Қазіргі өркениетті қоғамда тіл адамзаттың баға жетпес құндылығы болып саналады. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев халқымызға арнаған “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” атты Жолдауында “Тілдердің үштұғырлығы” атты мәдени жобаны іске асыруды ұсына отырып, және мемлекеттік тіл – қазақ тілі, ұлтаралық қарым-қатынас тілі – орыс тілі мен жаһандық экономикаға табысты кірігу тілі – ағылшын тілі болуы тиіс екенін ерекше атап көрсеткен. Сонымен қатар еліміздің ҚР «Білім туралы» заңының 5-бабында «Барлық оқу орындары мемлекеттік жалпы міндетті стандартқа сәйкес мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін білу мен дамытуды, орыс тілі және бір шетел тілін оқып үйренуді қамтамасыз етуге тиіс» деп жазылған болатын.
«Заманың түлкі болса, тазы боп шал»,- демекші заманның талабына сәйкес кем дегенде бірнеше тіл білуіміз қажет. Әрине кез- келген азамат үш тілде сайрап тұрса, бұның несі жаман?! Және біз сол тілдерді жетік меңгеру арқылы басқа дамыған елдер қатарына жетіп, терезесін тең ете аламыз еліміздің.
Ағылшын тілін оқыту - бұл өскелең ұрпақтың білім кеңестігінде еркін самғауына жол ашатын, әлемнің ғылым құпяларына үңіліп, өз қабілетін танытуына мүмкіншілік беретін бүгінгі күнгі ең басты қажеттілік деп айта аламыз.
Бүгінде саясат пен экономиканың, халықаралық қатынастың, журналистиканың яғни ғылым мен білімнің барлық салаларында қолданылып келе жатқан тілдердің бірі де бірегейі – осы ағылшын тілі екенін ескеруіміз керек. Бірақ ағылшын тілін білудің қажеті жоқ деп санайтын адамдар аз емес. Кейбір ата-аналар бірінші сынаптағы балаларға ағылшын тілін оқып не керек, жеті жасар ойынның баласы ағылшын тұрмақ өз ана тілін жетік меңгеріп алсын деген пікірлерді көп естиміз. Иә, халық айтса, қалт айтпайды деген қағидаға сүйенсек, бұл сөздің де жаны бар. Десе де, жеті жасында ағылшын тілін үйренбей, он жеті жасында опық жеп жүрген жандар қаншама.
Ағылшын тілін үйрену арқылы , сол елдің тарихымен, мәдениетімен, әдебиетімен танысып, дүниетанымымызды кеңейтуге жол ашамыз. Және, сонымен қатар тек өзімізге ғана емес, тұтастай мемлекетке пайдамызды тигізіп, өркениеттің болашақта бәсекелестікке қабілетті алдыңғы қатарлы озық елдердің қатарына енуіне мүмкіншілік жасаймыз.
«Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, білім, ар, мінез қасиеттерімен озады», - деп Ұлы ақын Абай айтпақшы , еліміздің болашағы – көш басында жүрген, яғни жеті жұрттың тілін білетін жастардың қолында деп сенеміз!
Ермекова Салтанат
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің 2 курс білімгері