Жарыққа шықпаған жұлдызым

Ашылмаған арал. Бұл сөз әркімге  әртүрлі мағына берері анық. Бірақ түбіне үңілсек, жарыққа шықпаған темірқазық жұлдызымен пара-пар.
 
   Менің атам Рахымберлі Әлібайұлы 1928 жылы Көпбірлік ауылында жарық дүниенің есігін ашады. Сол заманда халқымыз балаға  жас кезінен жауапкершілік бергендіктен болар, бала кезінен жұмыс істейді. Ауылға еңбегі сіңген басшыларды жастайынан атшанамен дүптеген жеріне жеткізіп, ел ісіне араласа бастаған. Газет – журналға, кітап оқуға құмар болғандықтан білімі, ойлауы өзгелерден дараландырып тұрған деседі. Еңбек жолын ауыл әкімінің хатшысынан бастайды. 1968 – 1978 жылдары ауыл әкімі болады. Әкімдік жолында атам шындық үшін шырылдаған азаматтардың бірі де бірегейі еді. Сол себептен кейде әділетсіздікке ұшыраған кездері де бар. Бірақ өзінің ержүректілігімен, адалдығымен көзге түседі. Ауылымыз балығы тулаған, толқыны шулаған Балқаш көлінің жағасында орналасқандықтан атама түрлі қызметтер ұсынған кезде балық бақылаушысы қызметін таңдап алған көрінеді. Мұндағысы ауыл азаматтарының жалғыз кәсібі балық екенін ескеріп, оларға ең құрмағанда балық аулауға тыйым салынған уақытты айтып, халықты құлағдар ету. Сөйтіп өмір арнасының 1978 – 1985 жылдарында аудандық балық бақылаушысы қызметін атқарады. Одан соң зейнетте жүріп, барлық ауылға тиесілі ауданнан берілген заттардың қоймасында жауапты болады.
    Атам туралы естелік парақтарын ақтарсақ, өнер жолына да қатысы барын аңғарамыз. Тіпті біраз өнер матйалмандарының алғашқы ұстаздарының бірі болған. Өзі домбыра,  балалайка, мандалин аспаптарында еркін ойнаған. Шеберлігі сонша тауешкінің мүсінін қолдан жасап, оны жіпке іліп, бір ұшын домбыра шертетін қолына байлап алып домбыра тартқанда әлгі жануар билей жөнеледі екен. Бұл ақпаратты «І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің» музыка – педагогика факультетінің аға оқытушысы, домбырашы, сазгер – Мият Көпелбаевтың сұқбатынан оқығанмын.
  Досы көпті жау алмайды демекші, атамыздың абыройына емес, адамгершілігіне қарап жиналған жақындары өте көп. Олармен бірге аңға шығып, есік алдында әңгіме айтқанды жаны сүйетін. Жақын достары Әбіл
   Әжем –Қайныш Доскеқызымен отау құрып, жеті ұл, үш қыз тәрбиелеп өсіреді. Одан бөлек інісінің, туыстарының балалары үлкен үйге келгенде атам да, әжем де қабақ шытпай өз балаларындай қарайлаған. Апам сынықшы, атам да ел алдында беделді болғандықтан қара шаңырақтан кісі үзілмейтін. Әкемнің айтуынша, күнде үлкен қара қазанда тамақ пісірген апамның тағамының дәмі басқалардыкінен мүлдем өзгеше болған. Апамыз ауылда ауырған балалардың бәрін ұшықтап, отпен аластап, орамалмен байлап берген. Көз тиген кезде апам мені де самаурынның шоғымен аластағыны еміс – еміс есімде бар. Ол кісінің емінен соң расымен жүгіріп ойнап кететінбіз. Бірақ ең қызығы менің әкем – Уалихан ешқашан сынған сынығын салдырмаған екен. Өйткені үйге келген кісілердің айқайынан соң бала кезден үрейленіп қалған көрінеді. Атам да, апам да ауылда беделді, абыройлы, ақкөңіл кісілер етін. Мұндай жандардың тағдыр торабында ел басына күн туған заманда  шаңырақ құрғанының өзі бір құдайдың маңдайға жазған бағы шығар. Себебі ол кісілердің өмір сүрген жылдарында біз тәуелсіз мемлекет тұрғыны емес едік. Қазір ойланып отырсам,  сол заманның өрнегі атам мен әжемнің сұлбасын өреді. Қаншама қолында билік тұрса да бар жақсылықты ауыл жұртына берген атамның есімі ел есінен еш кеткен емес. Бірақ бұл өмір өз ағысын тоқтатпай оларды мәңгілік сапарға алып кетті. Рахымберлі атамыз 1995 жылы, Қайныш апамыз 2010 жылы дүниеден озды.
 
Асыл ата, көрмеген соң өзіңді, 
Ести алмай ботам деген сөзіңді.
Жүрек шіркін бір назданып қалады, 
Сүйсем ғой деп әжім тартқан жүзіңді.
Тас бейнеңе үнсіз қарап тұрамыз,
Еске алып кейде жылап аламыз.
Алақаным ысығанда сипасам,
Көк тасыңды жібір ме деп қаламыз.



Бөлісу: