Жаратқан, қартайғанда мені жалғыз қалдыра көрме?

Жаратқан, қартайғанда  мені  жалғыз қалдыра көрме?
жеке
блог

Жердің бір жеріндегі бір қалада  бір коммерциялық телеарна бар. Сол арнаны қоссаң болғаны  өмір сүргің келмей кетед. Шенеунік біткен-жемқор, бизнесмен атаулы-ұры-қары, билік-топас, басқалары-алаяқ. Қысқасы аяқ жетіп, көз көретін жерде   іске алғысыз ештеңе де, ешкім де жоқ. Жарайд! Жағдайлары білсін! Әңгіме олар туралы емес.

Осы арнаның  апталық бағдарламасы бір кейуананы кейіпкер етіп алыпты. Себеп-әлгі қарттың үйіне жылу берілмеген. Бүрсеңдеп тоңып отыр. Үй ескі. КСК жертөлені жөндеп үлгермей жатыр. Кооператив төрағасының «жұрт ақша төлемейді» деп еңірегенде етегі толады. Дәл қазір тап осындай жағдай Қазақстанның кез келген түпкірінде бар. Және ол байғұс кемпірді пайдаланып, жерден жеті қоян тапқандай айғайлайтындай нәрсе емес, меніңше. Зар еңіреген тұрғындарды теледидардың  даусын өшіріп қойып, көрген адам «Соғыс басталып кетті ме?» деп қорқатыны анық. Әсіресе  ана кейуана зар илегенде зәрең ұшад. Өзі жалғызілікті адам екен. Тілшілердің «тауарын» өтімдірек ету үшін  өзін құрбандыққа шалып отырғанын қайдан білсін? Жанары жәутеңдеп адамның жүрегін ауыртад...

Жаратқан, мені жасым еңкейген шақта жападан жалғыз қалдыра көрме?

 Мен ол кезде бастауыш сыныптың оқушысымын. Біздің үйге шалы дүние салған соң  Тәрбия әже көшіп келді. Ол кісі менің әжемнің жеңгесі. Өзі шүйкедей ғана кемпір еді. Қанша асты-үстіне түсіп, бәйек болсақ та әлгі байғұс баланың да, шағаның да қабағына қарап жәутеңдейтін де отыратын.Әсіресе, кешқұрым бір шөкім болып бүрісіп, теріс қарап  жатып алатыны аянышты. Тәрбия әжені ренжітіп алмау үшін үйімізде мүлгіген тыныштық орнайтын.Сөйтіп жүріп  ол кісі де өтті өмірден. Бірақ, сол қамкөңіл қария, жәутеңдеген жанар  әлі де менің  есімде... 

Жаратқан, мені жасым еңкейген шақта жападан жалғыз қалдыра көрме?