Жаңа жылда не жаңа?

Шығыс күнтізбесі бойынша, келе жатқан 2014 жыл – жылқы жылы. Келер жыл сіз үшін  сәттілік әкеліп, молшылық жылы болғанын қаласаңыз, алдын-ала сол жануарға құрмет көрсету қажет деседі. Олай болса, жаңа жылдық мерекеге дайындықты алдын ала бастаған жөн. Ең бірінші, мерекені қайда қарсы алатындығыңызды шешіп алыңыз. Жаңа жыл – отбасылық мереке екендігін ескеріп, оны отбасыңыздың ортасында қарсы алғандығыңыз дұрыс болады. Жаңа жыл иесі – жылқы ең бастысы айқай-шу мен жүгірісті жақтырмайтындығын есте сақтаңыздар.

Екінші, үй ішін әдемілеп безендіріп қойыңыз. Бұл жылғы шыршаны жылқы мүсініндегі ойыншықтармен әрлеуге болады. Іштей жылқы жануары өзімен бірге байлық пен қуаныш алып келетіндігіне сеніңіз.

Үшіншіден, жаңа жылдық дастарханды да алдын-ала ойластырып қойыңыз. Ол міндетті түрде күндегіден ерекше болуы керек. Жаңа жылдық ас мәзірінде міндетті түрде ет (тек жылқы еті болмағаны дұрыс), асқабақ, көкөністерден даярланған тағамдар, балық пен көк шөптің көп мөлшерде болғаны жөн. Әдемі әрленген түрлі салаттар мен жеміс-жидектер дастарханыңыздың көркін одан бетер ашатыны сөзсіз. Жаңа жыл иесін қашырып алмау үшін, жаңа жылдық дастарханды асықпай жүріп талғаммен даярлағаныңыз  дұрыс.

Төртіншіден, «не киемін?» деген сұрақтың жауабын тауып алу керек.

Жаңа жылдық кеште өзгелерден ерекше болғыңыз келсе, дизайнер Берік Исмаиловтың кеңесіне құлақ түріңіз:

– Осы бір мүшел жыл бұрынғы жылқы жылында есімде қалғаны – «экрю» (ашық күрең түс) деген түс сәнде болған. Негізінен, жаңа жыл иесі қай жануар болса, соның түсінде қарсы алған дұрыс дейді. Ал, жылқы дегенде біз көбіне күрең түсті елестетеміз. Дегенмен, қаншалықты қоңыр түс сәнді болса да, кейбір қыз-келіншектерге бұндай түсті киюге кеңес бермес едім. Өйткені, бұл түс адамның ажарымен үйлесіп кеткен кезде ешқандай әрі болмай қалады. Мереке болғаннан кейін жарқырап жүргеніңіз дұрыс қой.

Ал, биылғы жаңа жылда негізінен аспан көк, аквамарин түстері мен табиғи қара, сұр түстер сәнде. Және итальяндықтар «измеральдо» деп атайтын ақық (бирюза) тастың түсі. Бұл біздің көк байрағымыздың түсі ғой. Қыз-келіншектер көгілдір түсті көйлек пен мойнына бағалы тастармен көмкерілген алтын, күміс, т.б. алқалар тақса болады. Мойынтұмарыңыз (кулон) жылқының бейнесінде болса, тіпті жақсы.

Оған қоса, кең пішімді көйлектерден қашық болып, классикалық үлгіде киінгені дұрыс. Көйлектің ұзындығы тізеден сәл төмен болу керек.

Ал, жыл иесі –  аттың суреті бар кеудеше, жейделерді тек қана жас қыздар кигені жөн.

Ендеше, кеңестерді ескере отырып, жаңа жылдық мерекені көтеріңкі-көңіл күймен қарсы алуларыңызға тілектеспіз.  

 

Ш.Ашықбаева.



Бөлісу: