Жансыз "басшы"
блог
ХХІ ғасыр технологияның дамып келе жатқан шағы. Әсіресе, компьютерлік ойындар. Шыны керек, қазір екі жастың баласы жиырма жасар азамат(-ша)ға қарағанда көзді ашып жұмғанша ұялы телефонды яки компьютерді іске қосып, интернет желісіне қосылып ойын ойнап отыра қалады. Мұндай жағдайларды өз ортамда да жиі байқайтын болдым. Үйімізге қонақ болып келген кішкентай бүлдіршіндер кітапты, теледидарды қойып: «Қалтаңдағы телефоныңды бер, онда ойын бар ма?»- деп шырылдай кетеді.
Тіптен үйге кіре салысымен амандасудың орнына: «Компьютер қай бөлмеде, wi-fi-дың паролін берші»- деп келетін кездер де болып жатады. Мен шынымен таң қаламын! Кішкентай кезімізде далада балалармен тығылмаш, ортағатүспек, күн мен түн, әткеншек тебу, қуыршақ, қуаламаш, велосипед тебу, білетін тақпақтарымызды ортаға салып жарысу сынды түрлі ойындар ойнаушы едік қой. Ал қазір 4-5 сыныпта оқып жүрген кішкентайлардан қандай ойындар білетіндіктерін сұрасаң «Контр страйк», «Warface», «Cull of duty», «Tanks» деген түсініксіз әрі денеге қорқыныш ұялататын жауап аласың.
Бұл не деген ойындар десеңіз, ойын емес, нағыз соғыс... атыс... қантөгіс!... Бұл не деген сұмдық... Мұнша қатыгез ойындарға құмартып өскен баланың болашағы не болмақ, ертең қандай тұлға болмақ? Қазіргі таңда ата-анасынан дегенін ала алмаған балаусалар бар пәтерді басына көтеріп, бажылдап жылап әуреге салады. Сондай кездерде баланың қолына ұялы телефон ұстата салады. Бітті, тыныштық. Енді ешкім мазаны да алмайды, басты да ауыртпайды. Осындай істер қазір әрбір отбасында жиі орын алып тұрады. Осылай ата-анасы балаларын жастайынан жаман қасиетке, сорақылыққа, сыйламаушылық пен бүгінгі электронды технологияға(ұялы телефон, планшет, компьютер,т.б.) тәуелділікке үйретіп жатқанын бірі білсе, бірі білмес. Енді ойлап көріңіз, бала жас кезінен компьтер ойындарына құмартып өсті.
Сұрағанын ала алмаған жағдайда миына сіңісіп қалған ойынның жетіспеушілігі ата-анасына деген өштік сезімін ұялатып, ауыр психологиялық апатқа ұшырайды. Бала өсе келе ата-анасының «Болмайды, бұл ойын зиян» деген ақылдарын түсінсе де, оның бойын ұзақ уақыт ішінде толығымен жаулап алған ойынға деген құмарлық жайдан – жай жібере қоймас...
Бұл өзі бір күрделі процесс. Сенбейсіз бе? Онда 11 жасар баланың осы компьютерге деген құмарлығы жайлы өмірден алынған шынайы оқиғаны айтып берейін. Естуімше, бұл бала үйінде ата-анасынан отыз минут компьютер ойнауға рұқсат сұрап отырады екен. Оның сыныптастарының әрқайсысы өз үйлерінде отырса да, интернет желісіне қосылып, онлайн режимде бәрі бірігу арқылы бір ойын ойнайды екен. Достарының: «Неге бізге қосылмайсың? Сенде интернет бар ғой?! Ойын тұрарлық, кірсеңші!» деген шақыруларын жиі еститін болғандықтан, бір күні «Соны көрейінші» деп компьютерге отырады.
Кірсе, шынымен де ойын өте тартымды, графикасы мен «қызығы» мол екен. Мол болғаны соншалықты, ойынға ойланбастан дереу кірісіп кетеді. Ойын емес қой, соғыс... Бұл ойында соғысқа таңдалып алынған елдерді айтсаңызшы! Америка мен Ирак, Иран, Ауғанстан, Қытай сияқты алапауыт елдер. Танысымның айтуынша, ойын «Үшінші дүниежүзілік соғыс» деп аталады екен. Неткен сұмдық?! Екі үлкен соғыс жетпегендей, бейбіт заманда үшінші дүниежүзілік соғысты ойлап тауып, заманауи технологиялардың көмегімен адам баласын қару – жарақсыз-ақ психологиялық тұрғыда соғысқа салып отыр...
Сөйтіп жүріп суық қаруларға, жарылыстар мен адам өлтіру сынды қорқынышты да «мол қызыққа» толы сорақы «ойынға» баланың ақыл – есі, ой – санасы бағынышты болып, беріліп, құмарлана берді...
Біраз уақыт өткеннен кейін баланың ойы да, тамағы да, күні мен түні де осы ойынға айналды. Ата−анасының тоқтауына құлақ салмай, ойынды ауа етіп алғандай... Үй ішінде жанжалдар мен ұрыстар молая бастады. Баланы ойын әлемі қатты өзгерткен-ді. Айналасындағы достары, таныстары, жанұясы оның мінезінің өзгеріп, тез ашулаңғыш, ісіне шыдамсыз, сабырсыз болып кеткенін байқайтын болған. Бұрынғы мейірімді, байсалды, ашық мінезді, жайдары жүзді баланы бүгін бар деп айту қиынға соққандай... Мұны түсінген ата – ана үйдегі интернет желісін толығымен үзіп тастайды.
