«Жаңа әліпбидің қажеттігі қарып ауыстыруда емес»

Лингвистикалық сұқбат 1

 

Қазақ әліпбиін  өзгерту туралы дау сап тиылды. Деседе, Қазақ әліпбиін өзгерту мәселесі өзекті екенін қоғам мойындап отыр. Осы байланыспен Қазақ әліпбиін дамыту саласында өзінің ерекше  ұсынысымен көзге түсіп жүрген, қазақ тілін білу деңгейін бағалау стандартын әзірлеуге қатысқан лингвист Серік Ерғалимен сұқбаттасудың реті келді.

 

 

Жаңа әліпбидің маңызы – қарып ауыстыруда емес

 

Кәзіргі кезде тіл тақырыбының өзекті де, маңызды мәселесінің бірі – қазақ әліпбиі. Бұл мәселенің шешімі әбден кешігіп, жұртты жалықтыра бастады. Бұқара негізінен биліктің шешімін күтіп отыр. Алайда, өзіңіз секілді азаматтар бастамамен ауық-ауық шығып қоғамға әліпбидің өзектілігін жария етумен келеді. Жаңа әліпби тұжырымдамасын да жарияладыңыз.Сонда қазақ әліпбиі қаншалықты маңызды әрі өзекті мәселе? Бұл сауалға қысқаша ғана қазақ тілінің әлі күнге төл әліпбиі жоқ деген уәжбен жауап беруге болады. Бұған дейін қазақ әліпбиін латындандыру мәселесін қойып жүрген бірқатар азаматтар, бұл мәселенің түпкі байыбына бойламай келді. Бұл мәселені 2005 жылдан бері басқаша қойумен келетіндердің қатарындамын: қазақ әліпбиінің қарыпын латындандырудан бұрын, күн тәртібіне қазақ әліпбиін жасақтап, емлені реформалауды мақсат ету керек. Дәл осы ұстанымды белгілі қазақ фонологы, филология ғылымдарының докторы Әлімхан Жүнісбек те ұстануда.

          Егер біз қазақ орфографиясы мен орфоэпиясының орыс тілінен қаншалықты айырмасы жоқ екенін және бұл мәселенің тілімізге қаншалықты залалы барын ұқсақ, онда көзіміз – қазақ әліпбиі деп жүрген кәзіргі әліпбидің қазақ тіліне қатысы шамалы екеніне анық жетеді. Сонда әңгімені қарыпқа емес, маңызды нәрсе болып табылатын әліпбидің мазмұнына назар аударар едік. Қысқасы, қазақстандық қазақтар қолданып отырған кәзіргі әліпби  қазақ тіліне арналған емес, ең әуелі орыс тілін аман-есен жазуға ыңғайланған әліпби екендігіне көз жетіп отыр. Осы әліпбимен біз 70 жыл бойы иттесіп келеміз. Өз тілімізді өгей тілдің жазу үлгісіне салып, өзге тілдің әлеуетін меңгерумен әуреміз. Бұл ақуалды неғұрлым созған сайын, тілдің қауқарын әлсірете түсетінімізді неге сезбейміз?!

          Шын мәнінде, қазақ тілінде сауатты жазып, барынша өз тілімізге жуық әліпбиді қолданып отырған қытайлық қазақтар екеніне көз жіберетін уақыт болды. Олар Ақмет Байтұрсынұлы дәйектеген төте жазумен өмір сүруде! Сондықтан да олардың тілі қытайшаға тәуелді емес, ал біздің тіл орысшаға бейім әрі соған барынша тәуелді. Тәуелді болғанда жазбаша да, ауызша да. Ақаңша айтқанда, біз «ит» деп жазып, «доңызды» оқып жүрміз! Әрі кеткенде 28 дыбысқа 42 таңбаны арнап, басымызды шыр айналдырып, тілімізді барынша күрделендіріп, емленің «есін тандырып», өзіміз де, өзге де шошитын халға жеттік. Мәселен, орыс тілі арқылы енген шетелдік сөздердің барлығы орыс тілінің орфографиясымен жазылып, сол тілдің орфоэпиясымен дыбысталып жүргеніне мән бермей отырмыз. Бірақ қазақ тілінде орыс тілінің заңдылығымен шетелдік сөздерді тұтыну турасында бір де бір ереже жоқ. Сонда бұл тіліміздің грамматикасының осал тұсы емес пе? Сонда заңсыз түрде өгей тілдің ережесімен қазақ тілі неге отырып-тұрады? Бұдан артық әліпбиге негізделген тіл мәселесі өзекті бола ма?! Қысқасы, кәзіргі әліпби қазақ тілінің емес, орыс-қазақ тілдерінің ортақ әліпбиі. Дүние жүзінде екі тілге ортақ әліпби бар дегенді естідіңіз бе? Ендеше бір мемлекеттің тілі болып отырған қазақ тілінің төл әліпбиі қашан және қандай болуы керек деген мәселені төтесінен қойып, оған ғылыми әлеуетті жұмылдыратын уақыт болды ғой. Себебі, жыл сайын 1-сыныпқа барған мыңдаған қазақ бүлдіршіндер өз тілін өгей әліпбимен оқуды қолға ала берсе, не болады? Оның нәтижесі кәзір де біліне бастады: сабақтан тыс кездегі қалалық қазақ мектептеріндегі қарым-қатынас орыс тіліне көшуде. Ал, мұғалымдардың тілінің шұбарлығына қарап, «шалаказахский языктың» ожақ-бұжағына жеткенімізге көз жетіп, көңіл тұнжырайды.

Ақмет Байтұрсынұлы емлесіне қалай қарайсыз, неге сол емлені жалпыластырмасқа? Ол кісінің арапқарыпты төте жазу әліпбиін түзгеніне быйыл – 101 жыл. Былтыр бір ғасыр болды. Бұл қазақ халқы тарихындағы айтулы оқиға. Бірақ оны атап өтерлік арынды қыймыл болмады. Ең болмаса сол оқиғаның құрметіне әліпбиімізді түзеп аларлық шешім қабылдаған жөн еді...

          Кәзіргі 42 әріптік әліпбиден орыстың артық әріптерін алып тастасақ, 100 жыл бұрынғы Ахмет атамыздың емлесіне қайтып ораламыз. Алайда, оған біздің кәзіргі тілдік орта сәйкес емес, бір ғасыр бұрынғы қазақтілді ортадан бүгін әлдеқайда  басқа лингво-орта қалыптасты. Кәзір «вагонды»  - таза қазақша бәгөн, «Васяны» - Уәсиә деп жазып көрші, қазақстандық қазақтар түтіп жеуге әзір.

          Оның үстіне кәзіргі қазақ тілі әлемдік терминологиямен кірікті, тіл өгей дыбыстарды қабылдап, оған жазуды икемдеп жіберді, емле жағдайы күрделенді. Мұның бәрін ескермей, тілді әсіреұлтшылдау - бір ғасырға кейін шегінумен бірдей, тілді тұтынушылар оны қабылдай қоймайды. Бір жағынан тіл – үнемі өзгерісте болатын жанды ағза, соны ескеруіміз керек. 100 жыл бұрынғы емлеге  біз орала алмаймыз.Ол қытайлық қазақтар арасында  мүмкін де, орыстық емлені сіңіріп, лингвистикалық деформацияға ұшыраған қазақстандық қазақтар үшін мүмкін емес.

          Алайда, Байтұрсынұлы емлесі бүгінгі қазақ тілінің жазуына іргетас болғаны рас, енді соның қабырғасын қырнап, түзеп, қайта қалайтындай жағдайдамыз. Соңғы 25-30 жыл бойғы қазақ емлесі сөздің қандай нұсқасы бұқараның жазуында қалыптасса, соны заңдастыруға негізделген. Яғни орфографиялық сауаттың жүгені түрулі кетіп отыр. Емленің теориясы жазу машығына тәуелдене түскен. Міне, осы ақуалды қолға алу керек. Сол үшін де Байтұрсынұлы емлесінің өзін болмаса да тұрғысын (принципін) қайта қолға алғанымыз жөн болар еді.

 

Сұхбаттың жалғасы бар.

 

Әңгімелескен - Бейсен Ахметұлы.



Бөлісу: