Жалынды жырды ту етіп ұстаған қаһарман ақын...

Жалынды жырды ту етіп ұстаған қаһарман ақын...
жеке
блог

З. Қабдолов: «Махамбет! Бұл есім – өмірдегі қасіреттің синониміне, өнердегі қасиеттің символына айналған аса аяулы әрі ардақты есім. Көзі ашық, көкрегі ояу қазақтың бір де бірі бұл есімге бейтарап қарай алмайды».

Бар қазаққа ортақ трагедия 1846 жылы Орынбор қазақтарының батыс бөлігінің билеушісі сұлтан Баймағамбеттің патшаға адал қызмет етуге берілгендігін дәлелдеу үшін «бүлікші» Махамбетті өлтірудің жоспарын жасағаннан басталған. Б. Айшуақов атақты ақынның өзін тірілей қолға түсіріп әкелген адамға патша ақшасымен 1000, ал басын кесіп әкелген адамға 500 сом төлейтінін жария етеді. Мұндай қылмысты жүзеге асыратын адамдарды да таба білген. Қаруланған 15 адам бір күнде Махамбет отырған айдаладағы киіз үйге ойда-жоқта сау ете түседі. Оның ішінде тама руының старшыны Ықылас Төлеев, беріш руының Есенқұл бөлігінен Жүсіп Өтеулин, сондай-ақ Жаңаберген Боздақов, Төрежан Тұрымов және Махамбеттің туысы Мұса Нұралин болған. Бір деректерде Ақжайық өңіріндегі бұл қанды оқиға 1846 жылдың 20 қазанында болған десе, Махамбетті зерттеген жазушы Әнес Сарай: «Ақынның қаза тапқан күні 19 қазан», - деген тұжырым жасайды.

Қараойда болған сол бір сұмдық оқиғадан соң хаттама тол­тырылған. 1846 жылы 21 және 22 қараша күндері Орынбор шекара комиссиясы оқиғаның қалай жасалғанын анықтайды. Сол жылғы 15 қарашада жазған Баймағамбет сұлтанның Махамбет өлімі туралы №1355 рапорты тіркелген. Сонымен қатар осы істе тағы бір рапорт бар. Ол – 1846 жылы 31 қазан күні Орынбор бойындағы қазақтардың попечителі Редь­кин­нің жазған рапорты. Ол Махамбеттің екі әйелінің айтқан деректері негізінде жазылған. Ақынның екі әйелі қылмыстық оқиғаны бастан-аяқ өз көздерімен көреді. Бұл бағалы да нақты, шынайы құжат.

Редькиннің рапорты бойынша: «Махамбет үйіне келген 15 адамнан тұратын қарулы топ әуелі үйде отырған. Олар әдейі дау туғызу үшін үй иесіне адай руындағы белгілі адам Мауыттың төрт атын ұрлап алдың, соны қайтар немесе құнын төле деп талап етеді. Махамбет ұрлық жасамағанын, өзінің ешқандай кінәсі жоқ екенін және ешкімге бірдеңе беруге міндетті емес екендігін мәлімдеген. Содан соң күтпеген «қонақтар» оған өздерімен бірге жүріп, Б. Айшуақовтың ставкасына барып, тікелей сұлтанға өзінің кінәлі еместігін дәлелдеуі тиістігін талап етеді. Махамбет ондай ұсыныстан бірден бас тартқан. Сол кезде дау басталады. Махамбетті күшпен алып кетуге тырысқан. Ақын бой бермейді. Олар алысып-жұлысқан күйінде киіз үйдің сыртына шыққан. Осы жерде Баймағамбеттің жіберген жендеттері Махамбетке жабыла кетеді. Бір сәтте М. Нұралин Махамбеттің қолдарын қапсыра ұстай алған. Сол кезде Ж. Өтеулин қылышпен тас төбесінен ұрады. Махамбет басы қан жуған бойы жерге құлаған. Қанды топ Махамбеттің басын кесіп алады. Ат байлайтын ағаштың түбінде Махамбеттің денесі қалған. Үстіндегі киімінің дал-дұлы шыққан, басы жоқ. Қызыл қаны топыраққа шапшып аққан өлі денені құшақтап, жылап-еңіреп бала-шаға, әйелдері қала береді. Осы кезде үйден қашығырақ жерде тұрған өзге жендеттер сандықтарды ақтарып, ақша мен заттарды тонап алып кеткен. Сегіз жылқыны, төрт түйені де ала кетеді. Ақынға қастандық жасалған уақытта Махамбеттің қасында оның інісі Х. Өтемісұлы мен досы Б. Шөкеұлы болған. Қарулы топ оларды да тұтқындап өздерімен бірге алып кетеді».