ЖАНАРДАҒЫ МӨЛДІР ЖАС

ЖАНАРДАҒЫ МӨЛДІР ЖАС

       Әдеттегідей жалғасын тауып жатқан күндер. Арайлап таңның атқаны мен шапағын шашқан күн сәулесінің қашан батып үлгерерін аңғармай да қаламыз кейде. Қарбалас тірліктен, асығыстық пен алға ұмтылыстан болар, бәлкім. Не дегенмен, зымыраған уақыт артына қарар емес. Қызықты шақ. Кеше ғана мектеп табалдырығын алғаш аттауға қадам жасаған бүлдіршін көңіл – студент атанды бұл күнде. Тәтті қиял, алға жетелеген арман мен үміттің оты маздай түсті. Адамның жастық шағындай, алып-ұшып тұрған пәк көңіл мен тасыған жігер толастар емес. Күндерінің көбін сыртта өткізетін болды, Ардақ. Сырласар жаңа дос тапқанына риза. Қоршаған орта қарапайымдылығы оны да өзіне тартқаннан ба, қызға жат дөрекілік көрінуден қалды бойынан. Ескі достар, сыныптастар көзіне жат адамдай көрінген қыздың осыншалықты өзгеруіне нендей күштің түрткі болғанынан ешкімнің де хабары жоқ. Аруға тән еркелік пен биязылық байқалды. Көркінің сұлулығына емес, жүрегінің жылулығына құмартқан жандар күн санап артып келеді. Көкірек керіп, мұрын шүйірер жаман әдет жоқ ода. «Жақын дос – жақсы ағадай»,- деп таныстықтарын құп көріп жүре берді.

         Уақыт өтіп жатыр. Оқудан қолы босаса болғаны, достарымен шер тарқатып, ананы-мынаны бір сөз қылып отыратын ермек тапты өзіне. Сөз арасында, Тұрар (досы) жақын арада отырыс жасайтынын, оған себеп өзінің дүние есігін ашқан күн деп түсіндіріп, тек қана өз іштерінде атап өтетіндігін баса назарға алған болатын. Ардақтың үй-ішімен жақын қатынастағы жігіт, күні бұрын үлкендердің рұқсатын алып та үлгерген. Көңілдің керемет күйіне себепші болған отырыс. Заманауи ән қойылып, кедергі жасаған жарықты сөндіріп билеп жатқан, жастар. Қорада, тіпті далада жүргендей қолына түтіні будақтаған шылымды алып, үйде жүрмін-ау деп есептемес есбұзарлар да бар екен мұнда. Жиынға барғандағы Ардақтың алғаш көрген көрінісі. Әр кімге бір жәутеңдеген бойжеткенге сумаңдаған лас қолдар қарасы көбеюге шақтады. Жан ашырлық танытпақшы өзінше.

       Жүрекке сыз қалдырмай, ойдағыдай аяқталған отырыстан соң, үйді-үйіне тарқасты, барлығы. Ардаққа серік болып, Тұрар ілесіп келеді соңынан.

- «Ардақ!»- деп дауыстайды, ұшқан шыбын ызыңы да естілмес, түн тыныштығын бұзып. Уақыттың жайлығынан, тәтті ұйқы мезгілінің келгенінен бе аяғын сылбып басқан қыз, артына әрең қарады. Үн қатуға мұршасы да жоқ.

- «Ардақ, орын алған олқылықтар үшін кешірім сұраймын? Сенің көңіліңе кірбің саламын деген ой болмады, кешірші?»-деп сөзін жалғастыра әкетті. Шын жүректен шыққан сөзді қабылдап, үн қатпастан, сәл жымиды да үйіне қарай бет алды.

        Күлімдеп атқан тағы бір таң. Достарымен әуре болған қыздың ойынан отбасындағы жағдай ұмыт болып кетіпті. Ауыр халде жатқан сіңілін өзге қалаға емдетуге алып кететін күн еді бұл. Тарс есінен шығарып алды. Асығып барып, аурухана палатасына беттеді. Есіктің сыртында тұрып, іштегі орнынан тұруға дәрмені жоқ сәбидің аяғынан нық тұрып кетуін тілеп, көз жасқа ерік беріп алды. Бір үмітпен есіктің тұтқасын ұстағаны сол еді, арғы беттен ақ халат киген жан шықты. Ұзақ жолға шыдамайтын болғандықтан, жедел түрде аурухана тікұшағымен алып кеткендігін жеткізді. Өксігін әрең басып тұрған Ардақ еңкілдеп жылап сала берді.

        Арада тура ай өтті. Өз ағысымен өтіп жатыр өмір. Емтихандарын сәтті тапсырған қыз отбасымен Алматыға жол тартты. Тәтті періштені жанына алып жатқан Анаға деген сағыныш та маза берер емес. Қырсық қылғанда, ұзақ жол жақындаған сайын алыстай түсіп, тағатын тауысып жіберді.

        Алматы. Қарбаласқан көп көлік. Жұқаруға шақ тұрған жүйкеңді одан әрі қысымға алып, әлек. Құлазыған көңілді одан әрі басуға асығатын сияқты. Не де болса, жақындарын көріп, көңілінің тояттарын сезеді ішкі түйсік. Көше жиегіндегі даңғылдарда жазылған әр нәрсені бір оқып, аңғарусыз өтіп кетпейік деп отыр, Ардақ.

       Балалар ауруханасы. Белгісіз жаққа арлы-берлі ағылып жатқан адамдар. Бір білерім, бәрінің де тілегі бір. Ойы мен арманы ортақ. Басыңды сұғар-сұқпастан, «апатайлап» еңіреген ащы үн құлаққа түрпідей тиіп жатыр. Сан түрлі ауруға шалдыққан періште пәк сәбилер. Есті адам сезініп көрмеген тауқыметке жандары шыдап жүрген кішкентайларды көргенде, есеңгіреп қалды.

        Жоғары көтеріліп келеді. Алғашқы басқан әр қадам қуанышқа толы болса, баспалдақтың соңғы сатыларын бір мұң торлап тұрғандай. Сонда да болса, Ананың көңілін құлазытпайын деп жасанды күлкіге ерік беріп қояды. Діттеген жерге жетіп те қалды. Медбикелер жақынын шақырғанша, көңілдеріне тыныштық орнатып үлгерді.

       Өз аяғымен тәй-тәй басар баланы қоларбаға отырғызып, алып келе жатыр. Толқыған көңіл, өз-өзін зорға жеңген қиналыстың жарылған шағы сол болды. Төгілген мөлдір жас. Сағыныштың жасына ұқсамайды. Әкені де, әпкені де ұмытып үлгерген сәбидің қылығы себеп, көз-жасқа. Тануды қойған, есіне түсіруге тырыспайтын да сияқты. Зарыға, аңсап, сағынып келген Ардақтың қолын итерген сәті сол еді, тұмшаланып, булығып тұрған шер төгіле жөнелді.

      Кері қайтар уақыт таяған сияқты. Алда тағы ұзақ жол. Үлкені кішісін жұбатып отырып, ала көлеңке болып батқан күнді назардан тыс қалдырыпты. Өзгелер тыныш та тәтті, уайымсыз ұйқыда жатыр. Қалың жұртқа бір қарап, ойға тағы да батты... 



Бөлісу: