Жаңа Қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы рәміздер маңызы

Кез келген өркениетті елге тән ортақ ұқсастықтар мен рухани құндылықтар болады. Ту, Елтаңба және Әнұран – солардың бірегей нышандары. Өйткені, бұл рәміздер әр мемлекеттің тәуелсіздігін білдірумен қатар, елдікке шақыратын, тұтастыққа ұйыстыратын, бірлікке үндейтін, жүректегі патриоттық сезімді оятатын, Отанды, жерді сүюге жетелейтін, ерлік дәстүрлер мен сабақтастық рухында тәрбиелеуге жұмылдыратын айшықты белгілер саналады. Мемлекеттік рәміздер - халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін, еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін паш ететін нышандар. Желбіреген аспан түстес байрағымыз халқымыздың арманын асқақтатып, қыран бүркіттей елімізді аспан әлемінде қалықтатып тұр. Бұл рәміздер біздің мемлектіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі. Қазақ елінің даму жолында патриотизмді қалыптастырып, ұлттың бойына сіңіртіп, түсіндіру ол ең маңызды дүние. Себебі, рәміздер сенің қазақ ұлты екеніңнің бірден-бір дәлелі. Елтаңбамызды немесе туымызды алып қарасаң да, еркіндік сүйгіш, өзінің салт-дәстүрі, тіршілігі, тарихы қалыптасқан елді көре аламыз. Жаңа негізі қаланған жас мемлекеттердің қай-қайсысының да алғашқы жасайтын маңызды ресми қадамдарының бірі – елдің туын, елтаңбасын, әнұранын қабылдау болып табылады. Өйткені, бұл рәміздер саяси тәуелсіздік пен мемлекеттік егемендіктің бірегей белгілері болып саналады.
Қазақстан халықтарының тәуелсіздікке ұмтылған асыл арманы, қасиетті мұраты 1991 жылы желтоқсан айында жүзеге асты. Ал 1992 жылы 4 маусымда ұлттық болмысымыз бен қазақ елінің дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы, әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгінгі және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісін айқындайтын рәміздеріміз дүниеге келді. Рәміздер – отан тарихының әлемдік қауымдастықтағы орнын айқындайтын негізгі фактор.
Ақын болсын, жас болсын, кәрі болсын барлығының міндеті де сол – егеменді еліміз жер әлеміндегі басқа мемлекеттермен терезесі тең өркениетті ел ретінде өзінің Елтаңбасы мен Әнұранын, Туын белгілеп, осы бір қасиетті белгілердің мәнін әрбір ұрпақтың терең түсініп, әдептілік рәсімдерін орындау борышымыз деп санауын көздейді. 2006 жылы қаңтарда Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне жазылған, Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні Қазақстан Республикасының жаңа Әнұраны болып бекітілді. Мемлекеттік Әнұран – ол салтанатты ән. Оның сөздері өткен тарихымызды, бүгінгі өмірімізді, келешек арманымызды сипаттайды.
Күн сәулесі, көк аспан, шаңырақ, жұлдыз, қанатты тұлпар, бидай сабақтары – барлығы елтаңбаны бейнелейтін нақыштар. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасының негізіне шаңырақ алынған. Ол елтаңбаның жүрегі іспеттес. Шаңырақ әлемнің біртұтастығын, мемлекеттің бастауы отбасы ошағын бейнелесе, қанатты тұлпар мәңгілік өмір, шексіз даму және Қазақстан секілді бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан халықтардың рухани байлығының белгісі. Қанатты тұлпар болашаққа үміт артар жас ұрпақтың арманы, самғау биігі. Елтаңбадағы бес жұлдыз, жарық жұлдыз Отанымыздың жұлдызы биіктеп, бақыт жұлдызынан нұр шашып тұрғанын білдіреді. Бидай сабақтары – молшылықтың нышаны.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.
Қорытындылай келе, мемлекеттік рәміздердің қадір қасиетін әрбір жас ұрпақ бойына сіңіру өте маңызды. Себебі, жастарымыз біздің тәуелсіздік төсбелгісіне айналған рәміздеріміздің қадірін білсе, оны ешкімнің таптауына жол бермес еді. Қыран бүркіт образы қазақ елінің әлемнің әрбір халықтарына ортақ азаттық, еркін самғау, кеңістік сүйгіштік, айбындылық секілді қасиеттерді мұрат тұтатындығын нақтылады. Яғни, осындай ортақ қасиеттерге құрметпен, әділдікпен қарайтынын күннен күнге дәлелдеп келеді. «Менің Қазақстаным» әні қайта қайраттанып көкке шарықтады. Ол ең алдымен мызғымас елдігіміздің ұранына, тәуелсіздігіміздің баяндылығына қызмет жасар әнұранға айналды. Солайша, бір кездері желтоқсанның ызғарында жастарды жылытқан, жігер берген «Менің Қазақстаным» барлық қазақстандықтардың басты ұранына айналды.
Елбасымыздың халқына деген адалдығын білдіретін: «Біз Тәуелсіздігіміздің нышандарын көздің қарашығындай сақтауымыз керек, қасиет тұтуымыз керек. Еліміздің әрбір азаматы Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын ерекше құрметтеуге міндетті. Өйткені олар халқымыздың мақтанышы, біздің ең киелі құндылықтарымыз. Лайым, мемлекеттілігіміз бен тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай. Ал елдігімізді айшықтайтын басты рәміздеріміз жарқырай берсін!» – деген, салиқалы сөздерімен аяқтағым келеді.
Туып-өскен жердің мемлекеттік рәміздерінің мағынасын түсіну − әрбір Қазақстан азаматының борышы. Әр жас ұрпақ, лауазымды тұлға мемлекеттік рәміздерін заңнамаға сәйкес қадірлеп, қастерлеп, құрмет тұтуы қажет.

 

Орындаған: әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің ‘“Мәдениеттану” мамандығының 3 курс студенті - Назархан М.Ф.
Өндірістік практика жетекшісі: Есболова М.А.

 



Бөлісу: