Жаныңды ауыртады екен...

Бір күн ұрысып, бір күн табысып, жайдары жүзіңнен тек: "Кәз менен таяқ жейсің" деген, Анаңның сөзін естігенде ғана,  мұңаятын біздерге... Балалық шақпен осылай тез қоштасу жаныңды ауыртады екен...

Тілім-тілім болып кеткен табандарымыз ауырса да, желмен жарысып үйренген біздерге... уақытпен жарысып өмір сүріп, оған жете алмау, жаныңды ауыртады екен...

Қандай тағам берсе де,ол тіпті, тәтті болса да, әйтеуір, жақтырмай жейтін біздерге... амалдың жоғынан, су татитын тағам берсе де соның өзін қанағат тұтып, сүйіп жеу жаныңды ауыртады екен...

Күнде мың еркелеп, мың таяқ жеп жүрген біздерге... еркелемесекте, Өмірден таяқ жей беру жаныңды ауыртады екен...

Құмға аунап, шаңның ортасында, үстіңе ілінгенін киіп, киімсіз де жүре беретін біздерге... қасыңдағы құрбыңнан да әдемі киініп жүру үшін жанталасатының жаныңды ауыртады екен ...

Кеше ғана доп теуіп, қуыршаққа таласып бірге өскен құрбыларыңның-бұл күнде... Саған сәлемдесуге  мойын бұрмай, байқамай кететіні жаныңды ауыртады екен...

"Бақыт" дегеннің не екенін түсінбей, бақытты болып жүрген біздерге... Шынайы бақыттың қаншалықты қымбат тұратынын түсіну жаныңды ауыртады екен...

Анаңнан сағызға 5 сом сұрап, бермесе ұмытып кете қоятын біздерге... бар өміріңді сол ақша табу қамында қиналып жүріп өткізетінің жаныңды ауыртады екен ...

Әрқашан алаңсыз жүретін біздер, аңғалдығымыздан ба, бейғамдығымыздан ба, балалық шақты өткенге бұйырып, енді бүгін тек болашақ туралы ойлай беру жаныңды ауыртады екен...

Кеше сен үшін айрылмастай көрінген, қимас асыл досыңның бүгін тек... танысыңа айналғаны жаныңды ауыртады екен...

Апамыздың  өтірік ертегілерін естіп үйреніп қалған біздерге... өмірдің "Шындық" атты ертегісін қанша қайталап айтып беріп жатса да, жаттап қала алмайтынымыз  жаныңды ауыртады екен...

Біреу қолыңнан добыңды тартып әкетсе, ешкімге өз есеңді бермей, добыңды оның қолынан жұлып аларлықтай батыл болып өскен біздерге... біреудің қолында кеткен бақытымызды жұлып ала алмайтынымыз жаныңды ауыртады екен ...

Қойлармен де туысқан адамдар сияқты араласқансып, оларды жаныңа жақын қылып өсіріп үйреніп қалған біздерге... миллиондаған адамдардың арасынан жаныңа жақын адам таба алмауың жаныңды ауыртады екен...

Мектепте мұғалімнің қаталдығын жеңіп, оларға еркелеп өсетін біздерге, өмір деген ұстаздың қаталдығына бойсұнып, еркелікті ұмытуың жаныңды ауйыртады екен...

Біреу бір жеріңді ауыртса, анаңның тізесіне отырып, шағым айтып үйреніп қалған біздерге, қасыңда жүрген анаңа жүрегіңді ауыртқан адамға шағым айта алмауың жаныңды ауыртады екен...

Өтірік бір нәрсе айтып, үйдегілерді шынайы сендіріп үйреніп қалған біздерге, шынайы айтсаңда ешкімді өзіңе сендіре алмау жаныңды ауыртады екен...

Мәңгі бірге боламыз деп өскен бауырыңның, күннен-күнге алыстап бара жатқанын көру жаныңды ауыртады екен.

"Жаным, күнім" деп, еркелетсе - жәніміз кіретін біздерге... ерте, тым ерте есейіп кеткеніміз жаныңды ауыртады екен...



Бөлісу: