Жаңартылған бағдарлама-сапалы білім кепілі

Жаңартылған бағдарлама-сапалы білім кепілі
жеке
блог


      Еліміздің білім беру жүйесінде 2017-2018 оқу жылынан бастап жаңартылған білім беру  мазмұнына көшу сатысы басталып, оқушыларды кең ауқымды дағдыларға үйретуге, функционалдық сауаттылықтарын  арттыруға, адами құндылықтарын дамытуға көңіл бөліне бастады.  Жаңартылған білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты – оқушыларды сындарлы оқытуға үйрету, әлемдік білім кеңістігіне қол жеткізу, инновациялық білім негіздерін терең меңгерту. Қоғамның дамуына тікелей әсер етуші- білім екені бәрімізге мәлім. Мұғалімдердің кәсіби даму үдерісін дамыту барысында мектептің даму жоспарында желілік қоғамдастық, тәлімгерлік, инновациялық, интерактивті әдістерді пайдалану арқылы білім сапасын арттыру, интернет жүйесімен байланысты жандандыру, жаңа ақпаратты технологияны меңгеру, жан-жақты ұстаздар қауымымен пікір алмасу қарастырылған.

      Отандық білім жүйесі өз қызметін «білім беруге салынған бүгінгі инвестиция – мемлекеттің ертеңіне жасалған қамқорлық» деген қағидатқа сүйеніп жұмыс жасау керек. Жалпы білім бастауын мектептен алады, оның қайнар көзі десек те болады. Сондықтан да, тізбектің алғашқы бастауы ретінде мектептегі білім беру жүйесіне көңіл бөлу маңызды. Нәтижесінде қоғам әлдеқайда жақсарып, сапалық көрсеткіштер жоғарылайды. «Бір жылға жоспар құрсаң – егін ек, жүз жылға жоспар құрсаң – ағаш ек, ал мәңгілік мұратты көздесең – ұрпақ тәрбиеле» деген ғибрат бар. Бұл жауапкершілігі зор, салмағы ауыр міндет.Өйткені бүгінгі жас буын – ел болашағының ертеңгі кілті. Заман талабына сай сұранысы бар, бәсекеге қабілетті ұрпақ өсіру біздің міндетіміз. Ұлттық сана-сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, іскер, бойында ізгі қасиеттері қалыптасқан білім алушылармен бірлесіп жүргізілген кешенді түрдегі тәрбие жұмыстары тағылым мен тәрбиенің алтын діңгегі деуге болады.

      Сындарлы оқыту теориясы негізінде білім алған оқушы өзін еркін ұстап, ойын дәл жеткізе алатын, сыни тұрғыдан ойлай алатын, тұжырым жасай білетін, бірін-бірі бағалай алатын, көшбасшы бола алатындай тұлға болып қалыптасатынына күмәніміз жоқ. Жаңартылған бағдарламаның нәтижесінде бүгінде оқушылардың сабаққа деген құлшынысы, қызығушылығының артқанын, сыни тұрғыдан ойлауға бет алғанын байқауға болады. Ең маңыздысы оқушылар өздерінің және сыныптастарының, құрбы-құрдастарының іс-әрекеттерін, жетістіктерін бағалауды және жауапкершілікті үйренуде.

       Елбасымыз Н.Назарбаев өз сөзінде: «Біз қазір «білім-ғылым-инновация» атты үштік үстемдік құратын жоғары индустриялық әлемге қарай бағыт алып барамыз», - деген еді. Қазақстанның әлемдік үрдістерге кіруі, дамыған елдердің стандарттарына деген ұмтылысы білім беру жүйесінің жаңа сапалық деңгейге өту қажеттілігін арттыруда. Біліктілікті арттыру жүйесінде мұғалімдердің функционалдық сауаттылығы – қазіргі білім беру­дегі жаңа және нақты жағдайға икемделу дегенді білдіреді.Оқушылардың мектепте табысты оқуы ғана емес, өмірде де табысты болуы  мұғалімнің  қабілетіне, оның құзыреттілігіне байланысты. Білім берудің мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас пайда болуда. Осыған байланысты ұстаздар оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отырумен қатар жаңа технологияларды меңгеру, оны тиімді қолдана білуі қажет.

                                                                                                                                                

                                                                                          Мейіркүл КУЗЕРОВА,
                                                                                    С. Сейфуллин атындағы жалпы орта мектебінің
                                                                                     бастауыш сынып мұғалімі.
                                                                                     Түркістан облысы, Ордабасы ауданы