Жарқын жұлдыз

Ақпан айының 27-ші жұлдызында көптен күткен «Жарқын жұлдыз» байқауы өтті. «Көмек» еріктілер қозғалысы ұйымының бастамасымен жыл сайын өткізілетін ән-би, аспаптар және поэзия байқауына қатысқан үміткерлер-Алматы қаласындағы мектеп интернаттарының өнерлі бүлдіршіндері мен балалар қалашығының дарынды жасөспірімдері.

       Байқау Университетіміздің ректоры, техника ғылымдарының докторы, академик, Қазақстанның ғылымы мен техникасына еңбегі сіңген қайраткері Ғалымқайыр Мұтановтың бастамасымен ұйымдастырылған «Айналаңды нұрландыр» жобасының барысында көрерменге жол тартып отыр. «Басты мақсаты - дейді, «Көмек» еріктілер қозғалысы ұйымының төрағасы Алмас Бірімжанов, - көмекке мұқтаж жандарды қоғамнан алыстатпау, олардың бойындағы дарындарын жетілдіру, жүздеріне күлкі, көңілдеріне қуаныш ұялату».

       Байқауға Алматы қаласындағы 5 мектеп-интернаттары мен 1 балалар қалашығынан дарынды бүлдіршіндер жиналды. Толықтай атап өтсек:

1. "№1 нашар еститін балаларға арналған арнайы мектеп-интернаты";

2. №3 жетім және ата-анасынан қамқорлығынан айырылған балаларға арналған арнайы "Жанұя" мектеп интернаты

3. №4 зағип және нашар көретін балаларға арналған арнайы мектеп-интернат

4. "№6 мүмкіншіліктері шектеулі балаларға арналған арнайы (түзету) мектеп-интернаты"

5. №7 мүмкіншіліктері шектеулі балаларға арналған арнайы (түзету) мектеп-интернаты

6. «SOSАлматы балалар қалашығы»

       Ән-би, аспаптар және поэзия жанрларынан бақ сынаған сайыскерлер өздерін барлық қырынан аша білді. Әдемі ән, мың бұралған бишілер, домбыраның қоңыр үні бәрі...бәрі өз кезегінде көрермендер көңілінен шықты. Әсіресе, поэзия жанры бойынша «Көркемсөз шебері» номинациясын жеңіп алған №4 мектеп-интернатының тәрбиеленушісі Фариза Бахытқызының орындауындағы «Зағип жанның монологы» атты өлең, жыр сүйер қауымның көздеріне еріксіз жас әкелді. Ал, ән айту сайысында «Алға, Қазақстан», «Мама» әндері көп қолдау тапты.Себебі, №1 мектеп-интернатының тәрбиеленушілері Айдарқызы Аида мен Асанова Умида жоғарыда атап өткен әндерді өз дәрежесінде орындап шықты.

       Аспаптар жарысында домбыра мен баян үні сахнаны ерекше күйге бөледі. Бұл бөлімде қара домбырасын асынған №4 мектеп-интернатының тәрбиеленушісі Айдарұлы Нұрбек Дәулеткерейдің күйі «Түркіменді» орындап, өз қарсыластарын басып озды.

       Би билеу саласында бақ сынаған 10 өнерпаз қазақтың, өзбек ұлты мен ұйғыр ұлтының билерін сәтті орындап шықты. Сонымен қатар сайыскерлер заманауи биден де алыс еместігін дәлелдеді. Бұл бөлімде №7 мектеп-интернатының өнерпаздары өздерінің өнерлерін айқын көрсетіп, басым күшке ие болды.

