Жаңа кезексөз: Есімде қалған жаз!
блог
Жаңа кезексөз бастайық! Бұл кезексөз аяқсыз қалмауы тиіс. Аяқсыз қалдырған адам бар ғой... Ол кісі жазалануы керек! :) Егер жазуға мүмкіндігі болмаса, онда таяқшаны жазатын басқа біреуге берсін. Осындай шарт бар.
Ең көп қаралып, ең көп дауыс жинаған блогты жұлдызды блогқа ілеміз!
Жаңа кезексөзде тақырыбы айтып тұрғандай есімізде жақсы сақталған жаз туралы айтамыз. Меніңше көктем, күз, қыс туралы көп жазылады. Ал жаз мезгіліне келгенде... Жаз мезгілі не бір романтикамен, не бақытты кезеңмен байланысты емес. Дел-сал, ұйқылы-ояу жүретін мезгіл секілді. Әйтсе де, жазғы демалыс жақсы өтсе, біраз уақытқа дейін ұмытылмайды.
Жаз есігімізді қағып жатқан тұста, мен де есімде қалған жаз туралы айтсам деймін.
Иә, ол кезде шамамен 5 бітіріп жатырмын. Анам қалаға туысқандарыма әкеліп тастады. Өзі Алматыға оқуға асып кетті. Өзім қатарлас туысқандарыммен Орал қаласына жақын маңдағы Шалқар деген жерге барып, суға шомылдық. Әй, сол кездерді айтсайшы, шіркін! Күн сайын суға шомыламыз. Күн сайын ырду-дырду ойын. Екі жас үлкен ағам Мөлдір деген өзіммен жасты туысқаным екеумізді ертіп алады. Үшеуміз сол жердің балаларына қосылып, күн батқанша ойнаймыз. Шаң-шаң болып, сілеміз қатып үйге келіп төсекке құлаймыз. Құдды тау қопарып келгендей.
Балалық шақ не деген тәтті. Бір-бірімізге су шашып ойнаған бәрінен күшті. Мен ондай кезде өз-өзімнен тоқтамай күле берем. Кейде бір-бірімізбен енді көрместей болып ұрсысып қаламыз. Настя деген орыс қыз болды. Мен одан қорқатынмын. Өзі денесі ірі, көзі өткір қыз болатын. Көзіне көзімді қадай алмаймын. Әрі оның айтқан сөздерін де түсініп жарытпаймын.
- Настямен ойнамай-ақ қояйықшы.
Бір күні үйге келген соң Мөлдірге осылай деп сыбырладым. Мөлдір ештеңе демеді.
Ертесі күні Настя сіңлісін ертіп ойнауға келді. Мен өзімше бұртиып тұрмын. Кенет бір бұзақы бала анау жерден зулап келіп, доппен бетімнен бір перді. Байқамаған болар. Мүмкін, әдейі. Мен өкіріп сала бердім. Ағам жанұшыра жүгіріп келем дегенше, Настя әлгі баланы жағасына алды-дағы, бар пәрменімен итеріп жіберді. Бірдеңе-бірдеңе деп жатыр. Мен орысша түсінбеймін. Бірақ мені жақтап жатқанын сезем.
Сол күннен бері Настяға ішім жылып сала берді. Одан бір-екі ауыз орысша да үйрендім. Ауылыма келген соң, сол үйренген орысшамды айтып қоймаймын. Өзімше қаладан келдім.
Ал суға жиі түскендіктен, терім жарылып, қолыма түсініксіз бірдеңелер шығып кетті.
Қыркүйекке дейін үйде қайталанбас сол бір қызықтардың қарымтасын өтеп, емделіп жаттым...
Кезексөз таяқшасы Айшок Балтахаевада!
Сурет: 4vector.com