ЖАМБЫЛ – ХАЛЫҚ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ АЛЫБЫ

Биыл Жамбыл Жабаевтың туғанына 28 ақпанында 175 жыл толады. Жыр алыбы Жамбыл Жабайұлының ақын ретінде ерекшеліктері қандай десек, Жамбыл жай ақын емес – эпикалық ақын, импровизатор ақын, жауынгер ақын. Жамбыл – айтыскер ақын, айтыс өнерінің шыңында тұр. Оған өнердегі ұстазы Сүйінбай бабамыздың ықпалы зор болған. Жамбылға жан-жақтылық тән. Сегіз қырлы, бір сырлы ақын. Жамбыл – абыз жырау, аузы дуалы, сөзі киелі ақын, жыршы, домбырашы, күйші. Жамбыл өлеңді домбыраға қосып шығаратын. Жамбыл – мейлінше күрделі құбылыс. Жүз жасаған ақын - Жамбыл Жабаев халық поэзиясының алыбы ғана емес, ол халық поэзиясы арқылы қазақ халқын да әлемге танытты. Әлемнің 70 мемлекетінде Жамбыл өлеңдері жарық көрді. Жамбыл жырлары бұрынғы Кеңес Одағындағы 100-ден астам ұлттар мен ұлыстардың тілдеріне аударылған.

Заманымыздың классик жазушысы, атақты Мұхтар Әуезов «Жамбыл – ақыл ойдың алғыры, өзгеге ұқсамайтын дара, оқшау бет-бейнесімен аса зор құбылыс. Оның бірі, әрі эпик-ақын, әрі айтыс-ақыны, әрі азаматтық әуеннің де ақыны» деп бағалаған еді. Қырғызстанның халық жазушысы Шыңғыс Айтматовтың айтуынша: «Жиырмасыншы ғасырымыздың аса әйгілі ақыны шын мәнінде аты аңызға айналған замана жыршысының өткір де асқақ үні – бір ғана қазақ халқы емес, осы күнгі түркі тұқымдас бардық халықтар поэзиясының арсеналындағы ең озық игілік болып отыр. Мен бұл пікірді бар сеніммен айтамын».

Ол бала кезінен өзінің қатарларының бәрінен де көп әндерді, қызықты және көңілді ертегілерді білетін, малшылардың, асау тұлпарларды үйрететін жылқышылардың жанында жүргенді жақсы көретін. Жамбыл атақты ақын Сүйінбайдың шәкірті болды. Ол көп жылдар бойы ұстазымен бірге жүріп, оның айтысын тыңдап, ақындық шеберліктің тәжірибесін үйренді. Ұстазы оған "Сенің өлеңдеріңе тек санаулы адамдар ғана емес, бүкіл халық құлақ түрсін. Сенің өлеңдерің кеудеден емес, жүректен шықсын", - деп батасын берген. Жамбылдың шығармашылық өміріне терең із қалдырған өміріндегі маңызды оқиға – Шөже және Шашубай ақынмен кездесуі болды. Асан Қайғы туралы айтылған аңыздар кейінірек Жамбылға «Өтеген батыр» поэмасын шығаруға шабыт берді. Жамбыл Жабаевтің шығармашылығында «Сұраншы батыр» поэмасы үлкен орын алады.

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Жамбыл Мәскеу мен Ленинград қалаларына арнаған өлеңдер шығарды. Ленинград қоршауында қалғандар 1941 жылғы Жамбылдың қала тұрғындарына жолдаған «Ленинградтық өрендерім» атты өлең жолдауын ешқашан ұмытпайды. Халықтың рухын көтеруде ерекше күші көрінген Жамбылдың орыс тіліне аударылған бұл жыры Ленинградта радио арқылы таратылып, онда плакаттар түрінде жарияланды. Жамбылдың жолдауы үйлердің қабырғаларына және бүкіл қаланың дүкендерінің терезелеріне ілінді. Ленинград халқын және оның жауынгерлерін жігерлендіруде өте зор қызмет атқарды. Жамбыл ақынның жалынды жырлары халықтың өз күшіне, жеңісіне деген сенімді, табандылықты жүрегіне құя білді.

Жамбыл ақынның шырқау биікке көтерілген кезі ХХ ғасырдың 30-шы жылдарының екінші жартысынан бастап, 1945 жылы маусым айында өмірден өткен уақыты аралығы. Жыр алыбы өмірінің осы тұсы мынадай айтулы оқиғалармен байланысты: 1936 жылы қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеуде өткен онкүндігі, 1938 жылы Жамбыл шығармашылығының 75 жылдық тойы, осы жылдың қысында Грузия еліндегі Шота Руставели мерекесіне сапары, онан соң Ұлы Отан соғысы жылдары ақынның патриоттық отты жырлар толғауы.

Міне, жақында Жамбылдың туған күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев Алматы облысына келіп, Қарасай, Жамбыл аудандарындағы бірқатар мәдени нысандарды аралап кетті. Мемлекеттік хатшы Жамбыл ауылында орналасқан Жамбылдың әдеби-мемориалдық музейінде болып, ақынның мұрасы, 175 жылдық мерейтойын атап өтуге туған жерінде қолға алынған дайындық барысы сөз болды.

Қырымбек Елеуұлы музей жанында журналистерге берген сұхбатында, «Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен өткен аптада Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған іс-шараларды ұйымдастырып, өткізу үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Келесі аптада комиссияның бірінші отырыс болады. Бүгін біз Елбасы мен Президент тапсырмасының шеңберінде, Алматы облысының басшылығы, мәдениет министірлігі бәріміз осында келіп, Жамбыл атамыздың басына тәу етіп, ниетімізді білдіріп, осы іс-шаралардың алғашқы қадамын жасап отырмыз. Ұлттық рухани жаңғырудағы ең бірінші еске түсетін тұлғалардың бірі Абай Құнанбайұлы мен Жамбыл Жабаев. Олардың өшпес мұраларын ұрпақ жадында жаңғырту парызымыз», - деді. Сол жерде, ақпанның 28-інде Жамбыл атамыздың туған күні екенін білесіздер, - деп ескертіп те қойды.

 

Ажар ЕСЕНБЕКОВА,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универсиеті

филология және әлем тілдері факультетінің студенті

 

Ғылыми жетекшісі: Сабырхан СМАҒҰЛОВ,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универсиеті оқытушысы

 



Бөлісу: