«Бишимбаевтың бәлесі», «топан судың тасуы, бес аумақты басуы», «намыссыз әке, көкек ана», «әлсізге әлімжеттік», «сырттағы соғыс» тағысын тағы үтірің тоқтаса да таусылмайтын түршігерлік тақырыптар. Жаңа заманға аяқ басқалы, көзімізді ашқалы көріп келе жатқанымыз осы. Түршіккенің былай тұрсын кей сәт пендешілікке салынып түңіліпте кетесің. Сондағы жаныңды қажайтыны Шахановша айтқанда «Қанатына жан шошынар қару тиеп қаралы, Біздің дарын ғасырымыз қайда асығып барады?» деген ой ғой. Расымен, қазір қарынның ашқанына емес, қадірдің қашқанына қынжыламыз. Ертоқым қажайды деп жаны ашып жылқыға жайдақ мінген жүрек, қазір қалай адам құнын құнсыздандырып қарап отыр? Неде болса бір жерден шикілік кетті. Әйтпесе осынша деңгейге дейін адамдық болысымызды қара дақ күйдірмесе де күйелеуі күмәнді. Осы ой маған маза бермей Алтайдан Атырауға, Арқадан Алатауға дейінгі атырапты мекен еткен қарға тамырлас қазақтың болмысына тереңнен үңілуге әкелді. Төрден төртінші тұрып билік жүргізбесем де тілшілік тіршілікпен тізгендегелі отқан тақырыбымның түйінін тарқатайын:
Өткенімізді білмей болашақты болжай алмаймыз сол үшін ғайыптан тайып қалмас үшін тарихқа бір көз жүгіртіп ғылымның дамуына шолу жасайық. Бұл тақырып төңірегіндегі біраз мәселені ашу үшін Санжар Керімбайдың «Қуыскеуде» кітабын көмекке алдым. Еркіндігі ессіздікке ұласқан заманды он жетінші ғасыр ғылыммен тоқтатты. Бұл заманнан бастап мәңгілік шындықты құбылмайтын сандармен ұстап алу дәстүрге мықтап енді. Ессіздікті есепке құралған МАТЕМАТИКА ғасыры қолға алды. Есік қағып он сегізінші ғасыр келді. Адамзаттың табиғат күштерімен бетпе бет жекпе жекке шығып жатқан кезеңі. Жаратылыстың жұмбағын шешуге арналған ХҮІІІ ғасыр ФИЗИКА ғасыры аталды. Он тоғысыншы ғасыр Дарвиннің теориясынан кейін БИОЛОГИЯ ғасырына айналды. Құдайды жоқ деп құртқан қубас пенде жиырмасыншы ғасырды АТОМ дәуіріне айналдырып, адамзат басына төнген үлкен қатердің себепкері болды. Бұдан қорытынды «Ғылымды дін мен мәдениет жетекке алмаса оданда қауіп бар» деген ой шықты. Осы бірінен кейін бірі тізбектелген даму бағыты жиырмасыншы ғасырда біраз өзгерді. Өткен ғасыр қазақты тамырынан біраз ажыратты. Міне әңгіме қайда жатыр.
Сол ғасырдың он алтыншы жылынан қазаққа ұлт түгіл, адам ретінде қарау қапыда қалды. Жиырма екіде қазақы болмыстың күл талқанын шығарып, баланы «Ленин біздің бабамыз» деп сайратқан КСРО құрылды. Бұл бізідң мемелекет үшін Кеңестің Социалистік Республикалар одағы болмады Кері-тартпа Саясатты Ретімен Орындау болды. Бодандық босағасында үш жүз жыл жүрсек, келмеске кеткен кеңестік кезеңнің кісенінде жетпіс жыл болдық. Осылай рухани болмыс, ұлттық құндылықтан бойымыз біраз алшақ қалды. Бұның кесірін біз әлі күнге көрудеміз. Бүгінгі аянышты хәл, соқыр жанымыздың басты себепкері осы. Өйткені біз ол кезде тілден де, ділден де мәдениеттен де мақұрым қалдық. Сол үшін ел ішінде «КСРО қазақ халқының дамуын жүз жылға тежеді» деген сөз бекер айтылмайды.
Енді бұның бүгінгі көрінісіне тоқталайық. Осы орайда, Санжар Керімбайдың «Мәдени майданындағы» мына ойды нысанға алайын: «Адамның бәсін өзге мақұлықтан артық ететін бір қасиеті бар. Ол саналы болмысың айналасын ақылмен тануы және ақылдың күшімен өзінің ой-санасын бақылап, ой ағысында жүріп жатқан ойлану құбылысын саналы түрде сараптап тұруы. Бұл үлкен мұғжиза саналады». Қайтсе оның сергек санасы мүлгіп, жануарлық деңгейге құлап кетпейді? Жауабы мынау: Кез келген пенде ҚҰДАЙ алдында, АР алдында, ХАЛЫҚ алдында жауапкершілік арқалауы керек.
Күнәдан пәк, жаманнан ада періште сәби өмірге келді. Бірінші сәбиге не істейміз? Әрине, ат қоямыз. Сәбилі болмақ түгілі, тұрмысқа шыққан адам емеспін, бірақ ескіден қалған есті сөздер жадымызда. Тарихқа шолу жасағанда айтқанымдай, біздің өзеніміз ұлттық ағыстан сәл теріс ағуда. Әйтпесе, бауыр еті баласына болмашы есімді трендтен қалмау үшін қойып несі бар. Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы айтпақшы «Адамның аты-иттің кличкасы емес, сол үшін атты абайлап қою керек». Жақында болған лекцияда білікті лекторымда осыны «Адамның есіміндегі әр әріптің энергиясы бар» деп айтып еді. Оның үстіне баласына жақсы ат қою ата-ананың баласының алдындағы Алла бекіткен ақысына кіреді.
Қош, есті есім қойдық. Енді балаға тәрбие беру басталады. Дін алдында, ел алдында, ар алдында адал болуға тәрбиелеу керек. Бұған жасына қарай бесік жыры, ертегі, батырлар жыры, қиссалардың атқарар орны ерекше. Отбасымен бірге білім беру ошақтары осы қызметтерді қалай атқаруда? Айталық, Ұлттық Статистика Бюросының мәліметіне сүйенсек елімізде қазір 7 880 балабақша, 3 224 мектепке дейінгі шағын орталық бар. Онда ұзын саны 965 мыңнан аса бала тәрбие алуда. Сол миллионға жуық баланың ең құрмағанда жүз мыңының болмысына ұлттық құндылықтар сіңіріліп жатыр ма? Олар ұят, жаман, обал дегеннен қаншалықты хабардар? Торсығы тәрбиемен толысқан болса, бесіктен белі шықпай жатып бүлдіршіндердің жолдасын аяусыз жұдырықтағаны несі? Жаныма жиырманың бірі ұрғаннан қатты бататыны, қалған он тоғызының араша түспей қарап тұруы. Бұғанасы бекіп, буыны қатып үлгермеген бүлдіршіндердің жүрегі қай уақытта қатып үлгерген?
Бүгінде мектеп табалдырығында жеті мыңнан аса оқушы білім алуда. Оның барлығы оқулықпен қамтамасыз етілген бе? Ал сол қамтамасыз етіліп жатқан кітаптардың сапасы қаншалықты сын көтереді? Тәуелсіздік таңы атқалы отыз жылдан асты бірақ бұл сала әлі аяғын ақсақ басуда. Бұл жайлы егемендік тілші Азамат Есенжол: «Бұрын елімізде оқулық жазудың өзіндік мектебі болғанын білеміз. Оның басында айтулы ғалымдар, білікті мамандар тұрды. Солардың жазған оқулықтарымен қаншама ұрпақ білім алып, арман жолына қанат қақты. Қазір сол бір қалыптасқан мектептегі сабақтастық үзіліп қалды ма? Әлде уақыт талабына сай оқулық жазу күрделене түсті ме? Авторлардың біліктілігі қандай? Осындай сан сауал бізді ғана емес, оқырмандарымызды да ойландыруда» дейді. Сауалдың жауабын Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының директоры Елдос Нұрланов «Бүгінде 1-11 сынып оқушылары 700-ге жуық оқулықты пайдаланады. Оларды 20-дан аса баспа үйінің авторлық ұжымы әзірлеген. Сондықтан оқулыққа көңілім толады немесе толмайды деп кесіп айту қиын. Бізде сапалы оқулықтар мен білікті авторлар да баршылық. Кейбір оқулықтарды жетілдіре түсу керек екенін де түсінеміз. Қолымыздан келгенше осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз» деп берген. Мәселені мамандар шешуге әрекет етіп жатыр екен. Біз тек жабулы қазан жабулы күйінде қалмай, нәтижесін көруге тілекшіміз. Дегенмен мектептегі жағдайды оқулықтағы олқылықтан нашар деп кесіп айту қате. Қазір ұлттық кодты бойға сіңіруде ұстаздар қауымының ерен еңбегін жоққа шығара алмаймыз. Бүгін біраз мектепте түрлі үйірмелер мен шаралар көптеп ұйымдастырылуда. Оған қоса, биыл ұлттық киімді дәріптеп бастаған мектеп ұжымдарының тренді баршамызды тәнті етті.
Мектеп қабырғасында алған тәрбиесі ЖОО барған кездегі желкедегі жетекшісі болады. Бұл кезеңде ізденіс пен энергияға толы кезең. Егер кішкентайынан қазақы тәрбиеге уызы жарыған сәби болса өмірдің бар кезеңінен сүрінбей өтеді. Өмірлік жарын кездестіріп, отызында орда бұзып, қырқында қамал алады. Иә, біз естіп өскен ертегідей бақытты да баянды ғұмыр кешеді. Бұл ағаштың биік өсуінің басты себебі тамырының тереңнен нәр алғанында.
Бірақ, әркімнің өмірі әр түрлі екенін естен шығармаған жөн. Сол үшін, мысал ретінде бойындағы рухани құндылықтан жұрдай боп өскен баланың жағдайына тоқталайық. Оның тағдырмен тіресі бала кезінен басталады. Әлсізге күш көрсетуге ұмтылады. Жолдасын жерге жыға салу ол үшін түкте емес. Бұл мінезін мектеп табалдырығын аттаған соң да қоймайды, я орынсыз содыр болады, я мінезсіз ынжық болады. Қиындық атаулының «Қ» сын көрмей өмірден түңіліп, бақимен қоштасуға амал жасайды. Солай мектеп бітіріп жоғарғы оқу орнына түседі өмірден ол баланы сындыру оңай. Не жұмыста жолы болмайды. Алған жарын алақанда ұстай алмайды, аманатына қиянат жасайды. Не болмаса шаңырағы ортасына түсіп, екеуі екі жаққа кетеді. Сөйтіп жасы қырыққа келеді. Ақыл есі орнында болса Қоянбаевтың «Қазақша бизнес Бразилияда» фильміндегі Жомартындай орта жастағы күйзелістен құтылудың жолын іздейді. Ақылында ақаулық болса біреудің Салтанатының ғұмырын қиып қатігездік қылады. Бұдан туған балада бұл кейіпті айналып келіп кешеді.
Осындай олқылық салдарынан еліміз ажырасу бойынша екінші орында. Жыл сайын 800-ге жуық адам отбасылық зорлық- зомбылықтан көз жұмады. Ең сорақысы, inbusiness сайтының статистикасына сүйенсек Қазақстан әлем елдері арасында 5-14 жас аралығындағы балалардың өз-өзіне қол жұмсау көрсеткіші бойынша тоғызыншы, 15-29 жас аралығындағы азаматтардың "өліммен ойнау" көрсеткішінде төртінші орында тұр. Қорқынышты статистиканың бұл бір бөлігі ғана. Сол үшін атам қазақ «Ел болам десең бесігіңді түзе» деп бекер айтпаған. Бұны оң жаққа өзгерту сіз бен біздің қолымызда. Бақытсыздық тізбегін тоқтатқыңыз келсе адалдық бәйгесіне атыңызды қосыңыз жеңсеңізде олжалысыз, жеңілсеңізде олжалысыз!
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Журналистика факультетінің
3-курс студенті
Жетекшісі: Рушанова Н.Б
аға оқытушы