ЖАҢА ЖЫЛДЫ ӘЛЕМ ЕЛДЕРІ ҚАЛАЙ ТОЙЛАЙДЫ?

ЖАҢА ЖЫЛДЫ ӘЛЕМ ЕЛДЕРІ ҚАЛАЙ ТОЙЛАЙДЫ?
жеке
блог

Жаңа жыл – әлемдегі қуанышқа толы ең ғажайып мерекелердің бірі. Бұл күні еңбектеген баладан еңкейген шалға дейін қуанып, мерекені, жаңа жылды ерекше көңіл-күймен қарсы алады. Жаңа жылды барлық әлем асыға күтеді, бұл күні әр үйде мерекелік үстел жайылып, жақсы тілектер айтылады. Қаланың, ауылдың ортасына үлкен шырша қойылып, жаңа жылдық безендіру болады. Адамдар ыстық лебізбен бір-біріне сыйлық береді, ал ренжіскен адамдар бір-бірімен татуласып, жыл бойы сақтап келген реніштерін босатады. Жаңа жылды барлық әлем тойлайды. «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» демекші, әр елдің мерекені тойлауы бір-бірінен ерекше. Сонымен, жаңа жылды әлем елдері қалай тойлайды?

Ұлыбританияда адамдар Санта Клаусқа жыл сайын хат жолдауды әдетке айналдырған. Британдықтар хатқа барлық тілегін жазады, алға қойған мақсаттарының орындалуын тілейді, көптен бері қолы жетпей жүрген заттарды сұрайды. Содан кейін ол хаттарды лапылдап жанып жатқан отқа тастайды. Мұның себебі олар оттан шыққан түтін Аяз атаға сәлемдемені жеткізеді деп сенеді екен. Ұлыбритания - ашық хаттарды алғаш ойлап тапқан ел. Сондықтан олар жақынына, отбасына міндетті түрде жаңа жылдық ашық хаттарды жолдайды.

Болгарияда сағат тілі түнгі 12-ні соққанда барлық үйде жарық өшеді. Олардың дастарқандарына міндетті түрде тәтті самсалар қойылады. Сонымен қатар үй иесі тәтті бәліш пісіріп, отбасы мүшелеріне бөліп береді. Кімге тиыны бар бәліш бөлігі түссе, ол жыл бойы бай болады, ақшасы көп болады деген сенім бар екен.

Швеция елінде адамдар бір-біріне әртүрлі сыйлықтар сыйлайды. Шведтердің дәстүрлі сыйлығы  - қолдан жасалған шамдар. Неліктен шамдар? Шведтерде жарық қонақжайлылықтың, жақсы көңіл-күйдің, ойын-сауық пен бірліктің символы. Швецияда үйдің отағасы белгілі сылтаумен далаға шығып кетеді, ал үйге Юль Томтен болып оралады. Юль Томтен дегеніміз шведтік Аяз ата. Ол балаларға тәтті кәмпиттер беріп, балаларды қуантады.

Германияда жаңа жылды Сильвестр деп атайды. Басқа елдер сияқты отбасының барлық мүшелері бір үстелдің басына қосылады. Оларда да сыйлық сыйлау міндеттелген, немістер бұл дәстүрді Бешерут деп атайды. Жаңа жылдық дастарқанның басты тағамы – зімбірден жасалған печенье. Айтпақшы, Германияда фарфордан жасалған ыдыстар жақсы сыйлық болып есептеледі.

Ал Францияда адамдар 31 желтоқсанда конус тәрізді баскиімдер мен маскарадтық киімдер киіп, қала көшелерін аралайды. Қызық дерек, француздықтар жаңа жыл кешінде жомарт болуға тырысады екен. Бұл күні барлық мейрамхана ашық болады әрі қанша тамақ ішсеңде бәрі тегін. Мейрамханалар қонақтарды тегін тамақтандырып қоймай, кетерінде азын-аулақ сыйлықтарында табыстайды екен.

Үнді сериалдарында халық Дивали мерекесін құшырлана тойлайтынын көріп жүрміз. Үндістанда Жаңа жыл – Дивали «Жарық пен оттар мерекесі» деп аталады екен. Осы күні қалалар мен ауылдардың барлығы оттың ішінде тұрғандай жарқырып кетеді. Жарығы сөніп тұрған бір үйді кездестіре алмайсыз. Әйелдер, қыздар есік алдына түрлі суреттер салады екен, бұл ранголи деп аталады.

Ал қазақтардың Жаңа жылы – «Наурыз» мерекесі болып есептеледі. Бұл күні күн мен түн теңеледі. Халық дәстүрлі киім киіп, ән айтып, би билейді. Киіз үй тігіліп, салт-дәстүрлер орындалады.  Жеті түрлі дәм қосылатын «Наурызкөже» дайындап, ет асылады. Бұл көнеден келе жатқан мейрам. Бірақ біз 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түнді де тойлаймыз. Мектептерде концерттер қойылады, адамдар жаңа жылдық костюмдер киеді. Далада отшашулар шашылып, әр үйде шырша құрылады. Біздің үйде отбасымызбен бір үстелге жиналамыз, тәтті тағамдар дайындаймыз. Түнгі сағат 12-де  Президент елді мерекемен құттықтағаннан кейін барып үстелге отырамыз. Ең бірінші тілек айтып, сыйлықтарымызды табыстаймыз. Содан кейін барып дәмді тағамдарды жейміз. Келесі күні көрші үйлерге, туысқандарға барып, мереке тойлаймыз.

Мінекей, әр ел Жаңа жылды әртүрлі тойлайды екен. 2020 жыл еліміз үшін қайғы мен қасіретке  толы жыл болды. Алдағы 2021 жылы тек жақсылық болсын деп тілеймін. Елді әбігерге салған ауру атымен жойылып, адамдар тез жазылып кетсін. Мереке құтты болсын! Жаңа жылдарыңызбен!