Жас азамат газеті

“Ұлы тұлғаларын білмейінше, бірде-бір дәуірді дұрыстап тану мүмкін емес. Адам тарихының айнасынан біз тарих көшінің жүрісін ғана аңдап қоймаймыз, оның рухын, тынысын сезінеміз. Сондықтан халқы мен елінің алдындағы өздерінің перзенттік парызын айқын да анық түсінген, қандай да қиын-қыстау жағдайда оны адал орындаудан жалтармаған адамдар қай дәуірде өмір сүрсе де, дәйім жұртының азаматы болып қала бермек. Тарихтың қай кезеңінде болсын, олар өз ұлтының бетке ұстар мақтанышы болып келген”

​                                               Нұрсұлтан Назарбаев

     Бұқаралық сананы өзгертуге , қазақ қоғамының ой-санасының жетілуіне бірден-бір назар аударып, отаршылдық езгіге қарсы тұра білген «Жас азамат» газеті қазақ баспасөз тарихында елеулі орын алатыны сөзсіз. Бұл кезең ең алдымен халыққа өз жолын ұсынып, артынан ілестіре білген қазақ зиялыларының бостандық жолындағы ерлігі деп білемін. Газет сауатсыз, қараңғы түнектегі халықтың сана-сезімін оятар құрал бола білді. Жалпы қоғам дамуындағы алдыңғы қатарлы саяси-әлеуметтік көзқарастарды бүкпесіз айтып отыратын, қазақ даласында болып жатқан барлық сұм оқиғаларды баяндай отырып, азаттық жолында күрес жүргізген «Жас азамат» газеті қазақ жастарының тұңғыш газеті болды. Газет беттерінде жарияланып отыратын әрбір мақала өзінің өткірлігімен, өзгешелігімен ерекшеленіп отырды. Тәжерибелерінің аздығына қарамастан, қазақ жастары бастарына түскен ауыртпалықтарына еш мойымай алға қойған мақсаттарына жетеміз деуі, олардың  халық алдындағы жауапкершіліктерінің мол екендігін, ұлт мүддесі мен бостандығы үшін жанын беруге дайын екендігін көрсетті. Қазақстанның ұлтшыл жастарының бұл ерліктері тарих беттерінде мәңгі ұмытылмайды. Сол заман тынысын айқындай білген «Жас азамат» газетінде саяси мазмұнды мақалалармен қатар халықты жігерлендіретін, әдеби-ағартушылық бағыттағы, қазақты ұйқыдан оятуға арналған өлеңдерде жарияланып отырды. Халық алдындағы адамгершілік парыздарын өтеп, азаттық жолын мақсат еткен «Жас азамат» газетінде жарияланған Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» атты өлеңі соны дәлелдеп тұрған секілді.

Мағжан Жұмабаев артына өшпес мұра қалдырған ұлт жанашыры. Өзінің терең , тағылымды өлең-жырларын газет беттеріне шығара отырып, ұлт намысын одан әрі қайрап отырды. 

«Көздерінде от ойнар,

Сөздерінде жалын бар,

Жаннан қымбат оларға ар,

Мен жастарға сенемін»(1)-деген өлең жолдарынан парасаттылық пен ұстанымдылықты байқаймыз. Менің ойымша Мағжан Жұмабаев өз заманының кемшіліктерін жан-жақты саралай отырып, болашаққа сеніммен қарап отырғанын білдірді. Жас ұрпақтың санасына ұлтшылдықты өлең жолдары арқылы жеткізгісі келген ол,ел ішіндегі айтуға келмейтін сұм оқиғалардан арылуды мақсат етті. Өз ұлтына жаны ашыған Мағжан Жұмабаевтың ащы даусын, жүрекке жетер толғанысын осы бір өлең жолдарын оқи отырып байқаймыз.

«Мен сенемін жастарға

Алаш атын аспанға

Шығарар олар бір таңда,

Мен жастарға сенемін»(1)-деп қазақтың өрімдей қыз-ұлдарын жақсы жаққа түзетіп тәрбиелейді. Жастарға намысқойлық пен еліне деген сүйіспеншілігін бойына дарыта отырып, тек қана жақсы қасиеттерді топтастыруға үйретеді. Бұл жастарға артқан үлкен үміт, зор сенім аяқ асты болмайтынына сенген Мағжан Жұмабаев ел есінде ұмытылмайтыны бәрімізге мәлім. Тіпті қазіргі кездің өзінде бұл өлең жолдары қазақи рух пен намысты көтеріп, қазақ жастарының өз еліне деген махаббатын оятып қана қоймай, өмірлік ұстаным ретінде айтуға тұрарлық ұран іспетті.



Бөлісу: