Жапырақтар сөйлесін....

Жапырақтар сөйлесін....
жеке
блог

......Сарғайып барамын...Табиғат ана мені мың өліп,мың тірілсін деп жаратқанын алдын ала білгенімде,бұлай болмас па еді?!.Көктем келгенде жер анаға жан бітіп,айнала жаңа туған сәбидей жаңа реңкке бөленіп,ақ мамыққа оранған қыс құрсауынан аман-есен шығып,көк атаулысы жер бетін қаптап,ағаштар бүршік атушы еді.Көктемді ұнатамын,маған дем берген.Сол уақыттарда бір атаның балаларындай,бір ағаштан тараған қаншама бұтақтарда түйір-түйір боп,тіршіліктің нышаны білінетін де,сол тіршілік бүршік жарып,қыстан қу жалаңаш шыққан ағаштарға сән беріп ақ,алқызыл түстес бүршік гүлдерге көмкеретін.Адамдардың жаны табиғаттың көз тоймас келбетіне қарап рахат алып,жандары бір жадырап сала беретін.Дегенмен де жаңаның аты жаңа емес пе...Жәйлап бүршіктерде жерге түсіп,желмен бірге жан-жаққа шашылып жататын.

...Біз,жапырақтар,жыл мезгілдеріне сәйкес түрлі эволюциядан өтетінімізді білмедік.Бірінші бұтақтарға қаумалап шығып бүршік аттық,келесі де ол бүршіктер төгіліп жерге түсті,жерге түсісімен жайқалып жап-жасыл жапырақ болып шыға келдік.Жасыл жапырақ,мен сол сәттен жапырақ атандым.Біздің бұтақта шамамен мыңдаған мен сияқты бауырларым бар.Ал бір ағашта көп бұтақ болатынын ескерсек,жалпы санын есептей алмайды екенмін.Біздің өміріміз гүлдене түсті,күннен-күнге біздің саямызға адамдар көптеп келетін болды.Бұл бізді марқайтып қоюшы еді...

...Жаз да келді.Жап-жасыл боп әлі күнге дейін тұрмыз.Бізбен бірге жағаласып қып-қызыл ,түйір-түйір жидектер шыққан болатын.Солар пісуге жақын қалды.Оны қойшы,біздің өміріміз қызықты өтуде.Неліктен дейсіз ғой,біз адамдар тамашалай алмайтын табиғаттың тылсым сырларын күнде тамашалай аламыз.Таңды атырып,күнді ұясына батырамыз.Аспандағы бұлттардың көшкенін қарап,кемпірқосақтың шыққанын бақылаймыз.Жаңбыр суына шомыламыз,шөлімізді қандырамыз.Жазғы самал желменен тербеліп,ырғатыла билей жөнелеміз.Біз бәрін де естиміз,бәрін де көреміз.Жанымызда өтіп бара жатқан адамдардың сөздерін тыңдап,сырларын ұрлаймыз.Ғашық жандардың жалындаған сезімдеріне ортақ боламыз.Қарттардың айналаға ұзақ қараған үнсіздігіне куәгер боламыз.Тіпті,сұлу қыздармен бірге суретке де түсіп аламыз...

...Бірақ біздің сезіміміз сыртқа адамдардікіндей сыр боп төгілмейді,ең өкініштісі...

...Бір күні күн суытып кетті,жел болды,дауыл тұрды.Адамдар жаздың жайдары күндеріндегідей жадырап,күліп-ойнап жүрмейтін болды.Ауа райы да қаталдана бастады.Эволюцияның жалғасып жатқанын ұқпай әлекпіз.Жауын-шашын көбейіп кетті.Үстіміз малмаңдай су.Жер шылқып жатыр,асфальт үсті айна секілді,ал қара топырақ лайланып,адамдардың дегбірін алып жатыр.Сөйтсек,күз де келіп жетіпті.Адамдар жазғы демалыстан көңілденіп келіп еді,күз жеткенде әр пенденің басында бір уайым...Қоңыр күзден соң күлімдеп күн шығып,көктем келер деп күттік,мына сүреңсіз өмірден,күрең күзден жалыға бастадық,тіршіліктің басталар тұсын аңсадық,көктемді сағындық,сағынышымыз сарғайып,ол аздай өзімізде сарғая бастадық.Жасыл өңімізді сары дақтар басып мазамызды қашырды.Ауырып қалған жоқпыз ба,күзгі соққан желменен деп ойладық та...Алайда дерт дендеп өне бойымызды сарғылт дақ жаулап алды.Бір-бірімізге қарап аң-таңбыз,түсінбей әлекпіз...Уақыт өте бері,бұған да үйреністік.Адамдар жанымызға келіп,табиғаттыңтамашасын-ай деп суретке түсіп әлек,ал біздің жанымыз одан да қатты жаралана берді...


