Жаны қартаймаған жақсы адам немесе сатирик Мартбек Тоқмырза туралы
блог
Бір-біріне ұқсамайтын кезеңдердің де ортақ бір ұқсастығы бар: аға буын кейінгі толқынға көңілі толмай қарайды. «Біз бұлардың шағында басқаша едік. Қазіргі жастар қайда барады?». Уақыты келгенде біз де солай дерміз. Жастықта жанымыздың жалын, ойымыздың өрт, көңілдің албырт, жүректің аңғал, арманның мөлдір болғанын ұмытармыз... Ұмытпайтын жандар болады. Жаны мәңгі жас. Көңілі мәңгі бала. Мен ондай жанды тану бақытына ие болдым. Аллаға сансыз мадақ. Мартбек ағамыз сияқты адаммен бір уақытта өмір сүру, бір жерде тіршілік кешу, ортақ сыр табу – жаратқанның сыйы дер едім.
Көп адам күйкі тірлікпен жаны қартайып, шашы ағарып жүргенде, Мартбек ағамның жүрегі пендешілік шимай салмаған ақ парақтай тазалығын сақтап еді. Жастыққа ғашық. Айналасы толған жастар. Біз ағамызбен қаймықпай сөйлесіп, тартынбай сырласатынбыз. Жақын досың, қатар құрдасыңдай ойнап-күлуші едік. «Менің көргенім көп, түйгенім толып жатыр, мені сыйлау - парызың» деп міндетсінбеген ағамыз. Маңдайы тасқа тиіп тайсақтамаған жастық өрлікті жақсы көрді. Қайран ағам! Оны танымайтын, оны сыйламайтын жас болды ма? Өзінің студенттері, факультеттің студенттері, басқа факультет, тіпті басқа университеттің студенттері, басқа қаланың жастары «ағалап» тұрушы еді. Әрбірі өз ағам дейтін.
Филология факультетінде көзге көрінбейтін бір шекара болды. Тіл мен әдебиетшілер және журналистердің арасында. Мен тіл мен әдебиеттің студентімін. Тек Мартбек ағамен сөйлескенде солбір орынсыз оқшаулануды сезінбейтін едім. Филологтардан құрылған «Ұлдар емес» командасын алғашқы үлкен жеңістерге дейін ешкім маңдайдан сипай қоймады. Сенбеді. «Бес-алты шөпжелке не бітірер дерсің?» деген болар. Сол кезде Мартбек аға келіп: «Бастаған тірліктеріңді қолдаймын, қарындастарым. Өзгеріс жасау қолдарыңнан келеді. Мен барынша көмектесемін» деген-ді. Бір ғана пейіліне тоқпыз ғой, бірақ құрғақ сөзбен қалдырған жоқ. Дайындықтарға қатысып, пікірін қосып, жазғандарын беріп жүрді. Кейін Астанада өтетін бір ойынға баруға жолқаржы таппай тұрғанда қалтасынан суырып бергені бар. Сөзі ғана емес, ісі де мәрт еді ғой. Қайран ағам!
Оқу аяқталған соң Мартбек ағаммен бір кафедрада қызмет атқаратын болдым. Қағазға көміліп отыратын шақтарымда Мартбек аға «Перизатым-ау, сен кеміретін қағаз емес қой. Ешкімге керегі жоқ жазулар» деп қапа болатын. Ұстаздық қызметтің талаптары бойынша ғылыми мақалалар жариялап тұру керек. Әйтпесе аға оқытушы атанбайсың. Мартбек ағам білімі докторға бергісіз бола тұра «Бірді бірге сапырып, бірден бірге көшіріп ғалым атанбай-ақ қойдым» деп саналы түрде атақ-дәреже, шұбыртпалы титулдардан бас тартқан-ды.
2009 жылдың көктемінде соңғы жылдары ойында жүрген тірлігіне белсене кірісті. Арманы – «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» күнін өткізу. Бәз біреулер «Өйткенде бүйтпек керек, бүйткенде сөйтпек керек» деп жылтыр сөзге тойдырып, сылдыр сөзбен сусындатып жатқанда Мартбек ағам іс қамдады. Басқаның қаңсығын таңсық қылып таңдай қағып, ділі мен тілінен ажырап, рухы тірі жетім болып бара жатқан ұрпақтың сырқатын меңдетпеуді көздеген еді. Батыстың барымташы мәдениеті әкелген ойға қонымсыз, логикаға сыйымсыз мерекесымақтарға қарсы тұра алатын, меңдеген дерттің бетін бері қарата алатын дауа тапты. Қаншама уақыт бойы ойында пісіп жетілген керемет істі бастап та кетті. Өзі шапқылап жүріп демеуші тауып, мәтіні мен әрлеуін ойластырып кішкентай ашықхаттар жасатып, оны таратып, «ұлттық» десе ұрыдай алақтап, кежегесі кейін тартып кететін «төрелердің» бәрінен рұқсатын алып, 15 сәуір күні ҚарМУдің Студенттер сарайында дүбірлетіп тұрып «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» күнін мерекелеуге мүмкіндік жасап берді. Қызметі «сабақта отырмадың» деп қылқылдап, сырқаты іштен кеміріп қинап жүргенде, көздері жаутаңдап бастап беретін адам іздеп отырған жастардың сеніміне қиянат жасамады. Ұрпақ ұлтын мақтан етсін деп ұстаздықтың ұшықтауға жарамайтын тиын-тебенін өз аузынан жырып, сол игі істің жолына жұмсады. Қайран ағам!
Сол күні ерекше бақытты болды. Жүзі бал-бұл жанып, көздері жайнап, толқи сөйледі. Маған Қозы мен Баянның мерекеге арнайы дайындалған сыйлығын ұсынып тұрып «Ертең үшін қызмет етпеген бүгіннің қадірі жоқ, қарағым. Ұлт үшін жасалған істің ұсағы мен ұлысы болмайды» деген еді жұдырықтай жүрекке жастықтың жалынын, үлкеннің кемеңгерлігін сыйдыра алған, ұлтының мүддесін өз мүддесіне айналдырған, жаратушы Алланы сүйіп, адамды сыйлаған қайран ағам!
Мартбек ағамның әр сөзі мен ісі еске түскен сайын, егер оның жаны қартайса, жасым жер ортасына келді деп жалтақтап, тіршілікке тізе бүгіп, шыңнан шошып, биіктен безіп, пендешілікке қол-аяғын байлатар ма еді деген ой келеді. Жаны мен жүрегі жас болған соң тауды қопарып, тасты жарып, ағысқа қарсы тұрудан тайсалмады. Жастықтың досы албырттық пен кәрінің серігі ақылдың құрдасы болды. Қайран ағам!