       Жобадағы бас жүлде 2 бөліктен құралып, әділқазылардың әділ бағасының нәтижесінде «Болашақ жарқын жұлдыз» номинациясын №3 мектеп-интернатының кішкентай бүлдіршіні Назира Сүлейменова «Ақбұлақ» әнін жоғары деңгейде орындап, жеңіп алды. Ал, екінші бас жүлдені иеленген жеңімпазымыз сол байқаудың басты мақтап айтарлық өнерпазы болды десек артық айтқандық емес, себебі, бұл сайыскеріміз айналасын көріп, күннің шапағын бақылай алмаса да, қоршаған ортадағы әдемілікті көре алмаса да, өз жүрегімен барлық сұлулықты сезінетіндігінің дәлелі ретінде «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» - атты әнін орындап, барша қазақ қыздарына осылай ән арнады. Тіпті, жеңімпаздың әнін құшырлана тыңдаған көпшілік қауым , оның бірнеше ән орындап беруін сұрап, талантына зор қошемет білдірді. Сонымен, «Жарқын жұлдыз» байқауының бас жүлдесін еншісіне байлағын, ерекше дарын иесі - №4 мектеп-интернатының тәрбиеленушісі Ерхат Тәжібаев осылайша қоңыр сазды үнімен көрермен санасында өшпестей із қалдырды.

      Әділқазылар алқасының құрамында Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының арнайы жобалар бөлімінің маманы Алдамжарова А.Т., Алматы қаласы БҚҚБ-ның (Балалардың құқығын қорғау басқармасы) бөлім жетекшісі Айтқұлова Г.М., Алматы қаласы «The Ritz-Carlton Hotel Company» қонақ үйі Кадрлар бөлімінің қызметкері Надежда Олеговна және де Университетіміздегі Жастар ұйымдарымен жұмыс жөніндегі бөлім бастығының міндетін атқарушы Қартаева С.К., Жастар ұйымдары комитетінің жетекшісі Абдикадыров Н.Б., «Студентер Сенаты» ұйымының төрағасы Тілеуберген Н.М., Болон үдерісі бойынша студенттік бюросының төрайымы Успанова Д.Қ., «Көмек» еріктілер қозғалысы ұйымының экс-төрайымы Шәймерденова А.Б. және қазіргі төрағасы Бірімжанов А.Т. болды және олар әділ баға бере білді. Байқау соңы естелік суреттерге түсумен және балаларға арналған сыйлықтардың таратылуымен аяқталды. «Көмек» еріктілер қозғалысы ұйымының ұжымы байқаудың жоғары деңгейде өтуіне қаржылай ат салысқан және балаларды сыйлықпен қамтамасыз еткен төмендегідей демеушілерге алғыс білдіреді:

* «The Ritz-Carlton Hotel Company» қонақ үйі ұжымына (балаларды кеңсе тауарларымен қамтамасыз еткен және байқаудың өтуі кезіндегі кеткен шығындар орнын толтырған)

* «Danone» акционерлік қоғамының ұжымына (әр балаға 5 иогурттан берілуін қамтамасыз еткен, жалпы 700 иогурт)

* «ALSER» сандық-техникалы дүкендер желісінің ұжымына (бас жүлдегерлерді Samsung Galaxy Star ұялы телефонымен қамтамасыз еткен)

* Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының арнайы жобалар бөлімінің маманы Алдамжарова Айсұлу Тілеуқызына (жеңімпаздарға арналған сыйлықтар )

* «Көмек» еріктілер қозғалысы ұйымының экс-төрайымы Шәймерденова Айнұр Болатқызына (жеңімпаздарға арналған сыйлықтар )

       Іс-шараны тамашалаған көрермен ретінде, ұйымдастырушы топқа, дәлірек айтқанда «Көмек» еріктілер қозғалысы ұйымының белсенді мүшелеріне алғыс айтқым келеді. Себебі, өз ісін тыңғылықты орындап жүрген бұл ұйым Университетіміздегі студенттер бірлестігінің бірі ғана емес бірегейі! Әрбір істеріңізге табыс, еңбекті жеміс тілейміз! Сіздердей «Жетімсіз мемлекет» құруға, көмекке мұқтаж жандарға мейірім сыйлауға дайын тұрар жастарымыз көбейе бергей!

 

                                                                                                                                  Дина Төлегенова



Бөлісу: