Өмірімнің бір сәтінде бақытты болудың жолын іздеп, көп ойланған кез болған-ды. Шыны керек, бақыт сезімін тудыратын жайттардың қасымда болғанына қарамастан, айналамдағы жандардың қуанышын елеместен, көңілімнен бір дерт шықпай қойды. Олардың бақытын сезіне отырып, өзімнің неге күлкіге ерік бере алмайтынымды ойласам, басым қататын. Негізі, кейбір сәтте сол кезім қайтып оралатын секілді. Дегенмен, өмірге жеңілдеу қарайтын болдым. Мүмкін, сол сәтім жалғаса бергенде, менің жаным өліп қалатын ба еді. Ал жан өлсе, тәннің өлуіне де ұзақ қалмайды. Әлемде көптеген, сан мыңдаған сауалдар бар. Шешімін табу үшін тереңірек үңіле берсең, адасып кетесің. Бір уақ сол сауалдарға жаныммен берілдім. Неге? Кім? Қалай? Түрлі сауалдар туындаған сайын жаным аза берді. Қайтарға жол таба алмай қалғандаймын. Сол кезде шынымен қиын болды. Менің Жоғары күшке қанша рет жалбарынғаным өзіме аян. Ақыры, көңілдегі ауыр жүк жеңілдеп, бақытты іздеуді қойдым. Жерұйық іздегендей болдым-ау деймін. Қазіргі ұстанымым, бақытты өмір жоқ, бақытты сәттер ғана болады. Сол бақытты сәттерді көбейту - өзіміздің қолымызда екен. Мен көп нәрсеге оңай қарайтын халке жеттім. Әрине, ауырсыну, күйзелістер, мәселелер туындап жатады. Дегенмен, жүрегім мен санам бірігіп, бәрін реттеп береді.
Бұл жазбаны неге жаздым екен деп ойладым. Мен танымайтын, бірақ, маған тым жақын бір жан осы шырмауықтан шыға алмады. Керемет жан еді. Арман еді. Сенің жаныңды түсіну маған бұйырмаған да шығар. Бірақ, әлі күнге дейін сені түсінгім келеді. Айтқым келеді, айғайлағым келеді. Қапсыра құшақтап, құтқарғым келеді. Сен жалғыз емес едің. Тек сен сол жалғыздықты жаныңмен қалап алдың. Егер жаны мен жанары сай мінсіз жан болса, сені теңер едім. Сенің жанарыңдағы мұңды ешкім кетіре алмады. Тым өкінішті...
Мен жанымның жабырқап, жалғыздыққа тап болуына мүмкіндік бере алмаймын. Себебі, қорқамын. Сондықтан да, қолымнан келгенше, жалғыздықты алшақтатып, жаза беремін. Жазғанда ғана қара түнек алыстайтын секілді. Мүлдем жоқ болып кеткенше, жаза бермекпін.
Періштем, қош бол! Сен мықтысың! Сен жарадың! Жарадың...