Бала біраз уақыт «қызықсыз» өмір сүреді. Бір күні далада ойнап жүріп, өзінің бастауышта бірге оқыған достарын кездестірді. Амандасып, қауышқаннан кейін баланың «Қайда бара жатырсыңдар?» деген сұрағына «Мына бір жақын жерде компьютер клубы бар деп естідік. Түрлі ойындары бар дейді, тіпті 3D форматтағы танкілер мен соғыс түрлері бар деседі. Соны көрейік деп...» деген жауап қатты. Мұны естіген баланың көзі жайнап, іштей баруға шешім қабылдап, достарымен бірге кете барды. «Ата−анам іздеп қалар... Уайымдайды ғой» деген арының тілін де алмады. Үлкендер бұл шешімін теріс деп қабылдап, жібермейтінін біледі.
Сағатына екі жүз теңге алатын бұл орында ойнаушылар көп екен. Бала айналасына таңдана қарады: автоматтың түр−түрі көзінің жауын алғандай. Айналып қараса үлкен−кішісіне қарамай ойнай береді екен. Бұл жолы ойынға төлейтін ақшаны достарынан қарызға алды. Алдындағы үлкен экранды автоматтағы ойын баланы баурай алды, басып алды... Бала айналасында не болып жатқанын ұмытып та кеткендей еді. Біраз уақыттан соң біреу кеп арқасынан түрткіледі. Жалт айналып қараса, клуб кассирі екен. Уақытының біткенін ескертті.
Бала таңдана қарады да:- Мен екі сағатқа төлеп едім ғой,− деді. Кассир шығар есік жақтағы сағатты меңзеп көрсетті. Қараса, сағат тілі кешкі жетіге таяп қалыпты. Баланың үрейі қашып, клубтан атып шықты. Ойын тек: «Ата-анам іздеді ғой.. Не деп айтамын?! Ойбай...» деген қорқыныш бойлай бастады. Үйіне он минут шамасында ұшып жетті. Келсе, анасының көзі жастанып та кеткен екен. «Қайда болдың, балам? Бәріміз іздедік қой сені. Қайда жүрсің?! Сені біреулер алып кетті деп шошыдық қой!» деген ананың аласыз жүрегінен шыққан ыстық сөздері балаға ауыр тиді. Бірақ онысын білдіртпей, арғы жақтағы үйдің алдында ойнағанын айтып сендірді. Бірнеше күн өтеді. Түс кезіндегі ата – анасының үйде жоқ кездерінде бала енді жаңа жоспарға көшті. Үйде ешкім жоқ кезде жатын бөлмедегі анасының әмиянын ақтару басталды.
Ақша керек. Қызық керек... Анасын үйден алдап−сұлдап шығарып салып, іске кіріседі. Немесе ауырып тұрмын, ішім, басым деумен қалатын кездер де көбейіп келеді. Ақ жүрек ана қайдан білсін... Қандай тіршілік иесі болсын, іштен шыққан баласын кім жаман деп ойлайды? Қайсысы кішкентайын «жау» деп көрсін? Біраз уақыт өтті. Кешке жұмыстан қайтып келе жатқан анасы баласының жақын құрдасын анасымен кездестірді. Жылы жүзді, байсалды бала сәлем беріскеннен кейін, былай деді: − Балаңызға көп ақша бересіз бе? Күні бойы компьютер клубында отыратын болыпты ғой. Оған қарайсыздар ма? – деді. Бұл екі ауыз сөз ананың үрейін қашырды. Тұрған жерінде қатып қалды. Дос баладан клуб орнын сұрап, біраз нәрселер білді. Діріл−діріл еткен ана ойға батқаннан үйіне қалай жеткенін байқамай да қалды.
Жүз ұйықтаса да түсіне кірмейтін баласының бұл ісі шектен тыс еді. Үйге келсе, бала сабағын оқып отыр екен. Кешкі астан кейін жанұя мүшелері жиналып баламен жақсылап сөйлесті. Қорыта келе баланың айтуынша бір жылдай уақыт бойы ойын клубына барып жүрген екен. Әр апта сайын бір мыңдық, кейін ақырындап екі мыңдық ұрлағанын мойындайды. Өз сыбағасын алды. Енді қайталамайтын болып ант суын ішті... Енді ойлаңыз, қаншама рыс-құт төгілді. Ата – ананың ыстық – суық демей, күн–түн демей баласы үшін тапқан–таянғаны қайда кетті?... Сұмдық–ай... Бала бұл бір жыл ішінде кімге айналды? Қанша жерден ант етсін, қанша жерден уәде берсін, бірақ бір жыл бойы бойына сіңген, тамырын бойлаған «тәтті құмарлық» баланы оңай жібере сала ма? Өсе келе оған компьютер клубына барған қызық па әлде казино деп аталатын «құмарлық сарайына» барған қызық па? Оны өзіңіз шешіңіз.
Қазіргі заманда онлайн ойыншылардың 45%-ы ер адамдар, ал 55%-ы қыздар(әйелдер) екендігі дәлелденген. Бұл бір таңғаларлық жайт болды.
Балаға берілетін тәрбие оның ертеңгі күнгі болашағы мен болмысында үлкен рөл ойнайды. Ана тілін, ділін, рухани қасиеттерді жастайынан бала бойына сіңіру арқылы ғана нағыз елжанды, адамшылық қасиеттері жоғары ұрпақ өсіру мүмкіншілігі туады. Балаға дұрыс тәрбие берелік, қазағым!