ЖАН АҒАМ ЕДІ...
блог
Көктен бір жарық жұлдыз құлап түсті... Аға, сіз «өмірден өтті» дегенді естігенде көз алдыма келген сурет осы болды... Ар жағы есімде жоқ, айғайлап дауыс салып жылап алдым... Болды, сосын жасымды сүрттім де, өзіңізді көз алдыма елестетуге тырыстым. «Аман жүр, күнім!» – деген сөзіңіз дәл құлағымның түбінен естілгендей болды осы сәт... Кеуде тұсым өртеніп сала берді... Енді ешқашан сіздің дауысыңызды естімейтін болғаным ба...
Сізді ойлағанда тек әдемі әрі нысанаға дөп тиетін мергеннің оғындай әзілдеріңізді есіме алғым келеді. Еріксіз езу тартқызатын сол әзілдеріңіз бен бірқақпайларыңыз уақыты келгенде апамның қаламы арқылы маржандай әріптермен ақ парақтың бетінде моншақтай тізіледі әлі... Алла нәсіп еткен күні әрі сағыныш, әрі еске алу, әрі немерелеріңізге мұра, әрі сізді жақсы көретін жандарға ескерткіш ретінде кітап болып ұсынылады бұйыртса...
«Қалың қалай, күнім? Жұмысың қалай? Асқар аман ба?». Мейірлене сұрайтынсыз. Әр жолы осылай. Апам шайға шақырғанда да сол мейіріммен орын нұсқайсыз. Кейде нанға май жағып беретінсіз. Сондайда өзімді кішкентай бала сезінуші едім. «Алсаңшы, кәмпит жесеңші», – деуді де еш ұмытпайсыз... Көл-көсір көңіліңізге мәз болатынмын... Дастарқанның басында әңгімелесіп ұза-а-ақ отырушы едік кейде...
Ал апаға айтуға батпайтын сөзімді сізге еркін жеткізетінмін... Ондай кезде «телефонды ағам көтерсе ғой» деп тілейтінмін. Ал тұтқаның ар жағынан сіздің дауысыңыз естілгенде «Бақытжан аға, бұл мен Айгүлмін ғой», – дейтінмін қуанып. «Танып тұрмын ғой»...
Бір жолы «ренжідіңіз»... «Дауысыңнан танимын ғой, сен осы үйдің қызы емессің бе» дедіңіз зілсіз ғана...
Кетіп бара жатып міндетті түрде үйдің терезесіне қарайтын едім. Сіз балконнан қол бұлғайтынсыз. Ал кеш қайтқан күні үйге жеткен соң, звондауымды қадағалап тапсыратын едіңіз. «Асқардың бетінен сүй» дегенді де ешқашан ұмытпайтынсыз...
Сіз жайлы кө-ө-өп жазар едім... Өлім атты «жаратылыстың бұлтартпай бұғаулайтын тұзағы» (Момышұлы І) жанымды жаралап, тілімді байлап тұр. Кеудемдегі жара әлі толық жазылған жоқ...
Өзіңізге белгілі, бізге беймәлім әлемге кеткеніңізге қырық күн болады. Сағынып еске аламыз. Мұңайған сәтте тағы өзіңіз «құтқарасыз», аға. Сіздің тауып айтқан сөздеріңізді жарыса айтып, жадырауға тырысамыз... Сіз мені азғана уақытта тәрбиеледіңіз. Сіз кеткеннен кейін де сол ұлағат, сол өнеге, сол мейірім жалғасуда. Елмұрат, Әділ, Абай (сіздің рухани інілеріңіз) ағалар, Несібелі, Клара жеңешелер арқылы сіз сол жылылықты, сол мейірімді қалдырып кетіпсіз, аға. Осыған шүкіршілік етем. Бетімнен Ержан ағам сүйіп қарсы алады. Ал кетерде бар ғой, ол мұны ұмытып кетсе, сыртқа шыға сап жылап аламын. Осы кезде мынандай «қулық» ойлап таптым. «Мен кеттім» деп айтқаныммен жүрі-і-іп алам. Ержан ағам шығарып салмайынша!.. Аға, сіздің орыныңызды біртіндеп Ержан ағам басатынын білем, сезем. Тек оған да уақыт керек екен. Ал апамды ешқашан ренжітпеуге, жалғызсыратпауға уәде беремін, аға!
... Көшеге шыға салып терезеге көз салу әдетке айналғалы қа-ша-а-ан! Сіз көрінбейсіз бірақ... Кеуде тұсым біз сұққандай шаншып кетеді сол сәтте... «Үнемі халықпен бірге бол, халықтың жолымен жүргін. Халықпен, қазақпен бірге болсаң, жалғыздық көрмейсің, халықтың жолымен жүрсең, адаспайсың» деген әке өсиетін бұлжытпай орындадыңыз. Оған дәлел – қалың қазақтың қабырғасы қайысып, қазаңызға шын қайғыра білгендігі. «Кетеріңде өзгелер жылап, өзің ризашылықпен қуанып кететіндей істе...» деген әке аманатына адалдығыңызды да көрсетіп кеттіңіз.
...Көктен бір алып жұлдыз құлап түсті. Айналасына жарығы мен жылуын шашып... Ал күндер өткен сайын сол жарық жұлдыздың жол көрсетіп тұратын шамшыраққа айналғанына көзім жете түседі. Ол шамшырақ СІЗСІЗ, аға...