Жанар Дұғалова жеңіске қалай жетті?

Жанар Дұғалова жеңіске қалай жетті?
жеке
блог

Бәріңіз білесіздер, Жанар Дұғалова күні кеше өткен Түрквижн-2014 ән байқауында ел намысын қолдан бермей, бас жүлде алды!!! Бүкіл қатысқан елдерді артта қалдырып, оқ бойы озып шықты! Өте қатты қуаныштымын, себебі әдетте Қазақстан елінен қатысқан әншілер мойындалмай қалып жатады. Ал Жанар бәріне дәлелдеді! 

Менің ойымша, оның жеңісінің бірден-бір себебі - ұлттық рухта жатыр. Оның өлеңі де, әні де өз жүрегінен шыққан, және әннің сөзіне қарасаң, рух сезіледі. 

Бір сөзбен айтқанда шабыттанып, қанаттанып кетесің. "Жүрегім дірілдейді, Домбыра үні күбірлейді жүрегіммен бірге, Мәңгілік рухы тірі дейді, Жеткендей жұмбақ күйде". Қандай ғаламат! Шіркін, қазақтың домбырасыне не жетеді?

Шіркін, қазақты сүйген жүрекке не жетеді? 

Туды ұстап тұрып еңкілдеп қуаныштан жылағанда шымырламаған жүрек қалмаған болар. Бәріміз де бірге жыладық қуанып. Нағыз қазақтың қызы! Батыр қыз, өжет қыз! 

Сахнада ол ән айтқанда біздің ұлттық рухымыз сахнадан шығып көрерменге жетіп жатқандай тылсым күй болды. Оның бәрін Жанарымыз жеткізе білді. Артындағы шоу да ешкімге ұқсамады, өте ерекше, таза жеңіс екені сөзсіз көрініп тұр! Әні де нағыз конкурстық ауыр ән. Бәрі профессионалды деңгейде істелген! 

Сіздер сияқты менің де қуанышым қойныма сыймай отыр. Қазақтың қызы Жанар бәріміздің демалысымызды қуанышқа толтырды деп ойлаймын. 

Біреулер сатып алды деп іштері тарылып отыр! Ондай ойларыңды ысырып қойыңдар дегім келеді. Туды бетіне басып жылағанда сөзсіз-ақ жеңістің шынайылығы, тазалығы көрініп тұрған жоқ па?! Егер күмәндансаңдар, сол видеоны ютубтан тауып тағы бір қарасаңдар, көздерің анық жетеді! 

Ал енді осы жеңіс бәрімізге құтты болсын! Әркім де осы Жанар сияқты өз ісінің нағыз майталманы болып, елімізді әлемге таныта берсін деген тілекпен, ыстық қуанышпен Айымжан деген қыздарыңыз! 

сурет: kazan.bezformata.ru