Жан қалауым!

Жан қалауым!
жеке
блог

Шынымды айтсам, өзімді ешқашан өзге саланың адамы ретінде елестетіп көрмеген екенмін. 1-2 рет басқа мамандықты оқуға талпынғанмын, айналып келгенде бәрібір журналистиканы оқыдым, себебі ол менің жан қалауым еді.

Бүгін журналистер күні. Мен үшін ең үлкен сыйлық-отбасымның қолдауы. Анам кітабын, әпкем қойын кітапшасын, сіңілім ручкасын сыйлап, ескеріп құттықтағандары мен үшін үлкен МАРАПАТ!

Осы айтулы күнде менің осы күнге жеткеніме себеп болған нәрселер мен адамдар туралы сыр шерткім келді.

Әлі есімде... 4-сыныпта оқитын кезім. Алғаш өлеңім (өлең деуге келмейді негізі))) «Балбөбек» газетіне шыққан. Содан «дәніккеннен құныққан жаман» деп жаза берсем, газетке шыға береді екем деп, тоқтамай жазуды әдетке айналдырдым. Өлең болса-өлең, мақала болса-мақала (ол кезде мақалам шығарма ғой))

Мен жазған сайын, аты-жөнім әлгі «Балбөбекке» басыла берді. Мен үшін үлкен БАҚЫТ сол еді. Ал алғаш қаламақымды да сол балалар газетінен алдым. 5-сынып оқитын кезімде бірнеше материалым үшін 1700 теңге қаламақы берді. Ол кезде бұл ақша өтеее құнды еді)

Мамам «журналистика қыз бала үшін емес, сенен жақсы дәрігер я математик шығуы мүмкін, соған бейімделші» деп үгіттеді. Ал папам «Жоооқ, менің қызым мықты журналист болады деп қолдай түсті. Сонымен отағасының сөзіне қарсы бола алмаған анам да бетімнен қақпады.

Сосын мен үйдің бетін көруді қойдым)) Елдің қызы сабақтан кейін резинка секірсе, мен редакция аралап кететінмін.

Бірнеше жылдан кейін «Ұланмен» дос болдым. «Ұлан» мені мектеп бітіргенше тәрбиеледі.

Алғашқы мақала, алғашқы сұхбат, алғашқы іссапар, алғашқы іскерлік кездесу, бәрін-бәрін осы кезде көрдім.

«Ұлан» мені талай абзал жандармен, ардақты достармен таныстырып, табыстырды! Үлкен мектеп  болды! «Ұлан» маған Сұлтан Қалиұлы, Алма Үмбеттегі, Тұманбай Молдағалиев, Есей Жеңісұлы, Құл-Керім Елемес, Бағдат Мәжитұлы сынды аға-әпкелердің мектебінен өтуіме мүмкіндік берді. Нұрлан Құмардың әңгімелерін қызыға оқушы едім.

11-сыныпта бірнеше рет құбылдым. Күз айларында журналистикаға тапсырам деп әдебиет пәнін таңдап жүргем, қыста менеджмент пен маркетингті оқығым келді де, географияға ауыстым. Көктемде халықаралық қатынастарға тоқтадым да, ағылшын тіліне дайындалып жүрдім. ҰБТ-дан кейін құжат тапсыруға келгенде бір бүйрегім бәрібір журналистикаға бұрып тұрды.

Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне «түрік квотасымен» оқуға мүмкіндік алғанда еш ойланбастан кете бардым. Жырақта деп өкінбеймін. Онда да жақсы-жақсы ұстаздардың алдынан өтіп, мектебін көрдім.

Теориядан сабақ берген Сейдолла Садық, Бекжігіт Сердәлі, Асхат Сәдібеков, Әтіркүл Тәшімова, Әлия Білдәбекова есімді ағай-апайларымды ерекше атап өтер ем) Ал Әбіш ағай фотоға түсірудің қыр-сырларын, Нахан ағай монтаждың тәсілдерін үйретсе, эфирдегі қателіктерімді ерінбей түзеуге тырысқан Нұриддин ағай студияда өзінше тәрбиеледі. Ал Қуандық Оразбекұлы мақала жазуға үйретті.

Универде оқып жүргенде жылда бір ай практикаға барамыз, мен төрт жыл бойына Халықаралық «Түркістан» саяси апталық газетіне бардым. Бас редакторы Шәмші ағадан бастап, Жаңабек ағай, Дидахмет аға, Көлбай аға, Есенгүл, Динара, Гүлзина, Нәзия әпкелерімнен көп нәрсе үйрендім.

Универді әне-міне бітірер шақта «Қазақ үні» газетінде жұмыс істедім. Ұжымы жоқ, шағын ғана редакция болса да, сол кездегі редактор Мыңжан Байжаниннен өзіме қажетті көп нәрсені ала алдым. Ол кісінің тәжірибесі менің көп жерде көзімді ашты.

Бір жылға жуық Республикалық «Болашақ жасар» қоғамдық-саяси жастар газетінде жұмыс жасадым. Бұл басылым маған кәдігідей мектеп болды. Жастарға не қызықты, не толғандырады, қандай мәселелері бар, деген сияқты үнемі ізденіс үстінде жүруге дағдыландырды. Алғашқы зертеу мақалаларымды да осы басылымда жүріп жаза бастадым. Ең бастысы бұл басылымда шығармашылық еркіндік болды. Сол үшін жақсы көрем «Болашақты».

Ал қазір телеарнаға ауысқалы жатырмын. Бірақ мұнда ел мақтаған, жұрт жақтаған нағыз майталман журналист аға-әпкелер бар. Олардан да көп нәрсе үйреніп жатырмын, әлі де аларым көп деп ойлаймын. Былтыр ғана бітірген, ештеңе білмейтін жас маман үшін енді ғана басталып жатқан журналистика жолы әзірге тек қуаныш сыйлауда. Қиындығы болса да, қашпаспын! Өйткені, журналистика -менің жан қалауым!

Бүгінгі айтулы күнде қазақ журналистикасына аянбай еңбек етіп жүрген барша аға-әпкелерімді төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Жазарлары көбейсін, айтарлары таусылмасын!