Жандарым, аман болыңдаршы
блог
Менің 4 сынып оқып жүрген кезім еді. Сол бір жалдары қатты қиын-қыстау заман болып кетіп еді ғой. Ақша жоқ, жұмыс жоқ. Әкетайым сол кезде дөңгелек желімдейтін жерде істейтін. Семьяда 3 баламыз. Анам да жұмыссыз, оның үстіне балаларға қарайтын үйде адам болуы керек. Бір күні үйде тіпті нан болмай қалды. Басқасы басқа нанның жоғы жаман екен. Қандай қиын, қара нанға жете алмау деген. Анашым жоқтан бар жасап, өздері жемесе де біздерді аштан қалдырмайтын еді. Енді міне сол "жоқтың" өзі жоқ болып қалды. Көзіміз қарауытым, жетім қозыдай үрпидік те қалдық. Кешқұрым әкешім бір нан әкелді. Әлгі нанның ортасы бұзылып, иістеніп кеткен (қазір ондай нанды ит те жемейді.) екен. Аштық не жегізбейді, тоқтық не дегізбейді. Бөлісіп жеп алдық. Ауыздарын ашып тамақ күтіп отырған балаларының бұл күйі әкеме де оңай тимеді, білем. Жұмысы алыс еді өзінің. Бірақ автобусқа тиыны жоқ жаяу жүретін. Бірде жұмыстан соң кешқұрым төте жолмен келе жатқан әкем сазға аяқ киімін түсіріп алыпты. Қараңғыда аяқ киімін таппаған соң, жалаң аяқ келді үйге. Аяғын тікен тіліп-тіліп кеткен. Әкешімнің табанына батқан әр бір тікен жүрегімді тіліп кіргендей болды сол кезде.Әкешім жаным, біздің қамымыз сені қиналдырды ғой әбден. Сол қиын қыстау кездер есіме түссе, қолыңнан шыққан дөңгелектің иісі мұрныма келетіндей. Қазір Аллаға шүкір бізді өсірдіңіз,жеткіздіңіз, ештеңеге мұқтаж етпедіңіз, оқыттыңыз, тоқыттыңыз. Мен үшін Сіз әлемдегі еееең ардақты әкесіз. Сіздің мейірім тасып тұратын жүрегіңіз, бізге рух сыйлайды, біздің жүрегімізді жылытады. Ол кезде нанға, дүниеге кедей болсақ та, Сіздердің мейірім-шапағаттарыңызға бай, ізгі тілектеріңізге әрқашан тоқ болып жүреміз. Анашым-әкешім аман болыңыздаршы.