Жаңа жыл шынында бақыт әкеледі ме, әлде өзін - өзі алдаушылық па?
блог
Жақында жаңа-жыл емес, жаға-жұл басталады. Масайған жұрт бір-бірінің жағасын жұлады. Білесіз, ол – 1 қаңтар. «Исаның туған күні» деп христиандар бекіткен мейрам. Бірақ Исаның туған күнін солардың өздері де нақты білмейді. Алла Тағала "Өз құдіретін білсін!" - деп, барлық өсімдік, шөп атаулы сарғайып кеткен қақаған қыста шыршаны жап-жасыл кейпінде қалдырған. Сол шыршаны шайтан ой салып, адам баласына өз қолымен кескізіп, жаңағы «туған күнге» пайдаланған. Оны кескізудегі мақсат – Алланың шеберлігімен жыл он екі ай жасыл кейпін сақтайтын шыршаға қаскүнемдік жасау. Шайтан жылына 6 миллиард шырша кестірсе де шыршаны жоя алмайды. Бұл – Алланың құдіреті. Біле-білсеңіз, шайтан өш алуға белсеніп кіріскен. Аспаннан төмен ағып түскен метеорид періштелерден ақпарат ұрлап қашқан шайтандарға атылған оқ еді. Ал «хлопушка-салют» - соған қарсы ойлап табылған шайтани қару. Қытайлықтар уды бізден алып, содан «хлопушка» жасап, сыртын орап, жылтыратып өзімізге кері сатады. Жаңа жыл қарсаңында осы бизнестен Қытай мемлекеті 2 миллиард доллар шамасында пайда түсіреді. Ал біздің әумесерлер сол «хлопушкамен» экологияны бұзып, улы түтініне өздері тұншығып шаттанады. Ұрпағын алдау-арбаудан шаршамайтындар шыршатой кезінде не жасамайды дейсіз? Бір ғажабы, осы «мейрамның» насихаты өте күшті. Теледидарға үңіле қалсаңыз, бүтін әлем тек шыршаның төңірегінде, Аяз атаның айналасында жүргендей сезіледі. Жоққа нанып, өтірікке мәз болған бір жұрт. Тәтті торттың үстіне шырақ шаншып, сол шырақты бала-шағасымен жабылып, күшеніп үрлейді келіп. Ақыры өшіріп тынады. Ал соның қандай ишара екенін ойлап көрдіңіз бе? Ол дегеніңіз, лағынеті шайтанның: «Бақытты, тату-тәтті, шалқыған шаңырағыңның отын осылай өшірем!» - дегені емес пе?! Сұмдығы сол, осы жаман әрекет қазақтың той-томалағында алдымыздан жиі шығады. Бұл Жаңа жыл ешқашан ішімдіксіз өтпейді. Арақ-шарап судай төгіледі. Жаңа жылда сұм-сайтан саясаткерлер экономикасының қалай айналатынын кім біледі? «Бал маскарад» киімдері, мерекелік маскалар, сан қилы шампан сусындары, қызылды-жасылды жылтырақтар, жыпылық шамдар, жарылғыштар сияқты, санасаң сан жетпейтін теңге жалмағыш «одноразовый» тауарлар сауданың «сәнін» кіргізеді. Егер соларды сатып алсаңыз, сіздің де соған үлес қосушылардан болатыныңызды ұмытпаңыз! Яғни, садақаға сараң бола тұра, бөтеннің мерекесін тойлап, ысырап амалдарға жол бергеніңіз үшін Алланың алдында сұраласыз. Бұл мейрамды дәріптеп, жыр-тақпақ айтқандарға Аяз ата сыйлықтар береді. Анығында, Аяз ата емес, баланың ата-анасы тәтті сыйлықтарды өздері дайындап қойып, бейкүнә, аңқау сәбилерге Аяз ата арқылы бергізіп, баланы сәби шағынан алдап, өтірікке үйретеді әрі Жаңа жылға ынталандырады. Мемлекет бойынша қазақ бүлдіршіндеріне жасалып жатқан ең үлкен қиянат - осы. Өтірікпен тәрбиеленіп өскен балаларға өкпелеудің өзі артық? Алланың бізге берген нығметі қандай еді? Жаратушының берген сыйы кіп-кішкентай бір көзге әлемдегі барлық рахат атаулы теңесе ала ма? Егер Алла емес, Аяз ата беретін болса, осы мейрамды дәріптеп жүрген шетелдіктер неге осы уақытқа дейін біздің жердің байлығына құмар? Мұнайды Аяз аталарынан сұрап ала салса қайтеді? Қазақ елінде шаруасы қанша? Біздің елде жыл сайын 31-желтоқсан түнінде «Махаббат тәлкегі» дейтін орыстың мәдени-көргенсіз фильмін көрсету әдетке енді. Осы күні жұрт бұл киноны көру былай тұрсын, атын естуден жалықты. Орыстардың өзі азар да безер. Сол кинодан тек біздің телеарналар басшылары ғана жалықпаған сияқты. Фильмнің мәтінін бұл күнде бәрі біледі. Сыраға сылқиып тойып алып, есінен алжасқан сүмелек айдың аманында басқа қалаға ұшып келіп, тұрмысқа енді шығайын деп жүрген бір бойжеткен қыздың оңаша үйіне келіп топ ете түседі. Ары қарай сол үйде «махаббаттың тәлкегі» басталады. Ойлап қараңыз, ішімдік ішушілерге, басқа қалаларға баруға қолы жетпей жүргендерге, оңаша үйді аңсайтындарға, әйелдерінен шаршап жүрген әумесерлерге рахат кино емес пе? Бойжеткенді Ипполит деген жігітінен айырып, ал өзі үйіндегі сарғайып күтіп отырған қалыңдығынан ажыраған маскүнем-ақымақтың бізге қай жері үлгі?! Ең сорақысы, қазақ-орыс бірлесіп шығарған «Махаббат тәлкегі» деген атауымен және бір фильмді жасап шықты. Бірақ ол кинода режиссер қазақтың қызын орыстың астына салып берген. Неткен қорлық?! Әттең… Жаңа-жылды орыстардың өзі «Қаралы күн» (траурный день) деп атаған. Осы «мереке» күні қанша адам араққа мас болып, жанұясының берекетін алып, ұрып-соғып жәбір көрсетеді? Қанша кісі жол апатынан өліп, қанша бала жарылғыштан өрт шығарады? Қанша араққор аязға үсіп өледі? Қаншасы зина жасап, қанша қыз зорланады? Бір-біріне өкпелеген махаббаттар дарға асылып қорланады, қанша жас қырғын төбелестен көз жұмады, ұрлық жасайды, қаншасы сотталады? Қысқасы, зұлымдық атаулының бәрі дәл осы күні өршіп кетеді. Соны есептеген сарапшы-эксперттер бұл күнді «қырғын күні» - деп атаған екен. Төменгі есеппен, әлем бойынша осы «мейрам» күні жарақаттанғандарын санамағанда, 1 миллионнан астам адам көз жұматын көрінеді. Сондықтан, осы сәтті Ібілістің әскері асыға күтеді. Бірақ бұл күн – Алланың қаһарын туғызатын күн. Сондықтан мейірімсіз мейрамға алданып, миғұла маймылдың әрекетін жасаудан сақ болыңыз! Одан да бұл күні көп намаз оқып, сансыз истиғфарлар айтып, елдің тыныштығын тілеп, ғибадаттан бас алмаған абзал!
© Тұрар Шапқара