Жаңа клип! Қабыл алыңыздар!

Жаңа клип! Қабыл алыңыздар!
жеке
блог

Ассалаумағалейкүм, достар!

Қалдарыңыз жақсы ма? Массагет деген әдемі мекенді ұмытты деп ойламаңыздар, кіріп, оқып, ойлап жүрмін! Қайда жүрсем де, интернет қасымда. Сондықтан байланыстамын!

Енді жаңалық... Басты жаңалығымызға тыңдарманның көбі куә болып үлгерген сияқты. Бұл "Перзент арманы" деп аталатын әнімізге түсірілген жаңа бейнеклипіміз. Бұған дейін махаббат тақырыбына клиптер түсірсек, енді жетімдер тақырыбын таңдадық. Көрерменге ой салып, салмақты әнді жүректерге жеткізуді мақсат тұттық.

Жетімнің басын сипаған адамның сан сауапқа кенелетіні біздің жадымыздан ешқашан шыққан емес. Сондықтан, балалар үйіне барып, олармен жүзбе-жүз кездесіп, бейнебаянды түсірдік. Бірақ, рөлге бекітілген Шерхан мен Муслим балалар үйінің тәрбиеленушілері емес. Кішкентай актерлер!

Бейнебаянның тұсауын Ел Арна арнасының "Жарайсың" бағдарламасында кестік және МузЗон музыкалық арнасынан беріліп жатыр. Интернетте жүрген достарым, сіздер, ютубтан көріп үлгерген шығарсыздар! :) Біз үшін сіздердің бағаларыңыз бен пікірлеріңіз маңызды екенін ұмытпаңыздар!

Түсірілім мен әнге тоқталсам, сөзін жазған Ринат Зайытов, әні Ұлықпан Жолдасовтыкі. Режиссері "Другой" продакшнның режиссері Валерий Задарновский. Алғаш рет бейнебаянды көргенімде, көңілім босады... Жетімін жылатпаған бабалардың ұрпағымыз ғой... Олардың "тастанды" атануларына не жазықтары бар деп ойладым. Әке мен шеше қарауындағы балалардын айыпмашылығы жоқ, әдемі, есті балалар екен...

Енді келесі бейнебаяндарымызды күтіңіздер! Ол махаббат тақырыбы болмақ әрі көңілді әнге түсіргіміз келеді! Қалған жаңалықтарымызды күзге қарай күтіңіздер! 

Сәлеммен, Melo'MEN тобы. 

Назарларыңызда: "Перзент арманы"