«Жалғыздық - мұң... Ауыр мұң...»

«Жалғыздық - мұң... Ауыр мұң...»
жеке
блог

Массагетті сағынғаны бар, «Қыздың жолы жіңішке» деген ол бар, Айнұрдың жауаптары бірінші жарияланып отыр енді ), сонымен, «Сырлы сұхбат алаңының» қонағы - Жәлиева Айнұр.

Сәлем, сәлем, массагеттік достарым! Қалайсыздар? Массагеттен жырақтағалы бірнеше айдың жүзі болыпты, тек арасында ұялы телефон арқылы қарап отырамын қызықты мәліметтерді. Агент арқылы «Сырлы сұхбат алаңында қонақта – Сіз» деген хабарлама алып қуанғаным бар, артынан үлкен жауапкершілігін сезінген соң ұйқы бұзылды ). О басында басқа сұхбаттардың кешігіп жатқанын байқағанда, өзіме «Менің кезегім келгенде кешіктірмейтін болам» деп уәде беріп ем, сол уәде қайда десеңші... Өздеріңізден кешірім сұрай отырып, қойылған сұрақтарға жауап беріп көрейін:

Тастай қараңғылық әлде жалғыздық, қайсысы қорқыныштырақ?

«Өмірде өлімнен кейінгі қорқынышың не?» десе, «Жалғыздық» дер едім. Жалғыздық – тек өз ойыңмен қалған сәтте ғана бір көмегі болады,  ойлану үшін, қандай да бір шешімге тоқталу үшін серік бола алар, ал басқа кезде ол – мұң. Ауыр мұң дер едім. Құдай сол жалғыздықтан сақтасын бәрімізді.

Виртуал қаншалықты шынайы деп ойлайсыз? Онлайнда танысқан адамның өмірде басқаша болып шығуы екіжүзділік пе?

Интернет, агентке алғаш келген кездері мен тура солай ойлайтынмын. Онлайнда басқаша, кездесіп, сөйлескенде басқаша түрге енетіндерді түсіну қиын көрінетін. Уақыт өте келе осы ойдан арылуға тырыстым, себебі, өмірде түрлі мінез бар, адамдарды өзің қалай қабылдасаң, сондай жауап болатынын ұқтым.

 «Жүзуді үйрету үшін қолмен ұстап, демеу керек емес, қайта суға итеріп жіберу керек екен»-мыс. Меніңше, бұл – қамқорлықтан гөрі қатігездік. Сіз қалай ойлайсыз?

Қамқорлық дегенмен де, қатыгездік дегенмен де келісем. Алдымен қамқорлық танытып, үйрету арқылы кейіннен өзіне сеніп үйренсін деген ниетпен қаталдық таныту керек те шығар. Бұл әдіс біреуге емес, өзіңе қамқор болуды үйрететін болар.

 «Қыз кезінде бәрі жақсы, жаман әйел қайдан шығады?»

Қазақта қызға қатысты тыйымдар өте көп. Соның бірі – «Қызға қырық үйден тыйым». Қыз бой жетіп, етек-жеңін жинай бастаған сәтінен бастап анасы оған қалай сөйлеуді, жүруді және өзін-өзі ұстау мәдениетін үйретер болса, болашақта одан жаман келін шықпасы анық. Жалпы, жеке өз басым, адамдарды «жақсы», не «жаман» деп бөлмей, бәріне тең көзқараста болғанды жөн санаймын.

 

 

Әскерге барғыңыз келе ме?

Егер заңды түрде мүмкіндік болса, неге бармасқа?! Барар едім. Әскери қыздардың формасына қызыға қараймын.

Сөмкеңізде жүретін үш нәрсе?

1) Дұғалар кітапшасы

2) Блокнот – онда керекті дүниелерді өзіме түртіп жазып жүрем.

3) Ылғал салфетка

Ұстанымыңыз қандай?

Бала кезімде атамнан естіген сөзді әркез жадымда ұстаймын: «Кең болсаң – кем болмайсың» деген халықтың даналығын ұмытпа, балам!» деп үнемі айтып отыратын.

Әлемнің қандай қалаларын аралап көргіңіз келеді?

Барлық қаласын... Қазақстанымның қалаларынан бастап ары қарай кете бересің ғой сосын. )

Кішкентайыңызда кім болсам деп армандап едіңіз?

Мұғалім. Кішкентай кезімде ауладағы балаларды жинап алып өзімше «Апай» болып ойнайтынбыз. Кейінірек, жеті жасымда алғаш ауруханаға түскен кезімде дәрігер болуды армандап кеттім. Сол кездегі арманым: «Өмірде ешқандай сәби ауырмаса екен, оларды тез емдеп, үйлеріне қайтарсам екен». Әлі де осы арманның жетегінде келем, бұйырса, орындалып қалар...

Қандай асты сүйсіне жейсіз, қандайын ерекше дайындай аласыз?

Мантыны ерекше сүйсініп жейтіндей етіп дайындай аламын деп айта алам. Ал, өзіме қуырылған картоп ұнайды. Оны қанша жесем де жалықпайтын асым дер едім.

Ырымға сенесіз бе?

«Сенем» деп қатып қалған ырымдарым жоқ, тек, әйтеуір бала кезден естіп келе жатқан ырымдар бар: «Тізеңді құшақтама», «Бос бесікті тербетпе», «Табалдырықта тұрма» т.б.

Массагетіктерге қандай кітап оқуға кеңес берер едіңіз?

Кітап оқуға да көп уақыт табыла бермейді, керек нәрсені көбіне интернеттен қарап оқуға тырысам. Ал, соңғы оқыған кітабым: «Бабалар аманаты». Осы кітапты оқуға кеңес берем, тәлімі мол, берері көп деп айта алам.

Жауаптардың қысқа мазмұнда болғанына ренжімеңіздер. Дәл қазіргі кезде ауруханада жатқандықтан ойларым сан-сақта шашырап жүр... Кездескенше күн жақсы болсын, достар! Сіздерге деген алғысым шексіз менің. Массагетті сүйем ғой, сүйем!

 

«Ем қабылдап жатқанына қарамастан телефонның агенті арқылы болса да әрдайым байланыста болды Айнұр, жауаптарды кешіктіріп жатқанына бірнеше рет кешірім сұрап, массагетіктердің хал-жағдайларын сұрап, жаңалықтарын біліп... Жалпы, жауапсыз емес бұл қолданушы! Алғыс!»

 

Айгерім Жаңабай мен Айжан Табаракқызына сұрақтар мына мекенжайға келіп түсіп жатыр: saltanat-kz@inbox.ru