
Сәлем, Массагет сайтының оқырмандары. Бүгінгі жазба осы жылдың соңғы жазбасы болмақшы. Бұл блог өте қызықты әрі сіздің өміріңізге әдемі бояулар сыйлай алатын пайдасы мол адам жайлы. Егер саған қызық болса, оқуды жалғастыр. Кеттік пе?!
Жас буын өзіндік ерекше идеяларымен құнды. Жаңа буынның болашағы – елдің болашағы. Қоғамда талапты да талантты жас буын өкілдері өте көп. Бірақ өскелең ұрпақ бойындағы күш-қуатын өзін-өзі дамытуға емес, мүлдем басқа нәрселерге жұмсайды. Бірақ жастарымызға дұрыс бағдар беру үшін не істеуіміз керек? Әрине, оларды жақсы жаққа бағыттайтын сапалы контент қажет, ал контент Facebook, Instagram, Telegram секілді әлеуметтік желілерде жетерлік. Қазіргі таңда инстаграм, телеграм желісінде жазылушылары мыңнан асатын парақшалар өте көп. Дегенмен, сол парақшалардың өз аудиториясына беретін сапалы ақпараты, жаңа ұғыммен айтар болсақ, «сапалы контенті» жоқ. Бүгінгі сұхбат беретін жанның әлеуметтік парақшалары қызықты ақпаратқа, әсерлі әрі сиқырлы атмосфералы видеоларға, суреттерге толы. Оның жазбаларын оқи отырып, сыни тұрғыдан ойлауға, қажетті-қажетсіз ақпаратты ой елегінен өткізуге бейімделесін. Омар Жәлел ағамыз айтқандай «жастарға үлгі болатын Әбіш (Әбдірахман) секілді идеал қажет». Мен де осы ұстанымды алға тарта отырып, Әбіштердің қатарына қоса алатын жандарды көбейтіп, таныстыруды жөн көрдім.
Инстаграм, Телеграм желілерінде танымал жас видеограф, блогер, фотограф Қыран Талапбек – менің кезекті блогымның қаһарманы. Бұл адамды бірі білсе, бірі біле бермейді. Қыран – Алматы қаласының тұрғыны, Сүлеймен Демирел атындағы университетте «журналистика» мамандығында оқиды. Бұған дейін Анкара қаласында "режиссура" мамандығы бойынша білім алған. Қыран Талапбек – өзінің 60 секундтық туындыларымен өзгеге шабыт сыйлайтын еліміздегі талантты жас режиссерлардың бірегейі. Қазіргі таңда Қыран әлемге әйгілі автокөлік брендтеріне бейнероликтер, уәждеме (мотивация≈уәждеме) беретін бейнелер түсіруде. Сұхбатта жаңа буынның өкілі Қыранның өнерге, өмірге деген көзқарасымен, отандық жарнама туралы ой-пікірлерімен бөліспек. Егер Қыранның шығармашылығымен жақынырақ танысқыңыз келсе, дереу оның инстаграмдағы @kyran_talapbek, телеграмдағы KYRAGRAM парақшаларына жазылсаңыз болады.
Видеограф, блогер, мотиватор... Қыран Талапбек бірінші кезекте кім?
Бірінші кезекте, Қыран Талапбек – «еркін адам». Ол өзінің жүрек қалауымен жүретін жан. Мен өзімді қыран құсқа тенеймін. Қыран – еркін, қырағы, тегеуріні мықты, қайсар құс. Менің де бойымда осы қыранның қасиеттері бар. Себебі видеограф әрі блогер болу үшін қырандай қырағы, тегеурінді болуың қажет. Осы қасиеттермен ғана қоғамға өз ойыңды ашық әрі батыл жеткізе аласың және діттеген мақсатыңа жетпей қоймайсың. Байқампаздық, қырағылық менің блогерлік қабілетімнен көрініс табады. Блогер болу үшін ой еркіндігі мен сана ашықтығы керек. Бірақ мен өзімді мотиватор деп санамаймын. Әрине, көпшілік қауым мені солай тануда. Менің негізгі мақсатым – өзімнің ойыммен, идеяларыммен өзгеге пайдамды тигізу және қоғамның ой-санасын жақсы жаққа өзгерту.
Басқаларға шабыт беруге шеберсіз. Өзіңіз неден шабыт аласыз?
Мен өмірден, музыкадан, өзгелердің шығармашылығынан шабыт аламын. Бір қызығы, шабыт маған көбінесе түнде келеді. Байқасаңыз, телеграмдағы жазбаларымды да түнделетіп жіберіп жатамын. Музыка тыңдап отырған кезде өздігінен ойлар ағыны келе бастайды. Тіпті, шетелдерде болған кезде жаңа таныстықтардың өзі әсер етіп, әлемге басқаша көзқараспен қарап шабыттана бастаймын.