...Бір күні...Бір күні қатар шыққан жолдас жапырақ жерге үзіліп түсті.Мен онымен бірге айналадағы адамдарға қарап тұрған едім,кенеттен жолдасымды таба алмай қалдым.Ұшты-күйлі жоқ,іздемеген жерім қалмады.Төменге қарасам  сарғайған бір жапырақ  жерде жатыр.Тіршілік белгісі байқалмайды.Ол менің жолдасым болатын.Рас,кешелі-бері сол жапырақ өзін жайсыз сезініп,денесінде бір өзгеше құбылыс жүріп жатқанын айтқан болатын.Ал енді бүгін....ол тіршілікпен қоштасты.Жылай да алмаймын,осы сәтте жаңбыр жауып менің жанымдағы мұңды шайып әкетсе ғой...Бұл басы ғана екен,бұдан кейін қаншама жапырақтар жерге түсті,кейбірін жел ұшырып алып кетті,санымыз күрт азайды.Жер беті сары жапырақтарға оранды.Ең өкініштісі,адамдар менің бауырларымды аяқтарымен таптап кетіп бара жатты.Өлген денені одан сайын өлтіріп,езгілеп жатқанын бұл адамдар түсінбейді де ғой...

 

...Біздің жанымызды «шырша» атты ағаш болатын.Қызық,жапырақтары әлі сол күйінде жап-жасыл,еш өзгерместен сол жап-жас күйінде тұр.Табиғат анаға ренішім күннен-күнге арта түсуде.Менің де уақытымның таяп қалғанын сезіп тұрмын.Жаңағы «шыршаның» маған жақын тұрған бір жапырағы әңгімесін бастап кетті.Маған ұзақ өмір сүрмейтіндігімді айтып,алдыңда қыс бар,сен күзден аман шықпайсың деп келеке етті.Ал мен болсам намысқа тырысып,ағаш бұтағына қатты бекініп алдым.Жапырақ деген атым ғана болмаса күлеңкі секілді жылтыр денем қалғандай,ызғарлы жел өтіне әзер шыдаудамын.Күздің күңіренген күндері бітер емес.Кешегі жапырақ айтқандай,қытымыр қысты күтудемін,бірақ ол асығар емес.Ал мен асыға күтудемін....


...Мен бекінген ағаш маған сырын ақтарып,ендігі қасарыспай жерге түссеңші дегендей сынай танытты.Мына әлем маған қарсы күш жинағандай ма,әйтеуір тіршілік атаулысы үрки қарайтын болыпты.Жанымдағы жапырақтар азайып барады.Жердегі өлі жапырақтар бір-бірін денелерімен көмуде.Аула сыпырушысының қызметі қиындай түскен бе,бізге әлі жете қоймады.Бірінің үстіне бірі үйіліп,үзілген жапырақтар үйіндіге айналуда.Бұның бәрін түгелімен баяндап беру маған тым ауыр тиді...Тым ауыр...


...Міне,мен де үзіліп барамын..қимаймын ,мына тірі табиғатты қимаймын.Қысты көріп кетем бе деген үмітім үзілген-ді, енді өзім үзіліп жерге түсіп барамын...Адамдардың табанының астына тапталуға барамын,мен де өлемін.Қоқысқа айналып,аула сыпырушысының сыпырғысына ілігемін.Содан соң....Енді қайта тірілмеймін...Өкінішті,өзім өсіп-өнген ағашты жалаңаштап,жалғыз қалдырып барамын...Мен көктеммен бірге өнген едім,күзбен бірге көміліп барамын.Қош бол,енді ,қош күрең күз,қош табиғат!...Мен сенде өсіп,сенде өлмекке жаралған екенмін...