Жалғыздықтағы ой

Жалғыздықтағы ой
жеке
блог

Осы  сәтті   қанша  күттім  десеңші...Бала кезімдегідей тым еркін , уайымсыз. Бәрібір... Маған бәрібір. Дәл осы сәт. Бүкіл әлемді ұмытқан сәт. Жерде тұратыңды ұмытатын сәт. Адам екеніңді ұмытатын сәт. Естеліктерді, қорқыныштарды, күмән мен реніштерді ұмытатын сәт. Адамдарды ұмытатын сәт. Тек өзім ғана бармын. Қайда екенімді білмеймін.Бірақ бұл мен үшін ең жайлы мекен.Жұмақтай.

1 сағат өтті. Не?! Мен қайта бұрынғы қалпымдамын. Бәрі бұрынғыдай. Әне , тағы да сол мәселелер. Адамдар, жаңалықтар, сөздер... Жаңа ғана сезінген тыныштық қайда? Маған бәрібір деп ,қолды бір сілтегендегі керемет сезім қайда? Болғаны ма?! Мен осы сәтті жыл бойы күттім емес пе ? Сонша тез аяқталғаны қалай? Тоқта ! Дұрыс! Осылай болуы тиіс . Маған бұл сәт, осы көңіл-күй тек жылдар салып, аз ғана уақытқа берілуі тиіс. Менің жүрегім бар емес пе? Мен осы өмірде бар адаммын. Маған әлгі сәттен мың есе  артық күй кешіп, миллион есе бақытты болу үшін осы өмірдің бір билетін – кеудемдегі жанды берді. Адамдар. Қалайша ұмытпақсың. Олардың бірнешеуі жүрегімнен орын алып үлгерді ғой. Ал естеліктерді ше? Ол осы билеттің ең бақытты ,не ең ауыр жерлеріне апарған сәттер. Өкпе-реніш? Міне , мұны ұмытуға болады. Бұл артық. Бәрінен шаршаған кездерде ол сәтті қайта бастан кешкім келеді. Мен бәрін ұмытып кетер ем. Шіркін , сол сәт мәңгілік болса ғой...  Мәңгілік... Мәңгілік пе? Жооқ! Сірә ,мәңгілік ұйқыға кеткендей болар... Одан да  маған  «маған бәрібір» болмай-ақ қойсыншы. Осылай-ақ  жалғыз өмірімді сүре берейін.Ол менде біреу ғана ғой...