Қазіргі таңда көптеген адамдар әлемді объективпен көруге құмар. Бұл сала көпшілікті қызықтыруда. Осы салада жетістікке жету үшін не істеу керек? Қыранның ерекшелігі қандай?
Әлемде қазір өзіндік нормалар дамуда. Бұрындары адамдар инстаграм желісіндегі парақшаларына суреттерді еш өңдеусіз салатын. Суретті өңдеу, ұялы телефондардағы арнайы қосымшалар (VSCO, Snapseed т.б.), суретті әрлендіру – қазірге дейін мұндай нәрселерді тек кәсіби фотограф қана білетін, ал 21- ғасырдың адамдарының суретке түсуге қатысты нормалардан хабары бар. Осының арқасында, әлемді объективпен көретін адамдарға деген талап өсуде. Бұл сала көпшілікті қызықтыруда, бұл маған ұнайды. Бірақ бұл салада жетістікке жету барлығының қолынан келе бермейді. Әрине, суретке түсіру мен видеограф болу – көпшілікті қызықтырып жатса, ол бізді қуантады. Дегенмен, осы саланың белестерін өзіндік стилі қалыптасқан және ерекшелігі бар видеографтар мен фотографтар ғана бағындыра алады және видеограф қалыптастырған стилін, ерекшелігін әрі қарай дамытып отыруы тиіс.
Менің ерекшелігім – қарапайымдылық пен шынайылықты сақтай отырып, сұлулықты көрсете білу. Мәселен, таудағы таңның атуын басқа адам шетелдік музыкамен сүйемелдеп қоюы мүмкін, ал мен ол кадрға жай ғана құстардың сайрағанын қосып, еш эффектсіз табиғат сұлулығын қарапайымдылықпен жеткізер едім. Жалпы, менің ерекшелігім осыда дер едім.
Байқауымша, сіздің қазақстандық жарнамаға көңіліңіз толмай жатады. Сіздіңше, отандық жарнамаға не жетіспейді?
Йә, менің отандық жарнамаға көңілім қатты толмайды. Жарнама үшін өте көп қаражат бөлінеді. Бірақ пайдасы өте аз. Барлығының ойында өзіңе көбірек пайда түсіре отырып, неғұрлым аз қаражатқа өнімді жарнамалау. Әрине, мұндай қаражатқа сапалы жарнама таба алмайсыз. Қазіргі таңда адамдар теледидарды және ондағы жарнамаларды көруден қалды. Себебі теледидардағы бейнероликтер көрерменнің ішін пыстырады. Адамдарға бір қызықты оқиға керек және жарнаманың аудиторияға ұсынылуы да ерекше әрі әдемі болуы тиіс. Біздің жарнамаға талғам мен шынайылық жетіспейді. Көбінесе жарнаманы Ресей елінің аудиториясына бейімделген жарнама қазақ халқының менталитетіне сәйкес емес және жарнамада жастарға, олардың мықты идеяларына орын жетіспейді. Өйткені, жарнама саласында қызмет өтілімі жоғары адамдар жастарды, олардың идеясын мойындағысы келмейді. Сонымен қоса, басшылық шығыны көп тың нәрсеге қаражат бөлгісі жоқ. Сондықтан да отандық жарнамаға көңілім толмау себебі – осы. Бірақ мұның барлығы уақытша. Қызметке жалынды идеяларымен жастар келмек, міне, сол кезде біздің елде «мәдени серпіліс» болады. Жаңа буын келіп, отанымыздағы барлық саланы дамытанына мен кәміл сенімдімін.
«KYRAN FILMS» - сіз үшін...
Мен үшін «KYRAN FILMS» - ол бренд. Бұл жоба туралы көп адам біледі, бірақ оның механизмін және қандай мақсатта жұмыс жасайтынын, онда қанша адам жұмыс атқаратынын біле бермейді. Бұл менің – кішкентай құпиям. «KYRAN FILMS» - менің артымнан ерген кішкене інім секілді және ол болашаққа жоспарлаған тосын сыйым. :)
Массагеттің оқырмандарына жаңа жылдық тілегіңіз...
Массагеттің оқырмандарына, барша Қазақстандықтарға бар жақсылықты тілеймін. Жаңа жылда қалаған мақсат-армандарына қалай қол жеткізгенін елестетіп, харекет етуін қалаймын. Армандар орындалатынын ұмытпаңыздар.
P.S. Еліміздің батыс өңірлерінде және осы жылдан бастап Қызылорда облысында жаңа жылды басқа өңірлерден бір сағат кейін қарсы алады. Жаңа жылдарыңызбен!!!