Жаныңда бола алмағаныма кешір...

Мен осыдан төрт жыл бұрын Алматыдан алыс кетіп, Түркістанда оқыдым. Бөтен қалада әбден жалғызсырадым. Біраз уақыт оқуды тастап үйге қайтам деп те жүрдім. Сондай жалғызсыраған шақта жаныма жалау боп, қиындығымды қуанышқа алмастыруға тырысатын Айымхан есімді қыз болды. Өзі ерекше еді. Бірінші курста екеуімізде жатақхана ала алмай пәтер жалдап бірге тұрдық. Менің жатырқайтын әдетім бар, оны әлі онша танымаймын да. Ал ол болса өте көңілді, жайдары, жаны жайсаң қыз болды. Үнемі менің қас-қабағыма қарап жүретін. Мен жақын маңда тұратын қыздар құсап, сенбі күні сабақ бітісімен Алматының автобусына билет алып, үйге тайып тұратынмын. Түркістанға үйрене алмай жүргенім ғой. Сондай кезде дүйсенбіге сабақтан кешіксем, шыр-пыр болып оқытушылардың артынан жүгіріп, маған жоқтама қойдырмайтын. Өзі Оңтүстік Қазақстан облысы, Ақбастау ауылының тумасы. Есімі Айымхан. Атының Айымхан болуының да айырықша себебі бар. Айымханның екі әпкесі, төрт ағасы, үш інісі бар. Әкесінің бірінші әйелі қайтыс болып, Айымның анасына үйленген. Алдыңғы екі әпкесі мен төрт ағасы сол "үлкен мамасының" балалары. Ал екінші жұбайы біріншісін қыз босанғанда әкесі бірінші әйелінің есімін беріпті. Сонымен Айымхан болған. Бәрі де, бір ана, бір әкеден жаралғандай тату-тәтті. Көпке үлгі отбасы. Сол құрбым Айымхан ақылы оқитын болғандықтан, отбасы жағдайына байланысты 1-курстан кейін оқудан шығып кетті. Менің бір қабырғам қайсып, көңілім құлазып қалды. Бірақ Айымның арқасында Түркістанға үйреніп қалған едім. 2-3-4-курстарда жатақханада тұрдым. Студенттік өмірім өз уақытымен, өз қызығымен өтіп жатты. Кейін Айымды екі жыл өткен соң Астанада көрдім. Арнайы кездестік.

Содан кейін мүлде көрмедім. Бірақ оған деген сағынышым ерекше. Тек телефонмен, интернетпен байланысып тұрамыз, бірақ кездесіп, сырласқанға жетпейді ғой. Оған айтам деп жинаған, ешкімге айта алмайтын сырларым қазір де ішімде сайрап жатыр.

Бүгін менің сол құрбымның туған күні. қасында болғым-ақ келеді. Бірақ өмір ағысы бізді әлдеқашан екі арнаға ағытқан. Алыс болсақта жанымыз бір деп, оған барлық жақсылықтарды тілеймін! 

Мынау сен ерекше жақсы көретін гүл, жан құрбым! Туылған күніңмен!

(Оның интернетке онша қызығушылығы жоқ, мұны оқымайтынын білем. Бірақ сіздер арқылы оны туған күнімен құттықтап, сіздер арқылы сағынышымды басқым келді)

Достарымыз аман жүрсінші!



Бөлісу: