Жаңа жыл. Ирония судьбы...

Жаңа жыл жақындап қалды... Әр адам жаңа жылдан жаңа бақыт, жаңа табыс, үміт, тілек, армандарының орындалуын күтеді, ниеттенеді. «Ирония судьбы» сынды романтикаға толы фильмдерді көріп алып, бір ғажайыпқа сенеміз де жүреміз. Бір арманымыз орындалса, басқа ештеңенің қажеті жоқ деп ойлаймыз. Кейін оған да қол жеткізіп, басқасын қажет етеміз, әйтеуір әрдайым көңіліміз бірдеңеге толмай жүреді.

«Бақытты болғың келсе – бола сал» депті ғой бір ғұлама. Айту оңай болғанымен, іске асыру неткен қиын десеңші. Жалпы, бақыттың өзі бір сәттік сезім сияқты, баянды болуы екіталай. Алайда, бәрібір соған ұмытыламыз, күнді батырып, таңды атырамыз, тағы сол бір ғажайыпты күтеміз. Ертең бәрі жақсы болардай, ертең басқа күн туардай, ертең бақытты болып кететіндей...

Жаңа жыл – позитивті мереке ғой. Өзіңіз ойлаңызшы, бәрі бір сәтте тілек тілеп, қуанып, шаттанып, үміттенеді. Қаншама жақсы ниеттер ағылады. Бәрінің тілері – бір бақыт, жанның тыныштығы. Мұның астарынан басқа пиғыл көретін адамдарға таң қаламын. Алайда, оларды түзеп, олардың ойларымен алысу да менің жұмысым емес. Елдің бәрі біздің айтқанымыздай, біз ойлағандай жүретін болса, бәлкім баянды бақыт сол болар ма еді?..

Бірақ біз қоғам деген ортақ үйде өмір сүріп жатқандықтан, елдің пікірімен, ортақ ережемен өмір сүреміз. Ел тойлаған мерекені тойлаймыз, ел ішкен ішімдіктерді, ел жеген тағамды жейміз. Осылайша өміріміз жалғаса береді. Бағана айтып өткенімдей, бақыт деген бір сәттік сезім ғой. Сондай сәттер көөөөөөөөөөп болсын! Ал қалған кезде өмір зырғып өте береді ғой...



Бөлісу: